KZ
Өскемен
+16°
ясно жел 11 м/с, С
446.49 475.38 4.79

Биыл ШҚО-да республикалық маңызы бар мыңдаған шақырым жол жөнделмек

3.11.2021, 10:33 153

Шығыс Қазақстан бойынша республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы желісі 3 414 километрді құрайды. Оның ішінде ағымдағы жылы жол-құрылыс жұмыстары 1074 километрде жүргізілуде.
Баспасөз конференциясында "ҚазАвтоЖол "ҰК" АҚ Шығыс Қазақстан филиалының директоры Асылбек Нұғманов биыл жұмыстарға 33 млрд теңгеден астам қаражат бөлінгенін, атап айтқанда, бұл автожолдарды қайта жаңартуға, күрделі және орташа жөндеуге, күтіп-ұстауға қаражат бөлінгенін хабарлады.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылы "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 869 шақырым болатын Шығыс Қазақстанның "Талдықорған – Қалбатау – Өскемен" және "Қалбатау – Майқапшағай" екі маңызды көлік дәлізін қайта құру жалғасуда. Асылбек Нұғмановтың айтуынша, бүгінгі таңда жобалар бойынша 490 шақырым асфальт-бетон жабыны, 600 шақырым жолдың негізі қаланып, үш көлік айрығы, 19 көпір, 375 су өткізу құбыры салынды.

- Қауіпсіз жүріп өтуді қамтамасыз ету бойынша жұмыстардың аяқталуына қарай, атап айтқанда жол жиектерін төгу, белгілерді орнату, жол таңбаларын салу, автокөлік қозғалысы негізгі жол бойынша ұйымдастырылады. Жыл соңына дейін "Талдықорған – Қалбатау – Өскемен" бағытында жаңа жол ашу жоспарлануда. "Қалбатау-Майқапшағай" бағыты бойынша қозғалысты қиыршық тас негізінің жоғарғы жағынан ашу жоспарлануда. Одан әрі Ақсуат ауылына бұрылыстан "Майқапшағай" өткізу пунктіне дейінгі учаскеде қозғалыс жаңа жабын бойынша болады, - деп хабарлады Асылбек Нұғманов.

Жалпы, қайта жаңартуды 2022 жылы толық аяқтау жоспарланып отыр.
Спикердің айтуынша, биыл республикалық маңызы бар "Таскескен – Бақты" автомобиль жолының ұзындығы 20 шақырым учаскесін қайта жөндеу аяқталып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ, реконструкциялау аясында бүгінгі күні "ҚазАвтоЖол" филиалы жалпы ұзындығы 100 шақырым болатын "Өскемен – Семей" автомобиль жолының учаскелерін жобалауды жүргізуде. 
Катонқарағай ауданындағы Берел ауылы мен "Рахман қайнары" шипажайы арасындағы төрт көпірді күрделі жөндеудің жобалық-сметалық құжаттамасына түзету жұмыстары басталды. Жобаны іске асыру 2022 жылға жоспарланған.
Ағымдағы және келесі жылға республикалық маңызы бар 185 шақырым автожолға, атап айтқанда "Семей – Қайнар", "Қарағанды – Аягөз – Тарбағатай – Бұғаз", "Омбы – Майқапшағай – Қалжыр – Марқакөл", "Өскемен-Алтай – Рахман қайнарлары" бағыттары бойынша орташа жөндеу жүргізу жоспарда бар. Ағымдағы жылы Аягоз және Тарбағатай аудандары арасындағы ұзындығы 56 шақырым учаскені асфальттау жұмыстары басталды.
Асылбек Нұғманов баспасөз конференциясы барысында Осинов асуын айналып өтіп, учаскені қайта құру бойынша жұмыстардың барысына түсініктеме берді.

- Жолдың бір бөлігі орман қоры аумағы арқылы өткендіктен, бұл жерлерді автомобиль жолдары комитетінің меншігіне шығару жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда бұл процедура аяқталды, ЖСҚ түзетілді. Құжаттама Қаржы министрлігінің қарауында. Бюджет қаражаты келесі жылы бөлінеді деп күтеміз, – деп түсіндірді спикер.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив