KZ
Өскемен
+6°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, ОШ
448.15 483.46 4.86

Аумақтық қорғаныс бойынша Ахмерде әскери жиын басталды

Фото: Altaynews

24.05.2023, 15:43 658 Дәурен Аллабергенұлы

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің өкіміне сәйкес, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының келісімімен Ахмер кентіндегі әскери бөлімнің полигонында Шемонаиха ауданынан шақырылған әскери міндеттілермен аумақтық қорғаныс бойынша 10 күндік оқу-жаттығу әскери жиындары 22 мамырдан басталды.

Аумақтық қорғаныс – Қазақстан Республикасының халқын, стратегиялық объектілері мен коммуникацияларын теріс пиғылды сыртқы күштердің әрекеттерінен, диверсиялық немесе терроризм актілерінен қорғау, сондай-ақ төтенше немесе әскери жағдай режимдерін енгізу және қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі жүзеге асыратын іс-шаралар жиынтығы, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

 

– Әскери жиындардың негізгі мақсаты – запастағы әскери міндеттілердің жауынгерлік даярлық деңгейін шыңдау, бекітілген техника мен қару-жарақты қолдану шеберлігін арттыру. 22 мамырдан бері Шемонаиха ауданынан онкүндікке келген сексенге жуық әскери міндетті өздерінің шеберліктерін арттырып, даярлықтарын пысықтауда. Жиын жоспарында автомат пен пулеметтен және танкіге қарсы гранатамёттен атыс дайындығы, оқу атыстары, бөлімше құрамындағы іс-қимылдардың тактикасы мен әдістерін зерделеу, маңызды стратегиялық объектілерді күзету және қорғау, саптық даярлық бойынша сабақтар өткізіледі. Олар біздегі полигон жанынан құрылған шатырлы қалашықта тұрады және жиын аяқталған соң әскери ант қабылдайды, – деп түсіндірді 99230 әскери бөлімінің Шығыс Қазақстан облысы аумақтық қорғаныс бригадасы командирі, полковник Мейрам Сейлғазинов.

 Оқу-жаттығу жиындарынан өтіп жатқан әскери міндеттілер Қарулы Күштердің құрамдас бөлігі болып табылатын, Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірлігі шекарасы шегінде тиісті міндеттерді орындауға арналған аумақтық қорғаныс бөлімшесінің (құралымының) құрамына кіреді.

– Әскери жиындарды қажетінше материалдық-техникалық жабдықтау облыстық бюджеттен қаржыландырылды, оның ішіне үш мезгіл тамақтандыру, жатын орынмен қамтамасыз ету, медициналық және көліктік қамтамасыз ету кіреді. Дәрігерлік көмек, ас ішетін, таңертең және кешкілік жуынатын орындары бәрі де қарастырылған. Мұндай жиын жылына екі рет, он күннен болады. Мамырда Шемонаиха келсе, қыркүйек айында Алтай ауданынан бір рота қабылдаймыз. Әскери тілмен айтқанда, ротаны толық жауынгерлік даярлыққа келтіреміз, – деді облыс әкімінің әскери қауіпсіздік пен қорғаныс бойынша көмекшісі, полковник Әділет Сақауов.

 Әскери жиынға запастағы солдат, сержанттар 50 жасқа дейін, ал офицерлер 60 жасқа дейін шақырылады. Жауынгерлік шеберліктерін шыңдаған әскери міндеттілерге әлдеқандай қауіп төне қалса, жергілікті территорияны қорғауға қатысу жүктелмек.

– Бүгінгі жиынға Шемонаиха қаласынан келдім. Ол жақтағы Артемьев шахтасында шпур бұрғылаушымын. Алғашқы күндері сақтық шаралары мен практикалық дәрістерді өтудеміз. Сапта жүруді және қаруды қолдануды үйренудеміз, себебі бұл жерде әскерде болмаған адамдар да бар. Мұнда біз үшін барлық жағдай жасалыпты, далалық шатырдамыз. Үш уақыт тамақпен және әскери киіммен қамтамасыз етті. Алғашқы алған әсерлеріміз жақсы. Оның үстіне 22 мамыр мен 31 мамыр аралығындағы он күнде негізгі жұмыс орнымыз сақталады және мемлекет тарапынан орташа айлық төленеді, – дейді оқу-жаттығу жиынының жауынгері Еркін Қайратов.

 Жиынды ұйымдастырушылардың айтуынша, жоспар бойынша осындай оқу-жаттығу жиындарын Шығыс Қазақстан облысының қалалары мен аудандары аумақтық қорғанысының басқа бөлімшелері де ұйымдастырмақ.

 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив