KZ
Өскемен
+11°
облачно с прояснениями жел 5 м/с, Ю
448.15 483.46 4.86

Тозған...қираған...шөп басқан..."Коменданткаға" бөлінген қаржы қайда?

21.07.2022, 17:05 201

2018 жылы Өскемендегі Комендантка аралын қайта құру жұмыстары жүргізіліп, рекрациялық аймақ тұрғындардың пайдалануына саябақ ретінде берілген еді. Одан бері 4 жыл өтті. Тұрғындар тағы да саябаққа күрделі жұмыстар қажет деп отыр.

Себебі көп жерлерде тротуар, орындықтар, қоқыс жәшіктері, шағын архитектуралық пішіндер қирап, жарамсыз болған. Ал гүлзарларды арамшөп басқан. Суарылмайды, күтілмейді.

1

-   Ел ішінде "Поганка" атанған Комендантка каналы тазаланып абаттандырылғанда қатты қуанып едік. Бүгінгі кейпі осындай! Көлікпен жүрген жігіттер білмеуі мүмкін, жаяу ары-бері жүрсеңіз көресіз, - деп әлеуметтік желіде тұрғындар саябақтың бүгінгі халін фотоға түсіріп көрсеткен.

7

Байқағанымыздай, пікір қалдырғандардың көпшілігін бір ғана сұрақ мазалайды - «Комендантка жөнделе ме?»

Бұл сұрақты білмекке біз де Өскемен қаласының ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен сұрап, сауалхат жолдадық. Бөлім басшысының орынбасары Ерназ Мукатаев саябақты күтіп ұстау «ТАЗА Өскемен» ШЖҚ КМК мердігерлік ұйымының құзіретіне кіретінін айтады.

- «ТАЗА Өскемен» ШЖҚ КМК мердігерлік ұйымымен 25.02.2022 күні шарт жасалды. Қалалық бюджет қаражаты есебінен күтіп ұстауға жататын саябақтар мен скверлердің тізбесі енгізілді, сол тізімге Комендантка саябағы да кіреді, - дейді Өскемен қаласының ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Ерназ Мукатаев.

Мемлекеттік сатып алу алу порталындағы аталмыш №55 шартты іздеп көрдік. "Өскемен қаласының тұрғын үй - коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" ММ ақпан айында Өскемен қаласында көшелер мен жолдарды күтіп ұстау бойынша байқау өткізіп, аталмыш мекеме жеңімпаз атанған екен. Енді жыл аяғына дейін тізімде бекітілген жұмыстар үшін мердігер ұйым 1 млрд 618 млн 273 мың теңге бюджеттен алады. Оның тізімінде "Комендантка" саябағы да бар. 

goszakup.gov.kz

Осы шарт бойынша мердігер ұйым жазғы кезеңде саябақтар мен скверлер, жаяужолдарды сыпыру және қоқыс жәшіктерін қоқыстан тазарту, көгалдарды қоқыстан және түскен жапырақтардан тазарту, штампты тазалау және өскіндерді жою, көгалдарды шабу жұмыстарын орындауы тиіс. Сондай-ақ, қажет болған жағдайда, бөлінген қаржыландыру лимиті шеңберінде ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуі керек. Алайда, ондай жұмыстарды тұрғындар көрмеген. Қызметкерлер тек сыпырып, қоқыстарын ғана тазалап қояды.

4

- Отырғызылған көшеттер мен шыршаларды, жасыл желектерді, гүлзарларды, көшеттерді суаруды орындау қажеттілігі туралы «ТАЗА Өскемен» ШЖҚ КМК мердігерлік ұйымына ескерту жіберілгенін хабарлаймыз, - дейді бөлім басшысының орынбасары Ерназ Ерланұлы.

Төрт жыл бұрын жасалған жоба авторларының тағы бір кемшілігі – саябаққа келетін демалушылардың аптап ыстық күннің астында «шыжып» отыруы, яғни күннен қорғайтын арнайы шатырлар жоқ, қалың ағашты паналайсың. Ал күн астында тұрғындар спортпен де шұғылдануға тіптен құлықсыз.

6

Осылайша, қала тұрғындары «Комендантка» арнасын қалпына келтіруге жұмсалған және жыл сайынғы күтіп баптау үшін бөлінген қаржы нәтиже бермеді, жаяу және рекреациялық аймақ халықтың демалысы үшін өз қызметін атқармай тұр деп есептейді.

Ал күрделі жөндеу жуық арада жүргізіле ме, ол әзірге белгісіз. Қойған сұрағымызға бөлімнен мардымды жауап ала алмадық.

3

5


 

 

 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив