KZ
Өскемен
+11°
пасмурно жел 2,6 м/с, ОШ
447.4 477.55 4.76

О. Бөкей атындағы кітапханада қандай тегін үйірмелер бар?

1.11.2022, 15:06 508 Ләззат Қанатқызы

Қазір кітап оқитын жастар қатары азайып кеткен рас. Десе де, бұл қазына мекені, руханият ордасына айналған кітапханалар қаңырап, бос тұр деген сөз емес. Бүгінгі күні ол жерде де жастарды, оқушыларды тартып, білімге, жанжақтылыққа баулу үшін бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Облыс орталығындағы Оралхан Бөкей атындағы орталық қалалық кітапхана осы сөзіміздің бірден бір дәлелі.

Жазушының атымен аталған заманауи кітапханада түрлі кітаптардан бөлек, балаларға қошымша білім беретін үйірмелер де бар.

- Қазір көптеген ата-аналар күнделікті тіршіліктің қамымен жүріп, баланың біліміне жеткілікті түрде көңіл бөлінбей қалатын кездер болады. Осындай олқылықтардың орынын толтыру үшін кітапханамыз арнайы мамандарды жұмысқа алып, балалардың қосымша тегін білім алуына мүмкіндік жараттық. Мұнда тек оқушылар ғана емес, ересек адамдар да бар, - дейді Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапхана директорының орынбасары Жанат Жиенбекова.

Айта кету керек, қазіргі таңда кітапханада 10-нан астам үйірме жұмыс істеп тұр. Атап айтқанда, арнайы тіл мамандары сабақ беретін қазақ және ағылшын тілі, көркем сөз, «JAS TALANT» актерлік шеберлік негіздері, «БуМагия» шығармашылық студиясы, тоғызқұмалақ, шахмат, «IT ARU», VR-киіз үйі мен түрлі IT-курстары бар.

 

Мамандарының айтуынша, уақыт өткен сайын қазақ тілін үйренуге келгендер саны артып келе жатқан көрінеді. Бір қуантарлығы, оның ішінен, тек қана балаларды емес, жастар мен үлкен кісілерді де байқауға болады.

- Ағылшын тілі курсына бастауыш сынып оқушылары ғана емес, студент жастар да қатысады. Бұл курстың негізгі ерекшелігі – теорияны оқумен шектелмей, американдық ағылшын киноларын көріп, аударма жасап, тіл үйренеміз. Осылайша, сөздік қорымызды молайтамыз. - дейді ағылшын тілінің маманы Қуаныш Манарбеков.

XXI ғасыр – жаңа ақпараттық технологиялар ғасыры. Мұнда келушілер мен балалар кітап оқып, тіл үйренумен қатар, түрлі технологияларды меңгеруге мүмкіндік бар. Мәселен, қазір ол жерде «Казцинк» компаниясының қолдауымен VR-киіз үйі орнатылған. Заманауи қазақ үйі арқылы балалар түрлі жерлерге онлайн саяхат жасап, қызықты ойындар ойнай алады.  Тіпті қазақ жазушылары Оралхан Бөкей, Мұхтар Әуезов және Шерхан Мұртазаның әңгімелесіп отырған сәттерін, Оралханның үйі мен кербұғысын да көруге болады. Сонымен қатар, химия, физика сабағынан виртуалды лабаратория арқылы түрлі зерттеулер, эксперемент жасауға да мүмкіндік бар. Ондағы басты мақсат  - түрлі кейіпкерлерді шынайы сезініп, кітапқа деген ынтаны ояту, технологияның тілін меңгерту.

- Жақында кітапханамызда тек қыздарға ғана арналған - «IT ARU» мектебі ашылды. Атында айтылып тұрғандай, бұл үйірмеде 12-17 жас аралығындағы IT саласына қызығушылық танытқан қыздар қатыса алады. Біздің қоғамда IT саласы тек ұл балаларға арналған деген теріс ұғым қалыптасқан. Сондықтан осы жобаны қолға алдық. Онда 3D-үлгілеу, 3D Home Design - интерьер-локацияны үлгілеу, роботатехника, digital fashion сияқты бірнеше бағытты үйретеміз, - дейді Жанат Жиенбекова.

  

 «IT ARU» мектебін әлі де дамытып, түрлі бағыттар қосу жоспарланып жатқан көрінеді.

Кітапханада әрбір қала тұрғыны бос уақытын тиімді өткізуге барлық жағдай жасалған. Айта кету керек, жоғарыда аталған барлық үйірмелер тегін. Ең бастысы ниетіңіз болса жеткілікті.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив