Колледж студенттері айтыстың көрігін қыздырды

(Дауыстар: 1)
Колледж студенттері айтыстың көрігін қыздырды

Семейдегі М.Төлебаев атындағы саз училищесінде тұңғыш рет облыстық колледждер арасында «Тәуелсіздік - тұғырым» атты жас ақындар айтысы өтті. Ел тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойына арнап ұйымдастырылған жыр бәсекесіне Өскемен қаласы гуманитарлық колледжінен, Глубокое аудандық ауылшаруашылық колледжінен және Семей қаласының колледждерінен жиыны сегіз ақын қатысып, өнерлерін ортаға салды.

Айтыстың шымылдығын жыр-шашумен бастаған семейлік жас ақындар Әлішер Нұрабдоллаев пен Манарбек Сатыпалдин тақырыпты тамаша жырға қосып, әріптес ақындардың қадамына сәттілік тіледі. Келесі жұптағы Өскемен гуманитарлық колледждің студенті Бағдәулет Құниязов пен Семейдің кен-барлау колледжінің студенті Әділ Қазтаев Тәуелсіздіктің 25 жылдығын тілге тиек ете отырып, жарасымды айтыс көрсетті.

Евразия техникалық-гуманитарлық колледжінің студенті Айбек Жеңісқазин мен Семей технологиялық колледжінің студенті Ернұр Құрманғалиевтың арасында өткен сөз сайысы да өте тартымды болды.

Айбек:

- Сеніменен жарысу ең керегі,
Мен сені шын жүйрікпен тең көремін.
Өрге сүйрер өнердің арқасында,
Өмірлік мамандықты меңгеремін,

- деп өзінің болашақ мақсат-мұратын сөз етсе, Ернұр да әріптесінен қалыспай:

Достықтың да алауын біз жағамыз,
Бірліктің де қамалын бұзбағанбыз.
Өнер менен білімді ұштастырып,
Тәуелсіз ел тірегі біз боламыз

- деп жарасымды да салмақты жауап қайтара білді.

Үшінші жұптың ақындары глубокоелік студент Қуаныш Шакенов пен Семейдің М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің тәлімгері Әсем Машанованың да аяқ алысы жаман емес екендігін көрсетті. Қуаныш өз ауданының ерекшеліктерін тілге тиек етсе, Әсем:

- Әлі де етек-жеңің жиылмапты,
Жағдайың мына сенің қиындапты.
Несіне ауданым деп мақтанасың,
Қазақша бір есім де бұйырмапты?

- деп орыс ауданынан келген қарсыласын сын садағына алып сынап өтті.

Соңғы жұпта сөз жарыстырған М.Төлебаев атындағы саз колледжінің студенті Низан Абылай мен Семейдің М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж студенті Ерасыл Сарсенбаев арасындағы айтыс негізгі тақырыпты жан-жақты қамти білді. Қос ақын бүгінгі ел тәуелсіздігін жырлай келе, кешегі Абылай мен Қабанбайдың сарқыты екендіктерін, осы тәуелсіздікті аңсап өткен бабалардың ізбасарлары екендігін көркем тілмен көрерменге жеткізе білді.

Абылай:
- Ақын қалай айтыста шабандайды,
Саған қарап көңілім алаңдайды.
Бір тұтам бойыңменен келіп қапсың
Сөйлеп жібер, бүгінгінің Қабанбайы,

- деп әріптесін ащы мысқылмен бір түйреп өткенде, Ерасыл:

- Маған неге көңілің алаңдайды,
Тал бойымнан тарыдай мін таға алмайды.
Қарадан хан боп шыққан Абылай да,
Хан батыр ғып сайлаған Қабанбайды,

- деп жүйелі жауап қайырып, көпшілікті тапқыр ойына тәнті етті.

Колледждер арасында тұңғыш рет өтіп отырған жас ақындар айтысы салмақты ой, салиқалы сөз жарысымен көпшіліктің көңілінен шықты. Жастарға үлкен ой салды.

Құрамына белгілі айтыскер ақын, Семейдегі ақындар орталығының жетекшісі Дәмеш Омарбаева, әдіскер-маман Динара Рақымжанова, тілдерді дамыту бөлімінің директоры Олжас Соғымбаев, тіл маманы Мейрамгүл Ақшабекова, сондай-ақ, Болат Хамзин сынды саз училищесінің режиссерлік бөлімінің ұстазы енген қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Семей техника-гуманитарлық колледжінің студенті Айбек Жеңісқазинға бұйырды. Жүлделі бірінші орынды М.Төлебаев атындағы саз училищесінің студенті Низан Абылай, екінші орынды Семей технологиялық колледжінің студенті Құрманғалиев олжалады. Ал үшінші орынды М.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің студенті Ерасыл Сәрсенбаев иеленіп, көп алдында мерейі үстем болды. Қалған жас ақындар да мақтау қағаздарымен марапатталып, заттай сыйлықтарға ие болды. Айтыстан жас таланттар рухтанып, қанаттанып қайтса, тыңдарман қауым рухани азықтанып, серпіліп қайтты.

Айтысқа тәнті болған көрермен жас ақындардың айтысын қолдап, ұйымдастырған білген облыстық білім басқармасына, облыстық техника және кәсіптік білім беру, кадрлар даярлау орталығының басшыларына, сонымен қатар, тәрбиелік мәні зор шараны жоғары деңгейде өткізіп отырған М.Төлебаев атындағы саз колледжінің директоры Серік Малаевқа ризашылықтарын білдірді.

«Жастарға рухани байлық беріп, ел ішіндегі жас таланттарды танытып, сөз нәрімен сусындататын мұндай шаралар жалғасын тауып, жыл сайын әр колледжде өтіп отырса» деген ұсыныстар да айтылып жатты.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар