ШҚО-да менингитке шалдыққан балалар жазылып шықты
06.06.2018 | 11.55
0
12564
Республика көлемінде өршіп тұрған менингококк жұқпасына қатысты жағдай біздің облыста әзірге тұрақты. Жыл басынан қауіпті жұқпамен тіркелген төрт бала тиісті ем-домдарын алып, қазір жазылып, үйлеріне шықты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Менингококк жұқпасы бес айдың ішінде төрт шығысқазақстандық балада анықталған-ды.
- Олардың үшеуі Семейде, біреуі Зырян ауданында тіркелген. Біреуі - оқушы, қалған үшеуі мектеп жасына дейінгі балғындар. Қазір барлығы да құлан-таза жазылып, стационардан шықты. Сондай-ақ олармен қарым-қатынаста болған 89 адам, оның ішінде 40 оқушы, осы жұқпаға тексерілді. Жаңа жағдайлар анықталған жоқ, - деді аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Райфа Сафиоллинова.
Мамандардың сөзіне қарағанда, қоғамды дүрліктірген менингит жаңа дерт емес. Қауіпті жұқпаны жұқтырғандар өңірде жылда тіркеледі, жұқпа әсіресе балаларға әуес. Жұқпаның облыста ең көп таралған кезі – 2009 жыл, онда 11 адам менингокок жұқпасымен ауырған. 2016 жылы тіркелген 6 жағдайдың төртеуі 14 жасқа дейінгі балаларда анықталды. 2017 жылы белгілі болған 7 жағдайдың 4-уі Семейде, екеуі Өскеменде, біреуі Зырян ауданында тіркелген. Ауырғандардың 6-уы он төрт жасқа дейінгі балалар болатын.
Облыста адам өліміне әкеліп соғатын аса қауіпті жұқпадан сақтанудың, облыс аумағындағы санитарлық-эпидемияға қарсы шараларды күшейте түсудің кешенді жоспары жасалған. Қоғамдық денсаулықты сақтау комитеті Шығыс Қазақстан облыстық департаментінің мамандары менингококк инфекциясына күн сайын бақылау жасап отырады. Мамандар адам аяғы қалың – мешіт, басқа да қоғамдық жерлерге көп бармауға кеңес береді. Сондай-ақ, мектептерде, жазғы лагерьлерде аурудың алдын алу шараларын жүргізіп, сол жерлердегі медицина қызметкерлеріне семинарлар өткізілген. Өскемен мен Семей қалаларының базарларында радиохабарлағыш арқылы дерттің қауіптілігі, одан сақтанудың жолдары жайлы радиолекциялар оқылып келеді.
– Біздің облыста менингококк жұқпасының бактериалді түрі тіркеліп отыр. Бұл жұқпа ауа арқылы, сөйлескенде, түшкіргенде, жөтелгенде жұғады. Аурудың алғашқы белгілері – дене қызуының кенеттен 38-40 градусқа дейін көтерілуі, тамақтың қызаруы, бастың қатты ауыруы, кейде адам басын қатты қысып отыруға мәжбүр. Кішкентай сәбилердің еңбегі( родничок) үлкейгені байқалады. Мұрынның бітелуі мүмкін, әлсіздік пайда болады, денеде, санда және аяқта жұлдызша тәрізді бөртпелер шығады. Қышымайды, керісінше, ауырсынуы ықтимал. Егер осы белгілер байқалса, бірден жедел жәрдем шақыру қажет, – деді облыстың штаттан тыс бас инфекционисі Назигүл Сапарғалиева.
Комментарии (0)