Бір қабатты Шығыс: Зайсандағы үйдің сапасы сын көтермейді
Зайсан ауданының тұрғыны көпбалалы отбасына берілген үйдің сапасы сын көтермейтінін айтып шағымданды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
– Мынау Зайсан қаласында көп балалы отбасыларға берілген үй. Сапасы сын көтермейді. Жазда терезе аша алмайсың. Қыста суықтан қабырғалар көгеріп кетеді. Осы мәселемен ТҮКШ бөлімінің басшысы Сегізбаев Аянға, аудан басшылығындағы Серік Нәсіпқазыұлына және Ринат Тауасаровқа неше қайтара хабарластым, жауап жоқ. Жоқ емес-ау мердігерді алып келіп, құр уәде беріп кетеді, – деп жазды әлеуметтік желіге бейнежазба жариялаған Асхат Смағұлов есімді тұрғын.
Ал аудандағы жауапты бөлімнің өкілдері жөндеу жұмыстарын үйді салған жеке кәсіпкер жүргізетінін айтады.
– Сіздің «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасымен салынған тұрғын үйдің жөндеу жұмыстарын құрылысты салған кәсіпкер тарапынан қалпына келтіру туралы ескертілгендігін хабарлаймын, – деп жазылған Зайсан ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы А.Типеевтің ресми жауабында.