Бүгінгі әйел неге шаршаңқы?

(Дауыстар: 1)
Бүгінгі әйел неге шаршаңқы?

Қазақ халқы көп жылдарға созылған жаугершілік замандарда өзіне ғана тән өмір сүру дағдысын сақтап қалу үшін ең алдымен отбасылық қарым-қатынасты мығым еткен. Отбасындағы ғана емес, қоғамдағы қарым-қатынастарды реттеуде де хатқа түсіп, тасқа басылмаса да ұлттық салт-дәстүрге белгілі бір дәрежеде ырым-тыйымдарға негізделген ұлттық моральдық этикеттер болған.

Тарихқа көз жүгіртсек, ел басына түскен алуан түрлі жағдай бұл этикеттерді ақырын-ақырын, сыналап әлсіретті. Ырым-тыйымға бағынған ол күнгінің адамы бүгінгі күннің оқыған сауатты адамына көзсіз наным-сенімнің құрбаны болып елестеуі мүмкін. Алайда, жұрттың бәрі ұстанған ырымтыйымға бойұсыну ол заманның өзіндік тәртібі еді. Ер мен әйелдің өзіндік ерекшеліктеріне сай міндет жүктеліп, сол міндет әр отбасында қалтқысыз орындалған тұста отбасы ең басты құндылық болғаны белгілі. Ол замандағы отбасылық қарым-қатынастар да бір-бірінен алшақ болмаған. Ал қазіргі отбасылардың келбеті әр қилы тіпті, мың сан түрлі десе болғандай...

Қазіргі заманда қоғамдық қарымқатынастарды реттеу көбіне заңға негізделген. Ал отбасындағы жағдай әр ошақта әртүрлі. Оны отбасы мүшелерінің әлеуметтік жағдайына, біліміне, әлеуметтік мәртебесіне тіпті, тұрғылықты жеріне қарай да жіктеуге болатын секілді. Барлық отбасыларына тән бір жайт - ер адамның отбасын асыраушы ретіндегі мәртебесі әлсіреді. Яки, бұл қызмет екіге бөлінді. Әйел адам енді тек үйде отырып, бала тәрбиелеп, тамақ жасап, үй шаруасымен ғана шектелмейді. Ол нарықтың қатал заңына бағынған қоғамның бір мүшесі ретінде, жанбағу, табыс табу ісіне араласып, ер адамның жүгін қатар арқалайды. Ер мен әйелдің психологиясына аздап үңілсек, ер адам кез келген қиыншылыққа тап болғанда белгілі бір деңгейде екінші адамның демеуіне, намысын жанып қайрап отыруына мұқтаж секілді. Ал әйел адамдар керісінше өзгеден құқай көрген сайын немесе заманнан теперіш көрген сайын өзін-өзі қамшылап, іштей ширығып тік жүруге бейім. Қазақтың «Бөрі арығын білдірмес» деген мақалы дәп осы қазақ әйелдеріне арналғандай. 1990 жылдардағы дағдарыс кезеңі көптеген отбасылардың іргесін сөгіп, біраз ер-азаматтың тұлға ретінде құнсыздануына әкеп соққаны белгілі. Тапқан бес-он тиынына ішімдік ішіп алады деген оймен әйелдердің көбі күйеулерін үйге отырғызып, өздері жұмыс істеп кетті. «Әйел теңдігін» алған тұстан бері қарастырсақ, қоғамдағы әйел адамдардың жаппай белсенуінің бір кезеңі дәл осы тоқырау жылдарына дөп келгендей.

Әйел адамға белсенді болу керек пе? Осы сұрақтың жауабын әр саланың маманына қойсақ, сан алуан жауап алатынымыз белгілі. Бірі қоғамдағы бала тәрбиесі туралы проблеманың етек жаюын осы әйел азаматтардың белсенділігінен деп ойласа, енді бірі ер адамдардың жауапсыздығынан деп түйеді. Зады қоғамға келетін зиян белсенділіктен гөрі, жауапсыздықтан туатыны хақ. Заман өзгеріп, ер мен әйелдің қоғамдағы мәртебесі қатарласып, ер істеген істі әйел адам еш кемшіліксіз атқарып жүргенімен, бағамдап, көз салған адамға әйел адамның белсенділігі өзіне жүк болғаны байқалады. Олай дейтініміз, өзге ұлттың ер адамдары секілді емес, қазақ жігіттері үй ішіндегі, бала тәрбиесіндегі бар ауыртпашылықты әлі де әйелдердің ғана ісі деп түсінеді. Түздегі ісін бөліскен өмірлік жұбының үйдегі шаруасын атқарысуға құлықсыз. Сондықтан әйелдеріміз шаршаңқы, әлсіз, ашушаң, күйгелек.

«Біз саяжайда беларусь отбасымен көрші тұрамыз. Үйлерінде бес адам. Жасы елуден асқан ерлі-зайыпты, қызы мен күйеубаласы және жиені. Сенбі-жексенбі қаладағы пәтерлерінен саяжайға келген сайын мынау ердің шаруасы, мынау әйелдің шаруасы демей таңнан кешке дейін қатар атқарады. Әйелі картоп түптеп, ері тамақ жасай береді. Күйеубаласы немересінің беті-қолын жуып, тамағын бере береді. Тамақ жасадым екен деп ері ер болудан танбайды, топырақ қопсыттым екен деп әйелі нәзіктігін жоғалтпайды. Көз алдымда сайрап тұрғасын бұл құбылысты байқамау мүмкін емес. Байқаймын, байқаған соң салыстырамын, ал біздің үйдегі кісі түзден келген соң үйдегі бізбен ісі жоқ, телевизордың алдына жайғасады. Сонымен қоймай, ұлдарына неге отын бұтамайсың, есіктің алдын неге сыпырмайсың деп ұрсады. Ойлаңызшы, жиырма төрт сағат менің қасымда жүрген баланың бойында ер адамға тән мінез қайдан болсын». Танысымның маған сыр бөлісіп айтқан бұл әңгімесі бүгінгі қазақ отбасыларының көбіне тән таныс құбылыс.

Халқымызда «Әйелдің қырық жаны бар деген мақал бар». Бүгінгі қазақ әйелі бағзы замандағыдай кесте тігіп, құрақ құрап, тон пішіп жүрмесе де әйелдік міндеттерін нарық заманның қыспағына қарамай, қалтқысыз атқарып келеді. Ал ер адамдар болса «...қырық жаны бар...» деген сөзге сүйеніп қана қоймай, әйел адамдардың белсенділігіне көп иек арта бастаған сыңайлы. Әйел адам қанша мықты болса да, батыл жігіт тәрбиелей алмайды. Ал айбынды ер-азамат қашанда ұлын жігерлі етіп өсіре алады. Бірақ айбынды болу даладағы шаруаға ғана жауапты болып, үйге келгенде бар шаруаны әйелге бөліп беру деген сөз емес...

Балауса Әбдіқайымқызы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар