Көше жарықтандыруға кететін шығынды Шығыс Қазақстанда 60%-ға дейін азайтады

(Дауыстар: 1)
Көше жарықтандыруға кететін шығынды Шығыс Қазақстанда 60%-ға дейін азайтады

Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметов Еуропалық қайта құру және даму банкінің Қазақстан бойынша директоры Джанет Хэкманмен кездесіп, бірқатар инвестициялық жоба жайында кеңінен әңгіме қозғады. Сонымен қатар, кездесу барысында тараптар Өскемен және Семей қалаларындағы көше шамдарын жаңалау жобаларына қатысты келісімшартқа қол қойды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Естеріңізге салайық, Шығыс Қазақстан облысы басшылығы мен Еуропалық қайта құру және даму банкі арасындағы аймағымыздың екі шаһарындағы көшелерді жарықтандыру жобасына байланысты келіссөздер былтыр басталған-ды. Бұған қоса, 2015 жылдың соңында жалпы құны 11 миллиард теңгені құрайтын Семей қаласындағы жобалар бойынша несиелік келісімдерге қол қойылған болатын. Олардың ішіне атап айтқанда, 2,6 миллиард теңгеге бағаланған қаладағы сумен қамтамасыз ету және су тарту жүйелерін жаңғырту, сондай-ақ, 8,4 миллиард теңгені құрайтын шаһардағы жылумен қамту жүйесін қайта жаңғырту жобалары енген.

- Өскемен мен Семейдегі көше шамдарын жаңалау жобаларына ғана 7,7 миллиард теңге қажет. Қос шаһардағы көшелерді жарықтандыру жүйесі айтарлықтай ескірген, әрі энергия қуатын пайдалану жағынан аса тиімсіз болып келеді. Қазіргі кезде көшелерді жарықтандыру бойынша бюджеттік бағдарламалар қалалық бюджет шығынының басым бөлігін құрауда. Осыған байланысты Сіздермен аталмыш келіссөздерді бастап отырмыз. Еуропалық банктің көмегімен бұл проблеманың түйінін тарқатамыз деп ойлаймыз, - деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.

Аймақ басшысының айтуынша, бұл жобалар жарықтандыру құралдарының шамдарын, тіреуіштерін алмастыру, автомматты басқару жүйесін енгізу сияқты кешенді жаңартуды көздейді. Аталмыш шаралар жарықтандырудың заманауи көздерін, оптикалық жүйені пайдалану арқылы электр қуатын үнемдеуге мүмкіндік бермек.

- Бүгінгі кездесуімізге арқау болған жобалардың дені электр энергиясын үнемдеуге қатысты болып отыр. Жалпы, бұл жұмыс «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне дайындық аясында жүргізілуі бекер емес. Себебі, бүгінде Қазақ елі жасыл экономиканы дамытуға басымдық беруде. Сондықтан Сіздердің бұл бағыттағы жобаларыңызды қуана қолдаймыз, - деді Еуропалық қайта құру және даму банкінің Қазақстан бойынша директоры Джанет Хэкман.

Жоғарыда атап өткеніміздей, Өскемен мен Семей қалаларының көшелерін жарықтандыру жобалары 7,7 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Нақтылап айтсақ, облыс орталығындағы көше жарықтандыру құралдарын энергия үнемдеуіш шамдарға ауыстыру жөніндегі жобаның құны 4,9 миллиард теңгені құраса, Семейдегі дәл осындай жұмысқа тағы 2,8 миллиард теңге қажет екен. Жоба бойынша Өскемен қаласы аумағында 18 443 жарық нүктесі бар болса, оның 13 341-ін немесе 72 пайызын диодты шамдарға ауыстыру жоспарлануда. Ал Семейге келсек, жоба аясында шаһардағы барлық 7 296 жарық нүктесі ауыстырылатын болады. Осының арқасында қос қаладағы көшелерді жарықтандыруға кететін шығынның мөлшері 60 пайызға, яғни, шамамен 70 миллион теңгеге азаяды деп күтілуде.

- Бұл жобалар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылатынын айтқым келеді. Бүгінде Мемлекет басшысы қалалар мен аудандардың инфрақұрылымын дамыту мәселесіне айрықша көңіл бөліп, атқарушы билікке тиісті міндеттер жүктеуде. Алдағы уақытта да Сіздермен бірлесіп қолға алатын жобаларымыз аз емес. Соның бірі - Бұқтырма су қоймасы үстінен өтетін көпір салу жобасы. Аталмыш жоба аса ірі көлемдегі инвестицияны қажет етеді. Жалпы, бұл көпірдің құрылысы ондағын жыл бойы шешімін таппай келген үлкен проблемаға айналды. Егер осындай ауқымды жобаны жүзеге асырсақ, онда бұл тек жекелеген аудандардың ғана емес, бүкіл облыстың экономикасына да оң әсерін тигізетін болады. Себебі, ондай жағдайда Бұқтырманың арғы бетінде жер астында сақталған түсті металдарды еш қиындықсыз тасымалдауға мүмкіндік туады, - деді Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметов.

Айта кетер жайт, бүгінде аталған жоба 25 миллиард теңгеге бағалануда. Оның 13 миллиарды көпір құрылысына жұмсалатын болса, қалған қаражат жол салуға және өзге инфрақұрылымды жүргізуге бағытталмақ.

Джанет Хэкман мұндай ауқымды жобаны жүзеге асыру Еуропалық банк үшін де аса пайдалы боларын жасырмады.

Кездесу барысында халықаралық қаржы ұйымы қызығушылық танытып отырғаны тағы екі жоба төңірегінде де сөз қозғалды. Атап айтсақ, оның бірі облысымыздағы аудан орталықтары көшелерін жарықтандыруға, ал екіншісі Өскемен мен Семей қалаларындағы қоғамдық көлік жүйесін дамытуға қатысты болды.

Джанет Хэкман қазіргі кезде Өскеменде Еуропалық қайта құру және даму банкінің кеңсесі жұмыс істеп тұрғанын еске салды. Бұл жерде қаржы ұйымының қызметкерлері шағын және орта бизнес өкілдеріне, өз ісін бастағалы отырған кәсіпкерлерге кеңес береді. Бүгінге дейін мұнда 50-ден астам кәсіпорынның жобасы мақұлданыпты. Жыл соңына дейін тағы 30 бизнес құрылымға қаржылай қолдау көрсету жоспарланған.

Кездесуде сонымен қатар, құны 3,3 миллиард теңгені құрайтын «Өскемен қаласының сумен қамтамасыз ету және су тарту жүйелерін қайта жаңғырту» жобасының техникалық-экономикалық зерттеуінің тұсаукесері өтті. Жалпы, бүгінде ШҚО бойынша 22 миллиард теңгенің инвестициялық жобалары әзірленгенін айта кеткен жөн.

Нұржан Кенжеұлы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар