Наурыз мейрамы Шығыс Қазақстанда он күн тойланды

(Дауыстар: 1)
Наурыз мейрамы Шығыс Қазақстанда он күн тойланды

Береке мен бірліктің, ынтымақ пен ырыстың бастауы болған, жаңа күннің жаршысы - Әз-Наурыз мейрамын аймақ жұртшылығы биыл дүркіретіп өткерді. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында аталып өткен айтулы мереке Шығыс Қазақстанда он күн бойына жалғасып, 22-наурыз күні Өскеменде түйінделді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Айта кету керек, алдын ала әзірленген бағдарламаға сәйкес Ұлыстың ұлы күнін тойлау мақсатында облыстың барлық елді мекендерінде салт-дәстүр мен отбасылық құндылықтарды сақтауға және нығайтуға бағытталған ұзын саны 600-ге тарта мерекелік шара өткізілді. Онкүндіктің әрбір күні «Ырыс», «Дәстүр күні», «Жаңғыру күні», «Көктем шуағы» деген атаулармен аталып, соған орай әртүрлі шаралар ұйымдастырылды. Мерекенің негізгі бөлігі 21-22 наурызда Өскемендегі орталық алаңда өтті. «Шаттық күні» және «Ұлыс күні» деп аталған бұл екі күнде облыс орталығының тұрғындары мен қонақтары нағыз той-думанның куәгері болды. Суырыпсалма ақындардың айтысы, күміс көмей әншілердің шырқаған әндері, шанағынан күй төгілген қара домбыраның үні жиналған жұрттың көңілін серпілтіп, рухын көтеріп тастады.

Наурызды атап өтуде қаладағы кәсіпорындар мен мекемелер, ұйымдар, бірлестіктер де шет қалған жоқ. Халифа Алтай атындағы облыстық мешіттің алдында ақшаңқан киіз үй тігіліп, кең дастарқан жайылды. Көпшілікке арнап наурыз көже таратылды.

- Бұл шара дәстүрімізді дәріптеп, тарихымызды тану, дінімізді ардақтау мақсатында қолға алынып отыр. Елді бірлікке, татулыққа бастайтын, ұлттық құндылықтарымыз насихатталатын Ұлыстың ұлы күнінде мешітіміздің ауласына киіз үй тігіп, айтулы мерекені атап өтуге атсалысып жатырмыз. Мұндай бастамалар ұмыт болып бара жатқан ұлттық дәстүрлеріміз бен ойындарымызды жандандыруға ықпал етері анық, - дейді ҚМДБ-ның Өскемен өңірі бойынша өкіл имамы, Халифа Алтай атындағы облыстық мешіттің бас имамы Ермек қажы Тасболатұлы.

Киіз үй төрінде мешіт қызметкерлері мен студент жастардың қатысуымен «Дін мен тарих» атты шара ұйымдастырылды. Дін өкілдері жастарға дін мен тарихқа, салт-дәстүрге, ұлттық ойындарға қатысты қызықты деректер айтып, киіз үйдің құрылысы, жасау жабдықтары таныстырылды.
Сонымен қатар мешіт қызметкерлері қайырымдылық шараларын өткізді.

Ұлттық нақышта киінген облыс әкімінің орынбасары бүлдіршіннің тұсауын кесті

Ұлыстың ұлы күні келгенде үйдің төрт қабырғасына қамалып қарап жатқан жарамас. Қазіргі қала қазағының жылдағы жақсы әдеті осы - Наурыз тойы басталса алаңға қарай ағылып, құшақтасып көрісіп, мереке қызығын бірге бөлісіп жатады.

Биыл да алаңда дүркіреген той өтті. Қаз қатар ақ отаулар тігіліп, үйлердің іші қазақы сән-салтанатпен безендірілді. Үлкен сахнада жергілікті жез таңдайлар мен мың бұралған бишілер өнер көрсетті. Арқан тарту, бағанаға өрмелеу, гір көтеру, асық ату, қол күрес дейсіз бе, неше түрлі сайыстар мен байқаулар ұйымдастырылды. Алаңға орнатылған ойыншықтар мен батуттардың маңайының бәрі шүпірлеген бала.

Нағыз жаңа жыл осындай болуы керек шығар. Көктем келіп, жер жылынып, күн мен түн теңелген тұста Алтайдың қаһарлы қысын артқа тастаған өскемендіктер ерекше бір қуанышпен көктем мерекесін қарсы алады. Әйтпесе біздің жұрттың мерекеде жаппай алаңға жинала бермейтіні анық. Қыста келетін жаңа жылды жылы үйлерінде атап өте салатындар көктемнің жаңа жылын ерекше құрметпен, ерекше мерекелік көңіл күймен тойлауының да себебі - осы.

Облыстық Мәдениет басқармасы тіккен киіз үйдің маңын құдды бір сал-серілердің ауылы дерсің. Қолдарына үкілі домбыра ұстап, қызылды-жасылды киінген қыз-бозбаланың барлығы шетінен «сен тұр, мен атайын» домбырашы, әнші. Алтай мен Арқаның желдірмелерін жеріне жеткізіп орындап жатқандарға халық қиқу қосып, дем беріп жатқаны қандай керемет көрініс.

Ақ отаулардың бірінде тұсаукесер рәсімі өтті. Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың әдеттегі кәстөм-шалбарын тастап, аяғына саптама етік, басына құндыз бөрік, ықшамды шапан киіп жүргені көпке үлгі болғандай. Кішкентай Бекзаттың тұсауын кескен облыс әкімінің орынбасары бүлдіршінге ақ жол тілеп, өскенде ел сыйлайтын үлкен азамат болсын деген тілегін айтты.

Айтпақшы, бұл тұсаукесер рәсімі биыл жергілікті фейсбукшілер қауымы арнайы тіккізген киіз үйдің алдында өтті.

Тегін палау таратуды да дәстүр деп атай берсек болатын шығар. Жұрт үйреніп қалған осы шара жылдан-жылға көптің көңілінен шығып келе жатыр. «Достық Дастарханы» фестивалінде «Шығыс шапағаты» қоғамдық қоры өздері дайындаған дәмі тіл үйірерлік палауларын қазандарының түбі көрінгенше тегін таратты.

Отаулардың көбі есіктерін тарс жауып, есіктеріне еңгезердей екі күзетші қойып қоятынын бәріміз көріп жүрміз. Ал денсаулық сақтау басқармасы тіккен киіз үй маңында наурыз көже құйылып берілді.

-Немеремді ертіп, киіз үйлерді аралап келе жатырмын. Той дәмін сыртқа алып шығып, бауырсақ-тоқаштарымен ұсынып жатқан осы басқарманың қыз-келіншектеріне алғыс айтқым келеді, - дейді қала тұрғыны, зейнеткер Күлбаран Қанағатова.

Білім басқармасы тіккен отаудың іші интеллектуалдық-танымдық ойындарға толы, сыртта асық ату, қара жорға билеуден де жарыс ұйымдастырылды. Жеңімпаздарға мерекелік сыйлықтар таратылып жатқан. Тұғырға қонып отырған томағалы тірі бүркітті тамашалаудың да қызығы бір төбе. Айтпақшы, биыл алтыбақан құрылмапты. Жыл сайын қыздардың бүрмелі көйлегінің етегі жер сыза алтыбақан аясында тербелуші еді ғой. Бала атаулының барлығы осы ағаш пен арқаннан жасалған ата-баба аттракционын жақсы көретін. Дүркіреп өтіп жатқан наурызда бірдеңе жетіспей тұрған сияқты еді. Осы алтыбақан екен ғой.

«Бипэк Авто» АҚ ұйымдастырған су жаңа көліктердің көрмесі биылғы наурыздың жаңалығы деуге болатын шығар. Алаңға қойылған алты модельдің үшеуін «Азия Авто» ұсынған. Киа, Шевроле, Шкода сияқты Өскеменде құрастырылатын автомобильдермен қатар Веста, Рено, УАЗ сияқты Ресейден келетін көліктер халық назарына қойылды.

- Көліктерге қызығушылық танытқандардың көбі бағасын сұрайды. Жеңілдетілген несие шарттары, көліктердің техникалық артықшылықтарын айтып түсіндіріп беруге дайынбыз,-дейді «Бипэк Авто» өкілдері.

Елудегі жігіт ағасы елдің бәрін елең еткізді

Гірдің тасын ұршықша иіріп жатқан жігіттердің маңында да үймелеген жұрт. Күшіне, қайратына сенген кез келген адам ортаға шығып 24 келілік гірді көтеріп жеңімпаз атануға болады. «60-тан асырды», «75», «80 көтерді» деп шулап жатқандардың арасынан суырылып шыққан жігіт ағасы 24 келілік гірді 100 рет жұлқа көтерді де, жеңімпаз атанды, одан кейін ешкім ортаға білек сыбанып шыға қойған жоқ.

- Жасым 53-те, мына жастардың гір көтеруіне қарап қарным ашты, 80-ақ рет жұлқа көтеру деген не ол? Жасымның келіп қалғанына қарамастан шыдай алмай кеттім де, 100 рет көтеріп бердім, - дейді Катонқарағай ауданының тумасы Талғат Жақыпов.

Дәстүрлі қолөнер шеберлері көрмесіне қойылған бұйымдардың көздің жауын алатынын-ай. Бұл жерде ағаштан, қағаздан, тастан, тіпті шыныдан жасалған заттарды шеберлердің өз қолдарына сатып алуға болады. Ұлан ауданы, Шымқора ауылынан келген домбыра жасаушы Жанарбек атты шебердің бұйымдары көпшіліктің қызығушылығын тудырды.

- Өткен жылы бір домбыра алып едім, керемет сапалы жасалыпты, дауысы күмбірлеп тұр. Биыл сыйлық жасауға тағы алайын деп тұрмын, бағасы көңілге қонымды - 15 мың теңге, - дейді Өскемен қаласының тұрғыны Аслан Тәкеков.

Алаңдағы мерекемен қатар наурыз тойы Халифа Алтай мешітінің маңында, облыстық Достық үйінде, Спорт сарайының жанында, Согра кентінде, басқа да шағын аудандарда қатар өтіп жатты. Барлық жерде бірдей қонақтарға наурыз көже үлестіріліп, ән мен күйдің тиегі ағытылды. Дәл осы Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Өскеменнің жаңа 19-шағын ауданында орналасқан №46 орта мектебі салтанатты түрде ашылды, онымен қоса «Азамат» балабақшасы пайдалануға берілді.

Орталық алаңдағы Наурыз тойы түс ауғанша толастамады. Жарма ауданынан келген көркемөнерпаздар тобы мен облысымыздың айтулы өнер майталмандары аянып қалған жоқ. Наурыз тойы кешкі жастардың би кешімен өз мәресіне жетті.

Серік Әбілхан,
Дарын Нұрсапаров
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар