KZ
Өскемен
+15°
облачно с прояснениями жел 8 м/с, С
446.49 475.38 4.79

Өскеменде «Ұлы Даланың Ұлы тұлғалары» көрме-энциклопедиясы ашылды

25.01.2023, 17:04 1 046 Ләззат Қанатқызы

25 қаңтар күні А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада 2023 жылы аталып өтілетін және еске алынатын күндерге арналған "Ұлы даланың Ұлы тұлғалары" атты көрме-энциклопедияның ашылу салтанаты өтті.

Көрменің ашылуына оқушылар, студенттер, мемлекеттік қызметкерлер, қаланың педагогикалық және шығармашылық қоғам өкілдері қатысты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Әдебиеттер экспозициясы негізгі төрт бөлімнен тұрды.

"Ұлт перзенті" атты мерейгер-мемлекет қайраткерлерінен құралған кітап галереясы. Онда ойшыл, ақын-мистик және діни уағызшы, сопылықтың түркі тармағының негізін қалаушы Қожа Ахмет Әзірет Сұлтан Яссауи; қазақ мемлекеттік, саяси және қоғам қайраткері, Ұлы жүздің биі, шешен әрі ақын Төле би; ақын, жырау, би, қазақ халық ауыз әдебиетінің көрнекті өкілі Бұқар жырау Қалқаманұлы және т.б тұлғалардың кітаптары қойылған.

 "Өмір жырын шерте білген" бөлімі мерейгер-жазушылар мен көркемсөз шеберлерін біріктіреді. Олар: ақын, философ, ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлы; ақын-демократ, ағартушы Сұлтанмахмұт Торайғыров; жазушылар Оралхан Бөкей, Анатолий Иванов, Николай Горбачев, Асқар Алтай, Тоқтарбек Мағзұмов, Қалқаман Сарин; ақын, журналист Серік Құсанбаев және тағы басқалар. Көрменің ашылуы барысында кітаптармен қатар, Күршімдегі Барақ батыр мерейтойындағы Оралхан Бөкейдің сөйлеген сөзін тыңдады.

"Өнермен өрілген өмір" бөлімінде мерейгер-шығармашылық мамандықтың жарқын өкілдері – композитор-күйші, қазақ аспаптық музыкасының классигі Құрманғазы Сағырбайұлы; Париж сахнасында өнер көрсеткен тұңғыш қазақ әншісі Әміре Қашаубаев; Қазақ радиосының дикторы, Қазақстанның Халық әртісі, Ұлы Отан соғысының ардагері Әнуарбек Байжанбаев; және т. б. Кітап шолуымен қатар, кездесу қонақтары актер, режиссер әрі біздің кітапхананың тұрақты оқырманы болған Сақан Әкелеевтің көзі тірісінде түсірілген бейнежазбаны тамашалады.

"Өр Алтайда ізі қалған тұлғалар" бөлімі – тағдыры Шығыс Қазақстанмен тығыз байланысты мерейгерлерге арналады. Олар ағартушы, өлкетанушы Прокофий Григорьевич Харламов; көрнекті геолог, палеонтолог, географ, Алтайды зерттеуші, фантаст-жазушы, КСРО Ғылым академиясының академигі Владимир Афанасьевич Обручев; Алтайды зерттеуші Петр Александрович Чихачев; қоғам қайраткері, зерттеуші, шежіреші Бошай Кітапбаев және т.б. жерлестеріміз бен ұлы тұлғаларға арналған.

Кітап көрмесі кітапханада жыл көлемінде жұмыс істейтін болады. 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив