KZ
Өскемен
+12°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, ОБ
448.15 483.46 4.86

"Түрі фотороботтағы суретке ұқсайды" Өскеменнің тұрғыны 1,5 ай бойы қамауда отыр

11.02.2019, 08:02 79

Өскемен қаласының тұрғыны Ақылбек Қаржыбаевқа аса ауыр қылмыс жасады деген айып тағылды. Оған халықаралық іздеу салынғаны жөнінде нотариусқа барғанда белгілі болған, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


Ақылбек қазір Алматыдағы уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр. Тұтқындалғанына екі айдай уақыт болды. Үйінде босанатын күні таяп қалған жүкті жұбайы мен үш жасар қызы күтуде.


Оқиға былай өрбіген. Ақылбек пен Назгүл екінші балаларының дүниеге келуін асыға күтіп, болашаққа жарқын жоспарларын құрып жүрген еді. Ипотекаға пәтер алып, ХҚКО-да тіркеледі. Алайда үйге құжат рәсімдеген кезде Ақылбекке іздеу салынғаны жайлы ешкім тіс жармаған болатын.


Тосын жайт желтоқсан айында сенімхат рәсімдеу үшін нотариусқа барған кезде бірақ анықталыпты. Ол мәселенің мән-жайын анықтамақ болып, заңгердің көмегіне жүгінеді. Алайда 24 желтоқсан күні құқыққорғау органдарының қызметкерлері Ақылбекті өз үйінің ауласында жұбайының көзінше тұтқындап, Алматыға алып кеткен.


Белгілі болғандай, Ақылбекті 2018 жылдың мамырдың 26-нан 28-не дейінгі аралықта жасалған қылмысқа қатысы бар деп айыптап отыр екен. Ол кезде қылмыстық топ Алматы қаласында әйел адамды қамауда ұстап, денсаулығына зиян келтіріп, ақша бопсалаған. Бұл іске күдіктілер қолға түсіпті. Бірақ араларында белгісіз себептермен Ақылбек те бар болып шықты.


Туыстарының айтуынша, момын мінезді, байсалды жігіттің мұндайға баруы мүмкін емес. Оның үстіне, ол  қылмыс жасалған уақытта Өскеменде жұмыс орнында болған. Мұның барлығын әріптестері де растап отыр.  Бұдан бөлек, сол күндері ол жұбайымен бірге туыстарының тойына барған, түскен фотосуреттері оған дәлел бола алады.


Алайда  бұлар Өскеменде қаннен-қаперсіз жүргенде, қазан айында сот Ақылбекті қамауға алу жөнінде қаулы шығарып қойыпты. Басқа күдіктілерге қатысты сот үкімі шығып, олар жазасын өтеуде. Енді Ақылбектің адвокаты оны қылмыстық топтың мүшелерімен және жәбірленуші әйелмен көзбе-көз беттестіруді талап етіп отыр. Алайда жәбірленуші қазір сырқаттанып жатқандықтан онымен кездесу жақын арада мүмкін болмайды екен.


Қазір Ақылбектің туыстары оның кінәсіздігін дәлелдеу үшін қолдарынан келгенін істеп жатыр. Ақылбектің өзі Астананың  белгілі шенеуніктеріне ресми хат жолдапты.


Тағы бір айта кететін жайт, Ақылбектің жұбайы Назгүл Өскемен қаласы әкімінің жуықта өткен есептік кездесуіне келіп, көмек сұрады. Қала әкімі Жақсылық Омар бұл сауалды ескерусіз қалдырмай, жағдайдың мән-жайын анықтап беруге уәде етті.


 


 


 


 


 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив