KZ
Өскемен
+13°
пасмурно жел 2 м/с, С
446.49 475.38 4.79

“Сен қайтыс болдың емес пе?”. ШҚО-да тірі адамның жаназасы шығарыла жаздады

23.01.2019, 03:00 123

 Суық хабар


Еркін суық хабарды естігенде, сенерін не сенбесін білмеді. Жұбайы Күнсұлу екеуі мең-зең болып, бір-біріне қарасты. Көзіне жас алайын десе, жүрек түбіндегі маздап жанған үміт оты Сержанның қазасына сендірмейді. Кешке қарай көлік қағып кетіпті, денесі мәйітханаға жекізілген...  "Не болса да, оның денесін көріп, көзімді жеткізейін" деп, Еркін туыс-тамырлас екі жақынын ертіп, мәйітханаға тартып отырды.


Сержан - мұның туған бауыры. Жұбайымен түсініспеушілік туып, екі айырылысып кеткелі бері ол дос-жарандарын аралап, апталап қыдырып кететін. Қайда барып, қайдан келгенін сұрағыштап, мазалап жүрген ешкім жоқ. Қалай десе де, есейіп қалған екі қызы бар, әке боп отырған азамат қой. Оны көрмегелі бір-екі аптадай болып қалыпты. Ал, енді мәңгілік көрмейді...


Бұл ойдан Еркіннің денесі дір ете түсті. Мәйітхана есігін имене ашып, ішке кірген үшеуінің де  бойларын белгісіз бір сезім билеп алғандай. Қорқыныш, үрей, маздаған үміт - барлығы араласа бұларды әбден қобалжытып, қажытты. Тастай суық бөлмеге кіргенде денелері де мұздап кете берді. Алдарында жатқан адамның Сержан екендігінде күмән қалмаған сияқты. Бетінің бір жағы қатты соққыдан болар, оңбай жырылған. Бірақ соның дәл өзі. Сол баяғы маңдай шашын сәл шалған ақ, алтынмен қапталған алдыңғы тісі. Еркінге Сержан бұрыңғысынан да арық секілденіп көрінді. Қабырғаларын санауға болады. "Тым арық қой. Ол сондай ма еді?" - деп бауырының денесін айналшықтай қарады. Жанындағы Оспан: "Өзі сондай ғой. Киіммен ғана толықтау болып көрінетін", - деді. Мұздай суық денеге үнсіз тесіле қарап тұрған Әбіш бір кезде: "Әй, мынау Сержан емес ғой деймін", - деп айта салғаны. Дегені сол-ақ екен, қайғырып тұрған мына екеуі: "Сен не білесің? Мынау сол!" - деп, ұрсыса жөнеледі.


Қош айтысу


Мәйітханадан сүмірейіп шықты. Қаралы хабарды үй-ішіне жеткізу керек. Ең ауыры осы шығар, бәлкім. Қас қағым сәтте үй-іші азан-қазан болды да кетті. Біреу жылап, біреу жұбатып, ұйып отырған тыныштықтың тас-талқаны шыққан еді.


- Шынымен сол ма екен? Сержан ба? - деп, үйіне оралғанда алдынан шыққан Күнсұлуға Еркін үнсіз басын шұлғыды.


Бірақ Күнсұлудың сенгісі келмеді. Сенбеді де. Бірақ амал не... Әкесі Қаныш та ұлының дүниеден өткеніне өзі сенсе де, жүрегі сенбегендей сезімде болатын. "Кеткені жаңа ғана еді ғой" - деп, қайталай берген қарт өзін мәйітханаға алып баруды талап етті. Көзімен көргісі келді. Бірақ үміт оты сол жерде сөнеді. Мәйітті көрген сәтте байғұс әкенің көзі жасқа толып, ұлының денесін құшақтай құлаған. Маңдайынан сүйіп, еңкілдеп жылады. Еркін де бауырының қолынан ұстай көзіне жас алып, қош айтысып тұр. Өлім айналасына қашанда ауыр тиеді. Әрбір адамға жақынынан айырылу – мына жалған дүниенің өлшемімен алғанда, қайғылы жағдай.


"Сен қайтыс болдың емес пе?"


Жан-жаққа хабар берілді. Үйдің бір бөлмесі босатылып, қапыда қайтыс болған Сержанның жаназасын шығаруға дайындық басталып кетті. Айналаның бәрі түнеріп, төбелеріне бұлт үйірілгендей. Үйде абыр-сабыр. Ерлер жағы мал сойып, әйелдер бауырсақтарын пісіріп жүр. Азық-түлік, басқа да керек анау-мынау алғанға дүкенге шыққан әйелдерді Жексен көлігіне отырғызып алып, орталыққа бет алған болатын. Жолдың жиегінде оған қолын бұлғап, тоқтауға ишарат беріп тұрған Сержанды көргенде Жексеннің қандай сезімде болғанын кім білсін? Екі көзі о дүниеден оралған пендеге қадалып, темір тұлпарының тізгіні жайына қалған сияқты. Өңі ме, түсі ме? Әлде адастырған елес пе?


- Жиналып алып, қайда бара жатырсыңдар? - деп сәлем берді Сержан, бұлар аң-таң түрмен көліктен түскенде.


- Сен қайтыс болдың емес пе? Соған азық-түлік алып жүрміз, - дейді сасқалақтап қалған Жексен.


Еркін сол кезде бауырының денесін алып кетейін деп мәйітханаға келген. Безектеп қоя берген ұялы телефонына жармасқан ол "Сендер мәйітханадан кімді көріп жүрсіңдер?" деген Гүлмираның дауысын естіп, таң-тамаша болды. Кімді дегені несі? Сержанды.


- Әй, Сержаның тірі жүр ғой, міне, алдымыздан шықты, - деп, төбесінен жай түсіргендей жайып салғанда, Еркін қанат біткендей, аяғы жерге тимей үйіне жүгірген.


Тойға ұласты


О дүниеден аман-есен оралған Сержан үй-ішіне: "Сендер неге шулатып жүрсіңдер? Мен қашан сендерге қайтыс болдым деп айтып едім?" - деп реніш білдіреді. Сөйтсе, кешке ол концерт көруге кеткен екен. Концерттен кейін сол баяғы әдетінше ешкімді хабардар етпей, досының үйіне барған. Ал, осы арада түр-келбеті оған ұқсас біреумен шатастырып, сырттай жерлеп тастай жаздапты.


Үйі – қаралы, жүрегі жаралы болып отырған адамдар үшін бұл қайғылы оқиға қызықты аяқталған еді. Жерлеу рәсіміне дайындық қуанышты тойға ұласты. Жан-жақтан көңіл айтуға келгендер думанды отырыстың үстінен түсіп, күлкіге кенеліпті.


Бір адам туралы қайтыс болды деген осындай жалған хабар тарап кетсе, ол ұзақ жасайды деуші еді. О дүниеден оралған Сержанның өмір жасы ұзақ болғай!


Әрине, бір үйдің табалдырығынан қуаныш аттаса, екінші бір үйге ажал періштесі енген еді. Сержанға түрі ұқсайтын мәйітханадағы жігіттің отбасының көз жасы сол күні көл болғаны анық.


Өмір барда, өлім бар. Біреуге ерте, біреуге кеш, әйтеуір, қайтпас жолға барлығымыз да бір кетерміз...


 


Кейіпкерлердің есімі өзгертіліп алынды

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив