Алтай ауданында тұрғын үй құрылысы қарқынды

Алтай ауданында тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі біраз жылдар бұрын қолға алынған болатын.
Атап айтсақ, 2012 жылы 60 пәтерлі, ал 2013 жылы 80 пәтерлі тұрғын үй салынды. Ол бапаналар мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға кезекте тұрған адамдарға берілген.
- 2018 жылы аудан орталығындағы Рудный көшесінде, 10 шағын ауданда тағы 60 пәтерлі тұрғын үй салынып, көпбалалы 24 отбасыға, 12 жетім балаға зейнеткерлерге, I және II топтағы мүгедектерге және мүгедек балалары бар отбасылар мен толық емес отбасыларға табысталды,-деді Алтай ауданының әкімі Қалихан Байғонысов.
Аудан әкімінің айтуынша, 2020 жылы ШҚО әкімі Даниал Ахметовтың тапсырмасы бойынша "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында Алтайда тұрғын үй алуға кезекте тұрған көп балалы отбасылар үшін жалға алу құқығымен 14 бір қабатты жеке тұрғын үй салынды.
Биыл ауданда тұрғын үй құрылысы жалғасуда. Әкімдікте хабарлағандай, енді "Бір қабатты Шығыс" бағдарламасы бойынша Алтай қаласында 20 жеке тұрғын үй, Серебрянск қаласында 5 бір қабатты және Жаңа Бұқтырма кентінде 5 коттедж салынуда. Сонымен қатар, Алтай қаласындағы Рудный көшесінде 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы қарқынды түрде жүргізілуде.