KZ
Өскемен
+1°
небольшая облачность жел 3 м/с, С
443.85 474.3 4.8

Өскеменде Ермак үшін егес жүріп жатқандай

19.02.2019, 10:08 127

Сырты бүтін, іші түтін идеология


«Бесігі төрге шықпаған үйден батыр да шықпайды» дейді қазақ.  Солаймыз-ау десең, Алтай тарихында атойлап өткен баһадүр көп. Олай емес десең, батыр бабаларымыздың бәрі саяжай жағалаған бүгінгі ұрпақтарымен бірге қаланың қалтарыс аудандарында қиыр жайлап, шет қонып жүр.  Қабанбайдың Қубас атын құрыш қыранға айырбастап,  жауға қырғидай тиген Жақыпбек Малдыбаев пен ізінде ізгіліктің нұры қалған Ізғұтты Айтықовтың Киров пен Ушановтан қай жері кем? Партизан Қасымды «қарауыл Қайсенов» етіп қойған да біздің Өскемен.


Шетте қалған ескерткіш дегенде ойыңызға бірден Дарабоз оралуы мүмкін. Оның тұрған жеріне тағар мін жоқ. Сын басқада... Сырттан келген мейманға Өскеменнің рухын ояу етіп көрсететін жалғыз нышан осы Қабанбайдың ескерткіші. Алайда, сол мейманыңыз қалада екі-үш күн аялдаса, ояу рухтың өзі емес, елесі ғана екенін түсінер еді. Этноауылға кіріп барсаңыз, қойдай көгенделген қалың Ленин, Қасым Қайсенов саябағына бас сұқсаңыз, мысыңды басардай Киров тұр.



Ал көлік ағыны ең көп алаңды Ушанов жеке дара иемденіп алған. Осыдан екі жыл бұрын «Дидарға» Қабанбай ескерткішінің қадірі кетіп тұрғаны туралы мақала шықты. Әріптесіміз Мұратхан Кенжаханұлының сынынан кейін оның маңайы шашылған шөлмек пен былапыт қалдықтан тазартылған болды. Ал жоғарыда аты аталған советтік ескерткіштердің басына ондай күн туып көрген емес. Атына мініп айбар боп тұрған сырттағы Қабанбайдан жер-жерден жиналған іштегі қалың Лениндер бақытты ма дейсің тіпті. Өйткені, олардың басына құс та саңғытпай, әке зиратындай әлпештеп ұстайтын көнекөз музей қызметкерлері бар.



Ауылға бармақ түгіл, ауласынан ұзап баспайтын, асфальт баласының ұстыны ұлтсыз деп кінәлап көр осыдан кейін. Сырты бүтін, іші түтін идеология баяғы. Қабанбай батырдың да басына сондай шырақшы сұрайық деп отырған жоқпыз. «Цифрлы Қазақстанның» сиқырын елге ес болған ескерткіштер де көрсе игі еді. 2020 жылға қарай бір Өскеменнің өзінде 3928 камера орнатылады екен. Сол мол дүниеден Қабанбайлар құр қалып жүрмесін деген алаң біздікі.


Арландай айбарымен жауының жүрегін суырған отты жанарын жанармай құюға келген қалың нөпірге сатып тұрған Қасым Қайсеновтің мүсіні анау. Тас Қасымның қабағындағы қаһарды ерінбеген журналистің бәрі жазды. Сыннан сабақ алар ел болсақ, бүгін тіл безеп отырмас едік. Кейін ақсақалдар араға жасын саудалап, бұл мәселені облыс әкімінің алдына да қойған. Оңды ұсыныстың ретін келтіру Өскеменнің сол кездегі әкімі Қуат Тұмабаевқа жүктелген еді. Ол қызметтен кетті де, мәселенің басы ашық күйінде қалды. Қазір  қайсар Қасым өзінің атындағы саябаққа кіре алмай, бір қапталында құса боп тұр.



Ермак үшін егес


Ізғұтты Айтықов жат жерде ерлікпен қаза тауып, батыр атанып жатқанда қамаудағы әкесіне сүйінші хабар жетеді. Сонда бірбеткей Құрманбай «Өйтіп атымды шығармай-ақ қойғаны жақсы еді» деп кейігенін жазушы Мүсілім Құмарбековтен оқып білдік.  Әкенің реніші түсінікті. Өзін қуғындап, әулетін тоз-тоз қылған қызыл жүйені қорғаймын деп опат болған баланың қазасына басқалай не деп қайғырсын?! Ал біздің Ізғұттыға қандай өкпеміз бар? Өкпелі болмасақ, мүсінін шетке ысырып, неге өгейсітеміз? Батырын басына көтерер билік болмаған соң, ұрпақтары өз күштерімен көтерген бұл мүсінді. Оның тұрған орнына осы істің басы-қасында болған ақсақалдардың да көңілі толмайды.


-Біріншіден, Ізғұтты батырға берген көшенің кетеуі кетіп-ақ тұр. Жаз болса құй батпақ, қыс болса белшеден қар. Тар көшеден екі көліктің қатар өтуі мұң. Түнде қараңғы.  Бір жағында Күленов кенті, бір жағында 19-шағын аудан самаладай жарқырап тұрғанда Ізғұттының көшесі моладай үңірейіп жатады. Екіншіден, Ізғұттыға ескерткіш орнатылса деген ұсынысты алғаш әкімдікке өзіміз тастағанбыз. Сол ұсыныс ақырында өзіме тапсырма болып тиді. Кәсіпкер Болат Бағадаев бастаған атымтайлар Тарғын ауылының мектебіндегі бюстің көшірмесін жасатып, мүсінді дайындады. Қоятын орын таппай қиналдық. Көшенің басынан сұраған көрнекі жер жекенің меншігінде екен. Ақыры қазіргі қуыстан орын бұйырды, - дейді Жаңабай Әшімов ақсақал.


Батырдың аянышты бейнесін көрген ұландық азаматтар намыстанып, оны өзінің атындағы ауылға көшіріп әкетпек те болыпты. Мүсіннің күтіміне белгілі бір ұжымды бекітсе деген тілек те ескерусіз қалған. Айтар сылтау – мүсін қала аумағында емес, жол жиегінде тұр. Жаңабай ақсақалдың айтуынша, №1 өзін-өзі басқару комитетінің мамандары 9 мамыр мен батырдың туған күнінде мектептен оқушы әкеп, мүсінді қалыпқа келтіріп жүрген көрінеді. Қалған күндерде қараусыз.


Ал Жақыпбек Малдыбаевтың сынтасына жауыққандар көп. Айналдырған 10 жылдың ішінде вандалдардан жапа жеккен Жақыпбек батыр туралы үш мақала жазылыпты «Дидарда». Қазаққа қан құстырған Ермакты ығыстырып, Аблакет кентінен орын тепкен тұңғыш ұшқышымыз талайдың ұйқысын ұрласа керек. Ақыры күзет қойып жүріп, бұзық ниеттілер айылын жиған. Басынан әңгіртаяқ кеткенмен, жағдайы жетісіп тұр деуге әлі де келмейді. Олақ әйелдің құрған термесіндей айқыш-ұйқыш шатысқан электр сымдарының астында, қосалқы стансаның жанында қалқайып қана тұр. Басына келіп біреу ішімдік ішіпті де, шөлмегін қарға қадай салыпты. Интернационализмді ту етіп, Халхин Гол соғысына қатысқан ұшқыш дүдараздықтың ермегіне айналғандай. Көшенің бұрынғы атауы Ермак болған дедік қой, қазір ол атауды үлкен дүкен иеленген. Дәл сынтастың қарама-қарсысында сәулетімен  сес көрсетіп, менмұндалайды. Ал жердің сырын білетін адам болмаса, Ж.Малдыбаевтың сынтасын аңғарудың өзі қиын.



-Осында көшіп келген жылы сынтасты жол апатынан көз жұмған бір марқұмға орнатылған белгі ғой деп ойлап жүретінмін. Кейін білдік батырға арналғанын. Анда-санда шетелдік көліктер қаптап, басында шағын жиындар өткізіп жатады. Қалған кезде жетім бұрышта қараусыз тұрады осылай, - дейді кент тұрғыны  Бағди Смағұлова.



Ж.Малдыбаевтың атын қабылдамай, Ермакты үйінің сыртына қатар іліп қойғандар жетеді бұл жақта. Сырт көзге еленбегенімен, үңіліп қараған адамға Ермак үшін егес жүріп жатқандай.



Қыран ұлды ермакшыларға қор қылып қоймай, қаланың қақ ортасынан ескерткіш орнатып, ауыздарына құм құяр кез жетті.


-Баяғыда Абай мен Михаэлис көшесі қиылысқан тұсқа қос ойшылдың қортық мүсіндері орнатылып, іле-шала жұлынған еді ғой. Сол орын өлім тілеген бейіттей әлі тұр үңірейіп. Жан-жағы абаттанған, дайын тұғыр. Ізғұтты мен Жақыпбектің бірін сол тұғырға қондыру керек. Әйтпесе «көпірдің сынатынын иіскеп білген» итке ескерткіш орнатамыз деп жүргендер иемденіп кетіп жүрер, - дейді ардагер журналист Мұрат Әміренов. Сөзінің бәрі рас. Былтыр бүкіл Қазақстан тасқынға ұшыраған Аягөз ауданына көмек жинап жатқанда Станислав Каримов дейтін қалалық мәслихат депутаты бастаған бір топ «итке ескерткіш орнатамыз» деп қосамжарланған болатын.


Көптің сынына ілінген сынтасқа қала әкімдігі де назар аударған сияқты.  Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Алмас Нұрғалиев Жақыпбек Малдыбаевқа Аблакет кентінің кіре берісінен Еңселі ескерткіш орнатулы мүмкін екенін айтады.


-Малдыбаев көшесі басталған тұста қолдың сол жағындағы Жартасқа тұңғыш ұшқыштың еңселі ескерткішін орнатсақ деген жобамыз бар. Қала әкімі Жақсылық Омар қолдап отыр. Ескерткіштің сызбасы дайын, енді маңайын абаттандыру мен көлік тоқтайтын алаң жасау жобасы пысықталып жатыр. Жобаға қанша қаржы кететінін, оның қандай көзден алынатыны әзірге белгісіз, - дейді ол.



Бақыт ынтымағы жарасқан елген қонса, батырлық тарихтың сабағымен санасқан жұртқа дариды. Өзгенің көңіліне қараймыз деп жүріп, батырлық рухымызды үркітіп алмасақ болар еді. Бесігі төрден таймаған текті ел екеніміз рас болса, айбыны асқан аталарымыздың ескерткіш-мүсіндері бүгінгідей босағадан сығалап жүрмеуі керек. Өскемен өз батырларымызды өгейсітпесін!

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив