KZ
Өскемен
-1°
ясно жел 1 м/с, С
443.85 474.3 4.8

Қазақстанда ҰБТ жылына 4 рет өтетін болды

11.01.2019, 04:56 175


Қазақстанда ұлттық бірыңғай тестілеу жылына 4 рет — қаңтар, наурыз, маусым, тамыз айларында өткізілетін болады. Тестілеу ақылы негізде өтеді, құны — 2242 теңге. Алтайньюс тілшісі төрт тестілеудің қыр-сырын түсіндіреді.

Білім және ғылым министрлігінің ақпаратына сүйенсек, 2019 жылы ҰБТ форматы өзгеріссіз қалмақ. Қаңтар, наурыз, тамыз айларында өтетін тестілеуге қатысу арқылы талапкер ЖОО-ның ақылы бөліміне құжат тапсыра алады. Қаңтарда шекті балын жинаған түлек ҰБТ сертификатымен ЖОО-ға тек коммерциялық негізде оқуға түсе алады. Сонымен қатар, ҰБТ-ны қаңтарда тапсырғандар негізгі ҰБТ-ны маусым айында да тапсыра алады және мемлекеттік білім беру гранттарын беру конкурсына қатысады.


Айта кету керек, 2019 жылғы ҰБТ форматы еш өзгеріссіз қалады. Оқуға түсуші дәстүрлі түрде 3 міндетті пән (Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы) және 2 бейімдік пән бойынша тестілеуден өтеді.


Қаңтар, наурыз айларында өтетін тестілеуді талапкер ҰБТ өткізілетін өзіне ыңғайлы кез-келген пунктіде тапсыра алады. Тек тестілеуге қатысу үшін ҰБТ өткізу пунктіне көрсетілген мерзімде өтініш беру қажет.


Еске сала кетейік, 2018 жылдан бастап әр түлекке ҰБТ сертификатымен бірге, білім беру бағдарламаларының тізімі, бөлінген гранттардың саны, сондай-ақ, өткен жылғы гранттар конкурсының нәтижелері жазылған ақпараттық парақша беріледі. Аталған ақпараттық парақша түлекке өзінің болашақ мамандығын таңдау кезінде көмек болады.


2019 жылы мемлекеттік білім беру гранттары білім беру бағдарламаларының топтары бойынша тағайындалатын болады. Мәселен, «Математика пәні мұғалімдерін даярлау» тобына «Математика», қосарланған «Математика-Физика», «Математика-Информатика» мамандықтары кіреді. Ал, «Ақпараттық технологиялар» тобына — «Информатика», «Ақпараттық жүйелер» және т.б. Яғни, білім беру гранттарының тағайындалуы бұрынғыдай мамандықтар бойынша емес, білім беру бағдарламаларының топтары бойынша жүзеге асырылатын болады. Грант ұтып алған соң оқуға түсуші (талапкер) ЖОО-ға таңдаған білім беру бағдарламасы бойынша тіркеліп, ЖОО-ға құжаттарын тапсыру кезінде таңдап алған мамандығы бойынша білім алатын болады.


 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив