KZ
Өскемен
-6°
ясно жел 2 м/с, СБ
443.85 474.3 4.8

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің басымдықтарын айқындап берді

30.04.2022, 17:00 259

Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты XXXI сессиясының жұмысына қатысты, деп хабарлайды Ақорда. 

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Ассамблея сессиясын Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында өткізу игі дәстүрге айналғанын және мұның зор символдық мәні бар екенін атап өтті.

– Бірлік, татулық және бейбітшілік – біздің мызғымас құндылықтарымыз. Оның айрықша маңызды екенін қаңтар оқиғалары кезінде айқын сезіндік. Қазір қатерлі күндер артта қалды. Сол кезде  қандай қауіппен бетпе-бет келгенімізді уақыт өткен сайын ұғына түсеміз.  Шын мәнінде, біз мемлекеттілігімізді жоғалтып ала жаздадық. Халқымыз қаңтар қасіретінен сабақ ала білуі керек. Енді ондай жағдай қайталанбауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тиіспіз, – деді Президент.

1651219187_KZ3_2734.jpg


Мемлекет басшысы жаңа сын-қатерлердың туындауына ықпал ететін геосаяси ахуалдың ушығып тұрғанына тоқталды. Оның пікірінше, мұндай жағдайда еліміздің азаматтық бірегейлігін нығайтып, отаншылдық рухты көтеруге баса мән беру керек.

–  «Бірлігіміз – әралуандықта» деген басты қағидатымыз ешқашан өзгермейді. Біз жас ұрпақты нағыз отаншыл азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Осы ретте саяси және қоғамдық плюрализмнің радикалды сипат алуына жол берілмейді. Әсіресе, азаматтарды кемсітуге, олардың ары мен намысын таптауға болмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, Ассамблея құрылған уақыттан бері азаматтық бірлікті нығайтуға елеулі еңбек сіңірді.     

– Қазақстан халқы Ассамблеясы жаңа жағдайда біздің бейбітшілік пен келісім жөніндегі саясатымыздың берік әрі институционалды тірегі қызметін атқаратынына сенімдімін. Бүгінгі сессияның міндеті – Ассамблеяның саяси жүйені реформалау ісіндегі орны мен рөлін анықтау, оны әрі қарай дамытудың бағытын белгілеу.  «Біз әртүрліміз – біз теңбіз» қағидаты саяси жаңғырудың іргелі компоненті деген пікірді ұстанамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив