Емдеуде инновациялық технологиялар тиімді пайдаланылады

(Дауыстар: 1)
Емдеуде инновациялық технологиялар тиімді пайдаланылады

Кеше Өскемендегі №1 қалалық аурухананың акт залында Шығыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының өткен жылғы жұмысын қорытындылап, алдағы жоспарларын нақтылауға арналған алқа отырысы өтті. Жиынға ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Жиын барысында Шығыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Вадим Овсянников баяндама жасап, жиналғандарды өткен жылдың қорытындыларымен таныстырды. Жалпы, былтыр аймағымыздың денсаулық сақтау саласында бірқатар оң өзгеріс орын алған-ды. Бірінші кезекте бұл әлеуметтік маңызы бар аурулардан көз жұмған адамдар санының азаюына байланысты.

- Облыс басшылығының тапсырмасына сәйкес, 2015 жылдың басынан бері өңір жұртшылығы арасында аса қауіпті дерттермен аурудың алдын алуға қатысты кешенді ісшаралар қолға алынған болатын. Осының нәтижесінде облысымызда бір жыл ішінде онкологиялық аурулардан қайтыс болғандардың үлесі 6,8 пайызға кеміген. Сол сияқты сәби өлімі де анағұрлым, дәлірек айтсақ, 9,7 пайызға азайды. Аймақта сонымен қатар, қан айналымы жүйесінің ауруларына шалдыққандар арасындағы өлім-жітім мөлшері 3,8 пайызға төмендеген, - деді басқарма басшысы.

Жиында белгілі болғандай, аймақтағы туберкулезге қатысты эпидемиологиялық жағдай да біршама оңалған. Атап айтқанда, былтырғы он екі айда туберкулезбен ауыратындардың саны бірден 16 пайызға кеміген екен.

Вадим Овсянниковтың айтуынша, бүгінде облыстың денсаулық сақтау саласында инновациялық технологиялар қарқынды енгізілуде. Дәрігерлер ауруларды дер кезінде анықтап, емдеуге көмектесетін жаңа аппаратуралармен, заманауи құралжабдықтармен жұмыс істеудің қырсырын меңгеріп келеді.

Осының арқасында 2015 жылдың өзінде ғана 1 300-ге жуық жерлесіміз облыс аумағынан шықпай қажетті медициналық көмекке жүгінген. Мәселен, 340 адамға жүрекке ашық ота жасалыпты.

Сондай-ақ, былтыр аймақтағы медициналық жәрдемнің қолжетімділігін қамтамасыз етіп, сапасын жақсарту мақсатында тұңғыш рет Call-орталық құрылып, жұмыс істей бастады. Бүгінде аталмыш байланыс орталығының қызметіне жүгінушілер саны күн санап артып келеді екен.

- Өңірде өткен жылы денсаулық сақтау саласына қарайтын 10 нысан пайдалануға берілді. Оның ішінде облыстық қан орталығы, Өскемен қаласындағы оңалту орталығы, Семейдегі жедел жәрдем стансасы сияқты ірі медициналық нысандармен қатар, кішігірім ауылдық амбулаториялар да бар. Қазіргі уақытта өңірімізде бірінші рет радиологиялық кластер құрылып жатқанын айрықша атап өткім келеді. Бұл кластер онкологиялық ауруларға шалдыққан науқастарға көмек көрсетумен айналысатын барлық медициналық мекемені біріктіретін болады. Бұл кластердің көмегімен біз қатерлі ісік дертімен ауыратындарға толық көмек көрсете аламыз, - деді Вадим Овсянников.

Тағы бір ерекше атап өтуге тұрарлық жайт, облысымызда аймақтық онкологиялық диспансер жанынан ядролық медицина корпусы салынуда. Бұл жерде болашақта радиоизотоптық диагностика мен радиойодтерапия бөлімшелері жұмыс істейтін болады. Осы арада радиойодтерапия бөлімшесі еліміздің басқа ешбір өңірінде жоқ екенін атап өткен орынды.

Алдағы уақытта осындай жаңа бөлімшелерде сапалы қызмет көрсете алатын мамандар штатын қалыптастыру үшін медициналық кадрларды шетелге, атап айтқанда, Алмания, Аустрия, Испания сияқты елдерге 6-12 айлық арнайы курстардан өтуге жіберу көзделуде.

Жиында ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омар дәрігерлер жұмысындағы бірқатар кемшіліктерді жою жөнінде тиісті тапсырмалар берді.

- Елімізде былтыр денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының уақыты аяқталғанын білесіздер. Дегенмен, бізде бұл саланы дамытудың өзге бағдарламалары жеткілікті. Сондықтан жұмыс қарқынын бәсеңдетуге болмайды. Әрине, өңірде соңғы жылдары медициналық кадрлар тапшылығы айқын сезілуде. Қазір осы мәселені шешу бағытында аймақта тиісті шаралар қабылдануда. Сондай-ақ, тұрғындарға уақтылы медициналық көмек көрсету, олардан келіп түскен арыз-өтінішті түгелдей қарап, сұрақтарға дер кезінде жауап беру жағына ерекше мән бергендеріңіз жөн. Байқағаным, бізде халықтан келіп түскен өтініштерді тіркеу жағы ақсап тұрған сияқты. Сондықтан аталмыш мәселеге жіті назар аударуларыңызды сұраймын. Бірде-бір өтініш, шағым ескерусіз қалмауы тиіс. Халықпен кері байланыс орнату үшін әлеуметтік желілердің, сайттардың, газетжурналдардың көмегіне жүгініңіздер, - деді Жақсылық Омар.

Басқосуда сонымен қатар, медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрланғазы Ыбыраев пен медициналық қызметке ақы төлеу комитеті облыстық департаментінің басшысы Болат Әлиев баяндама жасады.

Нұржан Кенжеұлы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар