KZ
Өскемен
+17°
ясно жел 10 м/с, СБ
446.49 475.38 4.79

"Ми палау", "Үлпершек", "Құйрық май", "Жаужүрек" - ШҚО-дағы ресторан менюі

17.01.2019, 03:21 130

«Алтай дәмі». «Тылсым Шығыс». Ел аузында жүрген бірегей жобалардың авторымен танысып қайттық.


«Дикий Восток»  деген не?


Өскеменде Мұхтар Тойбазаров дейтін ресторатор бар екенін алғаш Дариға Исабаевадан естіген болатынмын. Қазақтың іскер жастарына қолдау көрсетіп жүретін адам ретінде сыртынан жылы сөздер айтқан. Катонқарағайдың өр мінез қызы аға тұтып жүрсе, тегін адам емес шығар деп ойладым. Сол сәтте көзіме сықырлаған қымбат костюм киіп, бұқа мойынын кілең бір бағалы галстуктар қылқындырып жүретін, бүкіл харизмасы жылтыраған бетіне теуіп тұратын, қозы қарын қазақ елестегені есімде. Кейін Facebook желісінен кейіпкерімнің кескінін көріп, қателескенімді ұқтым. Біздің журналистік назарымызды өзіне аударған да сол әлеуметтік желідегі белсенді әрекеттері шығар. Әдетте оның қасынан орыс тілді тілшілер мен блогерлер шықпайды. Соған қарап, көзі қоңыр болғанмен, көңілі орманға қарап ұлиды-ау деп күдіктенетінбіз. Сөйтсек, оның да ішінде ашина рухты көкбөрі ұлып жатыр екен.



Ол құрған «Дикий Восток» атты туристік қозғалыс қазір орыс тілді қауымның арасында өте танымал. Соның арқасында Жидебайдағы Құнанбайдың құдығына, Семейдегі Алашорда музейіне, Зайсан ауданындағы Шілікті қорымына орыс тілді қауым ат басын бұра бастады. Ұлтшылдығы әр жазған сөзінен сезіліп тұратын орыстілді әріптестеріміздің Абай әлемі туралы өз тілдерінде тамсана жазғанын да оқыдық. Шығыстың киелі жерлері несімен қастерлі екенін ділі басқа қоңсыластарымызға ерінбей түсіндіріп жүрген осы Мұхтар Тойбазаров. Тек сол құрған қозғалысының аты ерсілеу, «Дикий Восток».  Біздің Шығыс неге жабайы болуы керек? Шежірелі, шырайлы, шұғылалы деген тіркестер тақияңызға тар келді ме деп сұрадық өзінен.  Еуропалықтардың ацтек өркениетін көлегейлеу үшін «жабайы Батыс» деп айдар таққанын білеміз. Сондықтан кілең орыс тілді жазармандардың киелі Шығысымызды «жабайы» атандыруы бізге аса ұнай қоймаған.


«Бұл жерде «дикий» сөзі жабайы деген мағынада емес. Адам қолының уыты ұшындырмаған, құпияға толы, тылсым жер мағынасында қолдандық. Жобаны қазақша «Тылсым Шығыс» деуге болады», - дейді өзі.


Семей музейіндегі Алаш зиялыларының балауыз мүсінін өз заманына сай етіп киіндірген осы М.Тойбазаров деп еститінбіз.


«Дикий Востоктың» қыз-жігіттерін ертіп Семейдегі Алашорда музейіне бардық бірде. Кілең орысша шүлдірлеген бізге ондағылар алғашында үрке қарағандай болды. Бәрі тамаша. Тарихы да, жәдігерлер де сөйлеп тұр. Тек Әлихан, Міржақыптар осы күнгі базардың арзанқол костюмдерін киіп алыпты. Музей басшыларының рұқсатымен балауыз мүсіндерге сапалы материалдан өз замандарына, статустарына сай киім тіккіздіріп бердім. Қазіргі тілмен айтқанда, «орысқұл» болсам сөйтер ме едім», - дейді Мұхтар.


Қонақжайлығымыз бастық күтуден аспай тұр


«Қазақ қонақжай деп жиі айтамыз. Бұрын солай болған. Қазір оның жұрнағы да жоқ. Қазіргі қонақжайлығымыз бастық күтуден аспайды. Бұрынғының жұрнағы құда күту дәстүрінде ғана қалған. Салтты сақтау деген сөз тығып ұстау дегенді білдірмесе керек. Қазақтың бай әлемін өзгелер де көруі керек. Менің тыраштанып жүргенім сол. Әйтпесе 18 адамды өз ақшаңа қыдыртудың басқа ешқандай ләззатты жоқ. Қазақ әлеміне, дәстүріне, тұрмысына, пейіліне қызыққанда ғана тілімізге қызығушылық пайда болады». Мұхтар Тойбазаровқа ұйқы бермей жүрген қалың ойдың ең сүбелісі осы.


Ол қазақтың қонақжайлығы шетелден келген қандастарымызда ғана қалғанын айтады. Сондықтан жыл сайын «Дикий Восток» мүшелерін Зайсан мен Үржардағы қандастардың шаңырағына апарып жүр.


«Бүркітші Тәттімбет Кәпұлының қонақжайлығын көрген достарым көпке дейін әсерлерінен айыға алмай жүрді. Дөңгелек үстелді айнала отырып, ет жедік, қымыз бен қымыран іштік, көк тағысын қолымызға қондырдық. Арасында туристік фирманың басшысы да бар болатын. Кейін ағылшын туристерді сол Тәттімбеттің үйіне ертіп апарыпты. Шетелдіктерді зәулім ғимаратпен, футуристік сәулетпен қызықтыра алмаймыз. Керісінше, олардан үйренуіміз керек. Ал қазақтың төл тұрмысы мен көшпелі ұстыны таңсық оларға. Осы жағынан ғана ұтамыз», - дейді Мұхтар Тойбазаров.


Әлем экономикасында туризмнің үлесі – сегіз пайыз. Ал Қазақстанда  бұл көрсеткіш 0,001 пайыз ғана. Жыл сайын 80 млн. турист қабылдайтын Франция мен 60 млн. адам қыдырып баратын АҚШ-ты қазаққа үлгі ету әлі ерте шығар. Кеше ғана совет шекпенін бірге жамылған көршілердің өзі турист тартуда бізден оқ бойы озып кетіпті. Жыл сайын Грузияға жеті миллион, Өзбекстанға үш миллион, Қырғыз еліне 800 мың, Монғолияға бір миллион турист келетін көрінеді. Ал бізге жыл сайын 2-3 млн. турист келеді деген ақпараттың артында транзитпен шекара кескен сабылыс жатқаны мәлім болып отыр. Шынтуайтында Қазақстанға турист ретінде келіп, ақша қалдыратын шетелдіктердің саны 60 мың ғана екен. Туризмнің дамуын тежеп тұрған инфрақұрылым мәселесі ғана емес екенін көрсетеді бұл мәлімет.


«Дикий Восток» қозғалысы құрылғалы 19 саяхат ұйымдастырылыпты. Оны Instagram мен Facebook желісінен көрген өзге тұрғындар да дәл сол маршуртпен қыдыратын болған.


«Туризм – шағын және орта бизнестің моторы. Ауылдың тұрмысын туризм арқылы ғана жөндеуге болады. Жол бойындағы сервис, қымызхана мен ұлттық асхана желілері, қолөнер, барлығы да туристердің ақшасына дамитын салалар. Оны жарнамалайтын күш журналистер мен блогерлердің қолында. Сол үшін «Дикий Восток» жобасы ақпарат


өкілдеріне бағытталған», - дейді ресторатор. «Дикий Восток» тобы орыс тілді Facebook қолданушылардың ішінде ең танымал ресурсқа айналып отыр. Яғни, топ мүшелерінің табаны тиген қазақ жерінің әр пұшпағы кемінде 20 мың адамның назарына фотосурет пен бейнеролик түрінде ұсынылады деген сөз.


