KZ
Өскемен
+8°
ясно жел 11 м/с, С
443.85 474.3 4.8

Смайылов: азық-түлік бағасын ұстап тұру – бірінші кезектегі маңызды мәселе

9.04.2022, 17:02 119

Қазақстанның премьер-министрі Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтар жұмысының тиімділігін арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы кеңес өткізді
Қазақстан үкіметінің басшысы Әлихан Смайылов бейіндік министрліктер мен ведомство басшыларының баяндамасын тыңдады, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы премьер-министрінің баспасөз қызметі.
Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаев өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсімі 0,9%-ті құрағанын айтты. Сонымен қатар ол "айналым схемасын" қаржыландыруды ұлғайту жұмысы өңірлерде төмен деңгейде жүріп жатқаны атап өтті: жоспарланған 100 миллиард теңгенің 58,3 миллард теңгесі ғана бөлінді.
ҚР ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев те баяндама жасады.
"Елдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры шамамен 643,5 мың тоннаны құрайды. Қант зауыттары өнімін есепке алмағанда, шамамен 30 мың тонна қант қоры бар. Бұл ретте ел ішінде үздіксіз өндіріс қамтамасыз етілді және Үндістаннан қосымша қант көлемін жеткізуді қарастыратын келісімшарт жасалды", - деді ол.
Бұдан бөлек, кеңесте көкөніс қоры бойынша облыстық әкімдіктердің деректері де айтылды. Республика бойынша картоп қоры - 199 мың тонна, қырыққабат – 17,2 мың тонна, сәбіз – 43,1 мың тонна, пияз – 23,1 мың тонна.
Баяндамаларды тыңдағаннан кейін Әлихан Смайылов бір апта ішінде азық-түлік айтарлықтай қатты қымбаттаған өңірлерге қатысты пікір білдірді.
"Маңғыстау облысында пияз 39,2%-ке, сиыр еті 5,5%-ке қымбаттаған. Өткен жылы біз Жамбыл облысының фермерлерімен өңірге пияз жеткізу бойынша уақытылы келісімшарт жасау қажеттігі туралы бірнеше рет айтқан едік. Бұл жұмыс орындалмады, сол себепті қымбатшылық болып отыр. "Айналым схемасына" жоспарланған 3,6 миллиард теңгеден 1,1 миллард теңге бөлінді. Бөлінген қаражаттан кәсіпкерлерге 177 миллон теңге ғана бағытталды", - деді Смайылов.
Ол соңғы екі жылда Солтүстік Қазақстан облысында сүт-тауар фермаларын салуға ауқымды қаражат бөлінгенін атап өтті. Нәтижесінде өңірде сүт өнімдері, айран, сүзбе мен сары май бағасы сәйкесінше 14,3%-ке, 9,5%-ке және 5,3%-ке қымбаттады.
"Азық-түлік бағасын ұстап тұру – бірінші кезектегі маңызды мәселе. Мен "айналым схемасын" қаржыландыруды арттыруды бірнеше рет тапсырған едім. Алайда бүгінде бұл жұмыс тиісті деңгейде орындалған жоқ. Осы айдың соңына дейін қаржыландыруды 100 миллард теңгеге дейін арттыруды тапсырамын. Алдағы аграрлық маусым қарсаңында өңірлерде күзгі ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуге форвардтық шарт жасау бірінші кезектегі міндет болуға тиіс. Егер қазір мүмкіндікті жіберіп алсақ, маусымаралық кезеңде біз тағы баға өсіміне тап боламыз", - деді Смайылов.
Ол азық-түлік өнімдері бағасының өсуі жалақыны, зейнетақыны, әлеуметтік төлемдерді арттыру және жалпы мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша үкімет жүргізетін азаматтардың кірістерін ұлғайту жөніндегі ауқымды жұмыстың барлығын жоққа шығарып жатқанын айтты.
"Бұл халықтың наразылығын тудырып отыр. Әкімдер мен министрлер бұл мәселеге ерекше назар аударуы керек", - деді премьер-министр.
Смайылов ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, тұрақты негізде өндіріс пен тұтыну теңгерімін өзектендіруді, ауыл шаруашылығы өнімдерінің қажеттіліктерін ескере отырып, өңірлер арасында оларды жедел тәртіпте жеткізуді тапсырды. Сондай-ақ көкөніс тапшылығы мен қажеттілігін ескере отырып, егілетін дақылдарды әртараптандыру бойынша шаралар қабылдау қажет. Саудадағы үстеме бағаны бақылауға ерекше назар аудару керек.
Кеңесте арнайы экономикалық аймақтар қызметінің тиімділігін арттыру шараларын қабылдау мәселесі де қаралды.
ҚР ИИДМ басшысы Қайырбек Өскенбаев өз сөзінде кейбір өңірлерде арнайы экономикалық аймақтардың аумағын кеңейту, оңтайландыру жүргізу, инфрақұрылым құрылысын аяқтау, бейінді емес қызмет түрлерін қысқарту жоспарланып отырғанын хабарлады.
"Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылдың 25 сәуіріне дейін үкіметке арнайы экономикалық аймақтарды дамыту жөніндегі өзектендірілген Жол картасын ұсынуды тапсырамын", - деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив