«Атамекенінен ұзақ жылдар жырақта өмір сүрген жандар Отаны бар адамның қандай бақытты екенін жақсы түсінеді. Біз бұл бақытты, яғни Атамекенде өмір сүру бақытын таба алған жандармыз. Біздің жүрегіміз «Қазақстан» деп соғады. Туған елдің береке-бірлігін кетіру – кешірілмес күнә. Біз осы бір сын сағатта Отанымызға қол ұшын созуға әзірміз».
Жүректен шыққан бұл сөздер бұл жиынның өзегіне айналды деуге болады, осы басқосуға шетелден келген мыңнан астам отандасымыз тұрып жатқан Өскеменнің маңындағы жаңа ауылдың – Шығыстың тұрғындары өз еркілерімен қатысты.
– Жаңаөзендегі оқиғалар туралы хабар қабырғамызды қайыстырды, – дейді осы ауылдың тұрғыны Серік Қонысбай. – Біз Қытайдан келдік, туған еліміздің күннен-күнге гүлденіп, өсіп-өркендеп жатқанына куә болдық, оның табыстарына бір кісідей қуандық, енді міне Жаңаөзендегі бүлікті естіп-көріп, өкініш білдіріп отырмыз! Туған Отанға қалайша опасыздық жасауға болады? Өз елін сүйген ұл осындай қылмыстық әрекетке бара ма?
Қазақстанға көшуге жиналып жатқанда бізге өзге ұлттың өкілдері келіп «Сендер қандай бақыттысыңдар, сендер Қазақстан атты жерге кетіп бара жатырсыңдар, барлық халықтардың өз мемлекеті жоқ, өз бақыттарыңды аялаңдар» деп айтқан-ды. Туған жерде өмір сүруді біз зор бақыт деп сезінеміз. Мұны, өкінішке қарай, кейбіреулер түсінбейді екен. Сондықтан ондай опасыз жандарға: «Өз бақыттарыңызды аялаңыздар! Қазақстан – бұл біздегі бар ең асыл қазына, оған қол көтеруге болмайды, ата-анаңа қол көтермейсің ғой, тіпті шешілмеген мәселелер болса да» дегім келеді.
Мірсәлім Мақсұтқан Отанына оралысымен от жағушы болып жұмысқа орналасыпты. «Мен, – дейді ол, – Жаңаөзенді қайта қалпына келтіруге өз қалтамнан оң мың теңге шығарып отырмын. Басқа адамдар да зардап шеккендерге болысқысы келеді. Біздің ауылда да түйіні тарқамаған мәселелер бар әлі. Біз «Өзіміз шыдай тұрамыз, бірақ қираған Жаңаөзенді тезірек жөнге келтірейік» деп шештік. Бұл – өте маңызды іс. Туған елінің береке-бірлігін қашырып, шырқын бұзғандардың жат әрекетін көру – біз үшін үлкен қасірет. Біз мұнда Отанымыз деп келдік және ол үшін жан беруге, қандастарымызға кез келген көмекті көрсетуге әзірміз».
Айлиман Мұхаметхан суыт хабарды құлағы шалған кезде ауыл мектебіндегі асханада өз жұмысымен айналысып жүргенін айтады. «Жүрегім шаншып кетті, – дейді ол, – сені өсіріп, жеткізген, саған білім берген елге қалайша қол көтеруге болады? Түсінбеймін. Жүрегімнің ауруы әлі де қайтпай тұр. Жай ғана көңіл білдіру аз. Жастарға ақыл айту керек, ешкімнің де шаңырағымыздың шырқын бұзуға қақысы жоқ».
Атап өтерлік жайт, ауыл тұрғындары енді жастармен осы оқиғаға қатысты әңгіме жүргізуді, үйінен жырақта білім алып жүрген жастарға телефон шалып, оларға да ақыл-кеңес айтуды, сырт күштердің тұрғындар арасында жалған ақпарат таратуына жол бермеуді көздеп отыр. Бір сөзбен айтқанда, олар осы күндері ерекше сақтық танытпақ.
Комментарии (0)