«Алтай дәмі» - болашақтың бренді


Алты құрлықтың бәріне табаны тиген жерлесіміз туризмнің ең маңызды бөлігі асхана екенін ұғыпты. Сондықтан да «Алтай дәмі» дейтін үлкен жобаны қолға алып отыр.


«Осыдан 3-4 жыл бұрын Өскеменнің қақ ортасына төрт бірдей ақшаңқан киіз үй тігіп, ішін түгел қазақи нақышта әрледік. Өскеменде неге қазақ асханасы жоқ деген әңгіме өршіп тұрған кез болатын. Көп ұзамай ол жоба тоқтады. Өйткені, сұраныс болмады», - деп күледі М.Тойбазаров.


Әйтсе де, оған бола беті қайтқан Тойбазаров жоқ. Қазақтың ұлттық асханасына негізделген 12 түрлі ас ұсынып отыр өз мейрамханаларында. «Қазақ көпшіл болған. Қазіргідей асты жеке отырып ішпеген. Сондықтан тағамдары да көпшілікке арнап дайындалатын. Ал оны қазіргі мейрамхана жүйесіне бағыштау өте қиын. Тамақты баптап ішу жағынан да қазаққа тең келер халық жоқ. Біз соны ресторан бизнесіне лайықтап жатырмыз.  Бір бауырсақтың өзінен бірнеше түрлі тамақ ойлап шығардық. Ал етті Алтай жемістерімен дәмдеп береміз», - дейді ол.



Мұхтар Тойбазаров айтады: Еуропа аралап көрдім, шетелдік жұрт таңсық тамақтың барлығына қызығады екен. Бірақ біз оларға астау-астау ет тартып сүйек мұжыта алмайды екенбіз. Себебі алыс шетелдерден  келетін туристердің тамақтану дағдысы басқа. Ресторандық деңгей қажет. Жоспарымыз осы  -   дәстүрлі дәмімізді ресторанның пышағымен турап, шанышқысымен ұсыну. Енді қараңыз Ми-палау деген  бар қазақта. Біз одан ресторандық ас жасап шығардық. Дәмі сол қалпы, бірақ дайындау және қонаққа ұсыну тәсілі өзгертілген.



Үлпершек  деген ата дәміміз бар оның да дайындау әдістерін заманға сай жетілдірдік. Қойдың құйрық майының өзін тұздап, кептіріп оған түрлі шөп-шаламдар мен дәмдеуіштер қосып ресторандық менюге бейімдедік. Сүзбе құрттың өзін түрлендіріп көбік-мусс, түрлі тұздықтар  қатарына қойдық. Сүр етті пісірмей беру, жаужүрек, жылқы етін жұқалап турап шырғанақ қосып тарту, қазыдан паштет жасап ұсыну айта берсек көп.


Айтуынша, «Алтай дәмінің» 90 пайызын қазақтың ұлттық тағамы құрамақ.   Еліміздің өзге өңірлерінен ерекшелену үшін кәріс пен шешеннің, ескі нанымдағы славян халықтарының тағамдарын да қоспақшы. Бірақ әрқашан төргі табақта қазақтың еті тұрмақ.



-Мәскеуде оқып, сонда жүріп үйлендім. Бір жұбаныш – ұлым қазақ тілін менен жақсы біледі. Бизнесті ауыл шаруашылығынан бастағанмын. Кейін ресторан бизнесіне бейімделдім. Адам толысқан шақта ақша табудың да қызығы жоғалады екен. Сол кезде өзіңе ғана емес, елге де пайдалы іс істегің келеді екен. «Алтай дәмі» идеясы осындай толғаныстан туған жоба, - дейді Мұхтар Тойбазаров.


Дәл сондай толғанысты басқа байлардың да басына берсе ғой...


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив