Семейде 25 жыл бұрын жоғалып кеткен баланы іздестіріп жатыр
16.04.2021 | 12.15
0
522
Осыдан 25 жыл бұрын Семейде жоғалып кеткен 5 жасар Ержан Сүйінжановты туыстары әлі де іздестіруде. Бүгінде Ержан 30-ға келген жігіт болуы керек. Жақындары оның аман екеніне сенімді және де бір күні қайта отбасымен қауышады деген үміттерін үзер емес, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Бұл оқиға 1996 жылы Семейде болған. "Сосна" деп аталатын балаларға арналған санаторий-профилакторийде 19 бала сауықтыру курсынан өтіп жатқан. Араларындағы балалардың ең үлкені 15 жаста, ең кішісі Ержан еді.
14 шілде күні санаторийдің үш қызметкері 16 баланы серуенге алып шығады. Сол серуеннен тек 15 бала ғана қайта оралған. 5 жастағы Ержан үшті-күйлі жоғалып кетеді. Туыстарының айтуынша, осы оқиғадағы ең сорақысы – баланың жоғалып кеткенін қызметкерлер үш тәулік бойы жасырып келген. Іздеу жұмыстары бірден басталған жағдайда баланы тауып алуға мүмкіндік болар ма еді деген ой Ержанның жақындарын 25 жыл жегідей жеп келеді.
Содан бері іздеу жұмыстары бір күнге де тоқтатылған емес. Туыстары оның аман-есен екеніне сенеді. Баланы біреу ұрлап кетіп, асырап алды деп ойлайды. Қазір отбасылы, бала-шағасы бар үлкен азамат шығар...
Мүмкін сол кезде баланы көргендер немесе ол туралы қандай да ақпарат білетіндер табылып қалар ма деген үміттеміз.
Комментарии (0)