Гір іздегендер көбейіп барады

(Дауыстар: 1)
Гір іздегендер көбейіп барады

Соңғы уақыттары интернет кеңістігінде ескі спорттық гір тастарын сатып аламыз деген хабарландырулар қаптап кетті. Бағасы арзан емес, 100 мың мен 1 млн. теңгенің айналасында, тіпті одан да қымбат баға ұсынып отырғандар бар, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Бұл жолғы тауар ескі «Зингер» тігін мәшинелері, немесе, «ЗИЛ» тоңазытқыштары емес. Ескінің көзін іздегендер бұл жолы 16, 24, 32 келілік кәдімгі спорттық гірлерге назар аударыпты. Сатып алушылардың да тауарға қоятын өз талаптары бар екен. Табаны жайпақ, яғни, қай қырымен түссе де құламайтын, сосын міндетті түрде кеңес заманында жасалған болуы керек.

Сонда сатып аламыз дегендердің мақсаты не? Бұл жерде спорттық мақсаттан гөрі, ақша мәселесі алдыңғы орында тұрғаны анық. Бірақ шойыннан немесе темірден құйылған добалдай ескі дүниенің кімге қажеті бар?

Осыдан бірнеше жыл бұрын немістің «Зингер» тігін мәшинесін сатып алушыларда да есеп болмаған. Аңызға сәйкес, оның да инесі аса бағалы металдан жасалған. Тағы бір құрылғылары палладийден құрастырылған деген сияқты қауесеттер ел арасына көп тарап, 1917 жылға дейін шыққан тігін мәшінкесінің бағасы күрт көтерілгенін білеміз.

Тоңазытқыш саудасы да осыған ұқсас еді. Ақша табудың алуан жолын меңгерген алаяқтардың бірі ескі дүниеден құтылу үшін халық арасына жалған хабарландыру таратты делік. Ары қарай іс қаржы пирамидасы принципімен жалғаса береді. Халық қармақты қапқан тұста алаяқтар да көппен бірге ескі дүниелерді алғашқы болып арзан бағамен сатып ала бастайды. Жарнама, пиар, ел арасына қауесет тарату сияқты «өнерді» ерекше меңгерген айлакерлер баға күннен-күнге өсіп, мыңдаған долларға жетіп жығылып жатқаны туралы ақпараттарды үдете түседі. Ауылдағылар қалаға сабылып, қаладағы пысықтар бірінен-бірі сатып алып шулап жатқан тұста, жоба авторлары арзанға алған қоқысты байлық қуған бәтшағарларға біртіндеп өткізе бастайды. Арғы жағы белгілі - «іс бітті, қу кетті».

Әрине, алғашқы лекпен үйіндегі ескі-құсқыны сатып жібергендер пайдаға кенелері анық. Ал алыпсатарлықпен айналысып, ақша қуған делдалдар ойын аяқталар тұста түкке жарамайтын темір-терсекті құшақтап қалуы әбден мүмкін.

Өскеменнің тұрғыны ОLX.kz сайтына ескі гірді 1 млн. 750 мың теңгеге сатамын деген хабарландыру орналастырыпты. Телефон шалып көрдік. Александрдың айтуынша, қызығушылық танытып жатқандар бар екен. Алушылардың көбі тауарды видеоға түсіріп жіберуді өтініпті.

- Бұл гірдің ішінде алтыннан қымбат палладий атты металл бар дейді. Сол үшін де қымбатқа сатамын, бағасы - 1 млн. 750 мың теңге. Алам десеңіз, сәл арзандатайын, - дейді «құнды жәдігер» иесі.

Ал Гүлнұр есімді хабарландыру беруші үйінде екі бірдей гірдің тұрғанын айтты. Бағасы 100-150 мың теңгенің айналасында. Гүлнұр болса хабарландыруды жаңа ғана орналастырғанын, соның өзінде телефонында маза болмай тұрғанын, келіп көреміз дегендердің көбейіп бара жатқандығын айтты.

Шығыс Қазақстан блыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Торғаевтың айтуынша, бұл әккі алаяқтардың кезекті бір қойылымы болуы мүмкін.

- Ескі тоңазытқыштар төңірегінде нақты бір заң бұзушылық оқиғалары тіркелген жоқ болатын. Біз дегенмен, қарапайым халықты ескі заттарды жинап жүрген пысықтардан сақтандырғымыз келеді. Қазір ақпараттық технологиялардың дамыған заманы. Түрлі смс хабарламалар, интернет арқылы жалған хабарландырулар жариялап, жұрттың басын қатырып жүргендер жетерлік. Қазақта: «Бұл не деген батпан құйрық - айдалада жатқан құйрық?» деген сөз бар. Оңай олжаға қызығып, байлық қуып жүрген делдалдар түптің-түбінде жиған-тергенін тозған темір-терсекке айырбастап, түксіз қалуы мүмкін. Біздің ойымызша, өткен ғасырда құрастырылған тоңазытқышта, немесе гірдің ішінде қандайда бір құнды металдың болуы тіптен де мүмкін емес. Бұл халыққа арнап жасалған кәдімгі қарапайым тұрмыстық бұйым екендігін ескеруміз қажет. Сол себептен де алаяқтар әрекетінен сақ болуға шақырамын, - дейді баспасөз қызметінің жетекшісі Бақытжан Торғаев.

Дарын Нұрсапаров
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар