«Алтай» әйелдер волейбол командасы Қазақстан чемпионы атанды

(Дауыстар: 1)
«Алтай» әйелдер волейбол командасы Қазақстан чемпионы атанды

«Алтай» чемпион! Ұлттық лиганың әйелдер командалары арасындағы ел біріншілігінің финалында Шығыс Қазақстанның арулары жеті жыл қатарынан бас жүлдені ешкімге бермей келген «Жетісудың» тас-талқанын шығарып, мәртебелі кубокты төбелеріне көтерді. Тұңғыш рет Қазақстан чемпионы атанған жерлестеріміздің ойынын ШҚО әкімі Даниал Ахметов арнайы келіп тамашалап, жарыс соңында жеңімпаздарды марапаттады, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Өскемендегі Жекпе-жек сарайында екі күн бойы инешаншар орын табылмады. Қарақұрым жанкүйер өздерінің сүйікті командасы - «Алтайдың» ақтық сындағы өнерін тамашалау үшін жиналған. Жартылай финалда «Ертіс-Қазхромды» тізерлеткен біздің қыздарға шешуші ойында қатарынан жеті мәрте чемпион атанған азулы қарсылас - «Жетісуды» жеңу оңайға түспейтінін спорт мамандары да, бапкерлер де іштей сезген.

Тіпті, кейбір сәуегейлер Алматы облысынан келген командаға бәйгені шаппай бере салған еді. Бірақ Бурхан Жанболат шәкірттері мұнымен келіспеді. «Ұрыста тұрыс жоқ» демекші, финалға шыққан соң соңына дейін «ұрыс салуға» бекінді «алтайлықтар». Нәтижесінде финалдық серияның екі ойынында қатарынан айқын басымдықпен жеңіске жетіп, облыс волейболының тарихында бұрын-соңды болмаған чемпиондыққа қол жеткізді. Осынау тарихи жеңіс бізге қалай келді, енді соған сәл тоқтала кетсек.

Естеріңізде болса, өткен жылдың күзінде аймақ басшысының тапсырмасымен Өскеменде «Алтай» атты ерлер мен әйелдердің волейбол командалары құрылған-ды. Облыс әкімінің тікелей қолдауымен жаңа ұжымның қатарына өзіміздің мықты ойыншылармен бірге Куба, Испания, Украина, Ресей сияқты шетелдерден легионерлер шақыртылды.

«Алтай» әйелдер волейбол командасы Қазақстан чемпионы атанды

Клубтың материалдық-техникалық базасы күшейтілді. Білікті бапкерлер мен мамандар тартылды. Спортшылардың жоғары деңгейде жаттығу жүргізуі үшін барлық жағдай жасалды. Осындай қамқорлық пен лайықты көңіл бөлінудің арқасында «Алтай» деген атты еншілеген қос клуб ел чемпионатында топ жарып, айды аспанға шығарды.

Алдымен ерлер командасы кубок иегері атанса, артынша міне, қыздарымыз олжа салды. Финалдық серияның екі матчында да «алтайлық» арулар қарсыласын 3:0 есебімен ойсырата жеңіп, нағыз сенсация жасады. Сенсация демеске лажымыз жоқ. Жаңадан құрылып, алғашқы маусымын Ұлттық лигада өткізген жап-жас команданың мүйізі қарағайдай қарсыластарын жапырып, бас жүлдені иеленуін басқаша түсіндіру мүмкін емес әрине.

- Әрине, қуаныштымыз. Осындай жоғары жетістікке жету үшін біз қаншама тер төктік, тиянақты жаттығу жүргіздік. Былтырғы күзден бері өткен әрбір матчқа жоғары дайыНдықпен келдік. Команда сапына мықты ойыншыларды біртіндеп тарттық. Біздің негізгі стратегиямыз - чемпионаттың басында бірқалыпты ойын көрсетіп, ең бастысы, плей-офф кезеңінде бар күшті салу. Өйткені, бұл - жарыстың ең шешуші кезеңі. Өзімнің жеке мақсатыма келсек, Шығыстың волейболын жаңа деңгейге көтеру. Ол үшін облыс басшылығы тарапынан тиісті қолдау-көмек көрсетілуде, - дейді «Алтай» әйелдер волейбол командасының бас бапкері Бурхан Жанболат.

Ел біріншілігінің қорытындысы бойынша екінші орынды талдықорғандық «Жетісу» иеленсе, үшінші орынға павлодарлық «Ертіс-Қазхром» табан тіреді. Халықаралық волейбол федерациясы бекіткен ереже бойынша үздік ойын көрсеткен спортшылар арнайы сыйлықтармен марапатталды. Атап айтсақ, «Үздік қорғаушы» атағына Антонина Рубцова («Ертіс-Қазхром») мен Ольга Наседкина («Жетісу») лайық деп танылса, «Үздік шабуылдаушы» атағы Екатерина Жданова («Қарағанды») мен Ольга Бирюковаға («Алтай») берілді. Ал «Үздік байланыстырушы» аталымында өскемендік Ирина Лукомскаяға тең келер ешкім табылмады.

«Алтай» әйелдер волейбол командасы Қазақстан чемпионы атанды

Сондай-ақ, «Үздік доп қабылдаушы» және «Үздік диАгональды ойыншы» аталымдарын павлодарлық қос ару Диана Кавторина мен Екатерина Попова еншілесе, жерлесіміз Инна Матвеева «Ең бағалы ойыншы» атанды.

Жеңімпаз командаға Қазақстан чемпионатының кубогЫ мен алтын медальдары, дипломдар және 5 млн. теңге ақшалай сыйақы берілді. Отандық волейболдың дамуына қосқан үлесі үшін облыс әкімі Даниал Ахметовке Қазақстан волейбол федерациясының бас хатшысы Ермек Сырлыбаев арнайы кубок табыс етті.

- Командаға шетелден білікті бапкерлер мен ойыншыларды шақыртып, жүйелі жұмыстар жүргізудің арқасында былтыр ғана құрылған «Алтай» еліміздегі мықты ұжымдардың біріне айналып отыр. Алдағы уақытта өтетін Азияның клубтық чемпионатында бұл команда еліміздің намысын абыроймен қорғайтынына сенімдіміз. Жеңіс құтты болсын! - деп тілегін білдірді Ермек Сырлыбаев.

Серік Әбілхан
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар