«Білім жолы» зияткерлік марафоны Өскеменде жалғасын тапты

(Дауыстар: 1)
«Білім жолы» зияткерлік марафоны Өскеменде жалғасын тапты

Ел ертеңі - білімді ұрпақтың қолында. Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бағдарламасында да білім беруді дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінген болатын. Осы орайда Өскемен қаласындағы «Нұрорда» мектеп лицейінде Шығыс Қазақстан облысының білім саласында өзіндік орны бар екі үлкен шара болып өтті. Оның бірі «Білім жолы» зияткерлік марафоны болса, екіншісі ШҚО әкімінің тапсырмасымен қолға алынған үш тілді оқытуды жүзеге асыруға арналған семинар.

Биылғы жылдың ақпан айының 27-cінде Алматы қаласынан бастау алған «Білім жолы» республикалық зияткерлік марафоны Өскеменге де келіп жетті. Еліміздің Білім және ғылым министрлігі, «Асыл бала» республикалық ассоциациясы, «КАДУ» мектепке дейінгі мекемелердің Қазақстандық ассоциациясы, «UCMAS KAZAKHSTAN» халықаралық ментальдік арифметика орталығы мен өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталығының ұйымдастыруымен өткен бұл шара үш бөлімнен тұрды.

Бірінші бөлімде облысымыздағы ең дарынды, зерек, білімді деген 200 бала көрерменге таныстырылса, екінші кезеңде марафонға қатысушылардың барлығы интеллектуалды тапсырмаларды орындады. Бір атап айтарлығы, білім деңгейін сынағалы келген дарындылардың арасында мүмкіндігі шектеулі балалар мен тілінде мүкістігі бар зерек балалар, сондай-ақ, көз жанары нашар көретін білімді жеткіншектер де бар. Сайыста барлық балаға бірдей тапсырма берілді. Олардың берілген уақытты тиімді пайдалануы үшін ұйымдастырушылар оқушыларға ешқандай кедергі болмауын назарда ұстады. Білімді жеткіншектер сұрақтарға табан астында жауап беріп, бір-бірінен қалыс қалмады. Бұл бәйгеде барлық қатысушы оза шапқаны үшін, жалғыз жеңімпаз болмады. Шараға төрелік еткен облыстық білім басқармасы Шығыс Қазақстан өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталығының, «UCMAS Kazakhstan» халықаралық ментальді арифметика орталығының өкілдерінен, облысымыздың жоғары оқу орындарының ғалымдарынан құралған қазылар алқасы барлық қатысушыны бірінші орын деген бағаға лайық көрсеткіш көрсетті деп таныды.

Үшінші бөлімде додаға қорытынды жасалды. Нақтырақ айтар болсақ, барлық қатысушыларға түрлі аталым бойынша кубоктар үлестірілді. Атап айтқанда, көзі нашар көретін балаларға арналған №14 мектеп-балабақша кешенінің 3-4 сынып оқушылары «Жыл жаңалығы» номинациясының жеңімпазы атанса, «Жеңіске ұмтылыс» жүлдесіне тілінде мүкістігі бар балаларға арналған №62 мектеп-балабақша кешенінің 1-2 сынып оқушылары ие болды. Сондай-ақ, «Зияткерлер» жүлдесін «Нұр-Орда» мектеп-лицейінің 3-4 сынып оқушылары қанжығасына байласа, аталмыш мектеп-лицейінің 1-2 сынып оқушылар командасы «Білім құмарлар» номинациясын жеңіп алды. Сол сияқты Өскемен қаласы баланы дамыту орталығының тәрбиеленушілері «Жарқын жұлдызшалар» мадақтамасына қол жеткізсе, Семей қаласының Шәкерім атындағы облыстық дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын мамандандырылған мектептің 1-2 сынып оқушылары «Жас қырандар» деп танылды. Сондай-ақ, аталмыш оқу орнының 3-4 сынып оқушылары «Полиглот» номинациясын жеңіп алды. Білімді жастардың арасынан «Біздің мақтанышымыз» жүлдесі дарынды балаларға арналған валеологиялық арнайы мектеп-кешенінің 3-4 сынып оқушыларына үлестірілді. Бұл мектеп кешенінің 1-2 сынып оқушылары көрсеткен білімінің қорытындысы бойынша «Табиғат жанашырлары» деген атауға лайық деп саналды.

Сонымен қатар, дарынды балаларға арналған «Восток» дамыта оқу ғылыми-зерттеу арнайы мектеп-кешен-орталығының 1-2 сынып тобы «Жалын» жүлдесіне қол жеткізсе, аталмыш мектептің 3-4 сынып оқушылары «Алтын глобус» деген аталымға ұсынылды. Облыстық математика, физика, информатика саласындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-лицейінің шәкірттері «Жас білгірлер», «Жас өркен» жүлдесіне ие болды.

- Қазақстанның болашағы - білімді жастардың қолында. «Білім жолы» зияткерлік марафоны бұл кішкентай бүлдіршіндерге арналған білім додасы болып саналады. Мұнда 1-4 сыныптар арасындағы балалармен қатар денсаулығында кемістігі бар балалар да қатарлас қатысты. Сайыс болғаннан кейін алғырлар, білімділер болады. Облыс бойынша шараға қатысқан балалардың мөлшеріне қарап, елімізде дарынды, жалынды, білгір балалардың көп екендігіне тағы бір мәрте көз жеткіздік десем артық болмас, - дейді Шығыс Қазақстан өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталығының әдіскері Гүлжан Маратқызы.

«Нұрорда» мектеп-лицейінде білім марафонымен қатар үш тілді оқытуға арналған семинар да өтті. Облыстық білім басқармасының «Шығыс» аймақтық орталығының ұйымдастыруымен өткен шараның негізгі мақсаты - өңіріміздегі білім беру мекемелеріндегі алдыңғы қатарлы жаратылыстану-математика пәндері мұғалімдерінің тәжірибесін насихаттау. «Нұрорда» мектеп-лицейінің директоры Шабан Жошкунның айтуынша, үш тілді дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған аймақтық бағдарламасын енгізудің аясында өтіп жатқан бұл семинарға қатысу үшін өңірдегі арнайы мамандандырылған мектептер мен лицейлердің, гимназиялардың математика, биология, химия, физика пәні мұғалімдері қатаң іріктеуден өткен көрінеді.

- Үш тілді дамытуға байланысты облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасын ескере отырып, біздің оқытушылар екі күн бойы өздерінің тәжірибесімен бөлісу мүмкіндігіне ие болады. Бағдарламада теориялық бөліммен бірге шеберлік сыныптарын өткізу, пікірталас алаңдары да қарастырылған. Сабақты біліктілігі жоғары ұстаздар жүргізеді, - дейді Шабан Жошкун.

Алтынай Асқарқызы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар