Мәдениет және өнер саласының үздіктеріне құрмет көрсетілді

(Дауыстар: 1)
Мәдениет және өнер саласының үздіктеріне құрмет көрсетілді

Кеше Өскемендегі Шығыс Қазақстан облыстық драма театрында мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының өткен жылды қорытындылаған алқа отырысы өтіп, мәдениет және өнер саласының қызметкерлеріне ШҚО әкімінің жыл сайынғы сыйлығы салтанатты түрде табыс етілді. Алқа отырысына облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов қатысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Алқа отырысына жиналғандар ең алдымен облыстық драма театрының фоэсіне қойылған «Еркін елдің кемел тұлғалары» атты көрмені тамашалады А.Пушкин атындағы облыстық кітапхана ұйымдастырған бұл көрмеге қазақ хандығының басында тұрған Керей мен Жәнібектен бастап тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуы мен дамуына, оның рухани әлемінің түлеуіне үлкен үлес қосқан тұлғалар туралы құнды кітаптар шоғырланған екен.

Осынау келелі жиын мәдениет пен өнердің дамуына ерекше үлес қосқандарға Шығыс Қазақстан облысы әкімінің жыл сайынғы сыйлығын табыс етіп, марапаттаудан басталды. Нұрымбет Сақтағанов ШҚО әкімі сыйлығының әдебиет ісі бойынша берілетін аталымын алдымен Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, көптеген роман мен повестердің авторы, облыстық «Дидар» газетінің бұрынғы қызметкері Мүсілім Құмарбекке табыс етті. Сондай-ақ, хореография ісі бойынша берілетін облыс әкімінің сыйлығына Өскемен қаласындағы «Үміт» балалар үйінің жоғарғы санатты хореографы Нұргүлсім Марубекова ие болса, режиссура бойынша облыстық драма театрының режиссеры Айдын Салбанов, халық шығармашылығын насихаттау ісі бойынша Қайсенов кентінің Ұлан аудандық мәдениет үйінің қызметкері, қолөнер шебері Амангелді Смағұлов, клуб ісі бойынша Семей қаласындағы «Шамшырақ» зағип және нашар көретін азаматтар клубының директоры Марат Әлиасқаров және тағы басқалар марапатталды. Бұл жолы да театр, музыка, би, бейнелеу өнері, мұражай, клуб, кітапхана ісі, әдебиет, халық шығармашылығын насихаттау, режиссура секілді 10 аталым өз иелерін тапты.

- Құрметті облыс әкімі сыйлығының иегерлері, қадірменді қауым! Облыс әкімі Даниал Ахметовтің атынан бүгінгі жеңімпаздарды шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Мәдениет және өнер саласы бүгінгі таңда қай елдің болмасын дамуының идеологиялық тұтқасы деп айтуға болады. Адам рухани бай болмаса, керемет жетістікке жетіп, биікке шықпайды. Сол секілді руханиятқа көңіл бөлмейтін мемлекет те экономикалық тұрғыдан дами алмайды. Сондықтан сіздердің жұмыстарыңыздың, жасап жатқан істеріңіздің маңызы өте зор. Өйткені еліміздің экономикалық дамуы мен мәдени дамуы өте маңызды. Осыған байланысты мемлекет те қаншалықты экономикалық қиыншылықты бастан кешсе де жыл сайын мәдениет саласына бөлінетін қаржыны ұлғайтып отыр, - деген Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары биыл да бұл салаға қомақты қаржы бөлінгенін атап айтып, алқа отырысына қатысушыларға ізгі лебізін білдірді.

Алқа отырысында алғашқы баяндаманы облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы Раушан Нұрмұханова жасады. Оның айтуынша, өткен жыл өңір үшін айшықты мәдени оқиғаларға толы болыпты. Өйткені, елімізде Қазақ хандығының 550, Ұлы Отан соғысының 70, Ұлы Абайдың 170 және Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ата Заңымыздың 20 жылдығы кеңінен аталып өтті. Осынау атаулы мерекелерге байланысты аймағымызда да үлкен шаралар ұйымдастырылды. Өткен жылы облыс бойынша 500 мың адамды қамтыған 4500 мәдени шара өткен. Олардың арасында облыстық «Жас қанат» байқауы, «Ақ Ертіс» халықаралық классикалық музыка фестивалі, облымызда тұңғыш рет өткен ХХІІ республикалық театрлар фестивалі және тағы басқа да мәдени шаралар бар.

Мәдениет және өнер саласының үздіктеріне құрмет көрсетілді

Жалпы, өңірдің мәдениет саласына 2011-2015 жылдары аралығында барлығы 26,0 млрд. теңге бөлінген көрінеді. Бүгінгі таңда мемлекеттік клуб мекемелерінің 80 пайызы қанағаттанарлық деңгейде болғанымен, облыс бойынша мәдениет нысандарының 3 пайызы апатты жағдайда, ал 8 пайызы жөндеуді қажет ететін көрінеді.

Алқа отырысында Раушан Нұрмұханова облыстағы кітапханалардың, театр және концерттік ұйымдар мен музейлердің, ескерткіштерді қорғау жөніндегі мекемелердің, мұрағаттардың жыл бойына атқарған жұмыстарына жеке-жеке тоқталып өтті.

Сондай-ақ, бюджеттен тыс қаржы көздерін тарту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Баяндамашының айтуынша, қосымша қаржы көздерін қарастыру, әсіресе, әлемдік дағдарыс дендеп тұрған кезде өте қажет көрінеді. Десе де өңірімізде мемлекет қазынасына қол жая бермей, демеушілер есебінен де руханияттың жоғын түгендеп, жыртығын жамап отырған мекемелер бар екен. Атап айтсақ, Пушкин атындағы облыстық кітапхана бес жыл бойы АҚШ елшілігінің грантына ауқымды жобаларды іске асырып келе жатса, Семейдегі Невзоровтар атындағы бейнелеу өнері мұражайы да ПРООН-ның қолдауымен ұлттық өнерді дамытуға бағытталған фестивальдарды ұйымдастырыпты.

Биыл да мәдени шаралар легі толастамақ емес. Биыл ел тәуелсіздігіне 25 жыл толмақ. Аталып өтетін мерейлі мерекелер қатарында Әлихан Бөкейхановтың 150, Қайым Мұхамедханов пен ағайынды Абдуллиндердің 100 жылдығы да бар. Сонымен қатар биыл Солтүстік Қазастан облысында Шығыс Қазақстанның күндері, Р.Есдәулет атындағы жастар театрларының фестивалін, дәстүрлі ән орындаушылардың Ә.Найманбаев атындағы республикалық байқауын өткізу де жоспарда бар.

Сонымен қатар, алқалы отырыста облыстық мемлекеттік мұрағаттың директоры Т.Түсіпбеков, «Тарихи-мәдени мұраны қорғау бойынша облыстық мекеменің» директоры Т.Сүлейменов және Үржар ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Андасова сөз алып, өткен жылғы атқарған жұмыстары мен алдағы міндеттері туралы баяндама жасады.

- Алда көп жоспарларымыз бар. Басқасын айтпағанда алдымызда Португалия мен Испанияда халықаралық фольклор фестивалі, сәуір айының басында Ақтөбе қаласында халық аспаптар оркестрінің халықаралық фестивалі өтпек. Қазір соған әзірлік үстіндеміз, - дейді Семейдегі Ә.Қашаубаев атындағы филармония директоры Адай Азаматов.

Мейрамтай Иманғали
Источник: Altaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар