«Жаңару» жобасы ауылдардағы әлеуметтік нысандарды жаңартады

(Дауыстар: 1)
«Жаңару» жобасы ауылдардағы әлеуметтік нысандарды жаңартады

Шығыс Қазақстан облысында биылдан бастап елімізде теңдесі жоқ екі кешенді жоба қолға алынып отыр. Оның бірі - ауылды жерлерде орналасқан әлеуметтік маңызы бар нысандарды жөндеу жұмыстарын жүргізуге бағытталған «Жаңару» жобасы болса, екіншісі - оқушылардың үш тілді еркін меңгеруіне арналған қанатқақты оқу бағдарламасы. ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омар осы маңызды шаралардың мақсаты мен маңызы жайында облыстық ақпараттық орталықта өткен баспасөз мәслихатында баяндады, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Бұған дейін журналистермен болған бір кездесуде Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметов тұрғындардың өмір сапасын жақсарту мақсатында ауылды жерлердегі фельдшерлік-акушерлік пункттер мен дәрігерлік амбулаториялардың жабдықталуы мен қызметін жақсартуға басты назар бөлінетінін айтқан болатын. Аймақ басшысы бөлінген қаражатты тиімді пайдалану мақсатында үстіміздегі жылы қаржыны бірнеше бағытқа жұмсағаннан гөрі, нақты проблемаларды шешуге бөлу қажеттігін ескерткен.

- Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша қабылданған «Жаңару» кешенді жобасының аясында ауылдардағы 149 мектеп пен 76 фельдшерлік-акушерлік пунктті жөндеуден өткізу жоспарланды. Басты мақсатымыз - ауылдың жағдайын, тұрғындардың әлеуметтік хал-ахуалын жақсарту. Аталмыш жобаға барлығы үш миллиард теңге қаражат бөлінсе, оның 2,2 миллиард теңгесі республикалық бюджеттен, 772 миллионы жергілікті қазынаның үлесінде, - деді Жақсылық Омар.

ШҚО әкімінің орынбасары емдеу мекемелерін заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіп қана қоймай, ауылдағы дәрігерлердің біліктілігін көтеруге де көңіл бөлінетініне тоқталды. Бүгінгі таңда Германиядағы алдыңғы қатарлы бір клиникамен қырық шығысқазақстандық дәрігердің білімдерін жетілдіру жөнінде шарт жасалыпты. Шетелде жарты жыл оқып келген мамандар кемінде бес жыл біздің өңірде қызмет етуге тиіс болады. Қазір үміткерлер анықталған, олар ағылшын тілін жедел меңгеруде. Сонымен қатар, облыста 117 дәрігер жетіспейтіні белгілі. Медицина мамандарының тапшылығы әсіресе, Өскемен мен Семей қалаларында білінеді. Облыс әкімі жергілікті әкімдерге оларға пәтер беріп, жұмысқа тарту жөнінде тапсырма берген болатын. Жақсылық Омар бұл бағытта да жұмыстар істеліп жатқанын, денсаулық саласындағы кадр тапшылығы жойылатынын жеткізді.

Шығыс Қазақстанда қолға алынбақ екінші жоба - мектеп оқушыларының үш тілді еркін меңгеруіне бағытталыпты. Жақсылық Омар шығысқазақстандық оқушылар қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білікті мамандар әзірлеген арнайы қанатқақты бағдарламамен оқитындарын айтты.

Бұл бағыттағы жұмыстар өткен жылдың мамыр айында басталыпты. Мамандар бес ай бойы жүргізген сараптамалар оқушылардың тек 56 пайызы ғана осы үш пән бойынша жақсы бағалар алғанын көрсетті. Алайда, қойылған бағалар мен балалардың білім сапасы сәйкес келе бермейтіні анықталған. Сондықтан облыстың жаңашыл мұғалімдері, Назарбаев университетінің оқытушылары және Назарбаев зияткерлік мектебінің білікті мамандарының күшімен арнайы бағдарлама әзірленіп, мектептегі оқу бағдарламасына енгізу жөнінде Білім және ғылым министрлігінің рұхсаты алынған.

- Біздің түпкі мақсатымыз - мектеп оқушыларының қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгеруіне қол жеткізу. Қазақ мектептерінде орыс тілін оқыту үшін ресейлік профессор Хамраеваның, орыс мектептерінде қазақ тілін оқытуға профессор Оразбаеваның әдістемелері, ал ағылшын тілін меңгеруге Кембридж университетінің бағдарламасы алынды. Оқу бағдарламасы 1-11 сынып оқушыларына арналған, -деп түсіндірді аймақ басшысының орынбасары.

Кешенді жобаны жүзеге асыру үшін 1,3 миллион теңге қарастырылған. Шара аясында үш мыңға жуық мұғалімді жаз кезінде екі айлық біліктілікті арттыру курстарынан өткізу көзделіп отыр. Қазір оларды өз күшімізбен даярлап жатқан сыңайлымыз. Ал жаз кезінде ағылшын пәнінің мұғалімдеріне Англиядан келген тілді тұтынушылар дәріс беретін болады. Үш жылдық қанатқақты жоба кейін республика көлемінде таратылатын болады.

Айна Ескенқызы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар