KZ
Өскемен
+17°
облачно с прояснениями жел 5 м/с, С
447.4 477.55 4.76

Күршімде көпір құлағалы тұр

19.07.2022, 17:04 98

Күршім ауылынан қалаға шығатын тұсында үлкен канал арқылы өтетін көпір жарылып, апаттық жағдайда тұр, деп тұрғындар дабыл қағуда.

Бейнежазбада көрініп тұрғандай, көпірдің бір тақтасы тұғырынан тайып, құлауға таяп қалған. Үлкен салмақтағы көліктер өткен сайын тақта алға жылжып, үстіне қарай шығып кетеді. Ауданның тыныс-тіршілігіне бей-жай қарамайтын азаматтар кез келген уақытта көпірдің қақ айырылып, адамдар опат болып кетуі мүмкін деп алаңдаушылық танытуда.

Тіпті, ақсақалдар алқасының кеңес мүшелері, ауданның белсенді азаматтары мен жол полициясы қызметкерлері жөндеуді қажет ететін көпірдің қазіргі жағдайын көріп, аудан әкімі мен әкім аппаратына арнайы хат та жолдаған.

-  Тыйым салатын және жылдамдықтың белгілері қойылды, абай болуларыңызды сұраймыз! Ең өкініштісі бір ай бойы қаншама лауазымы бар адамдарға ескерттік, ешбіреуі қолға алмады. Сондықтан да бүгін өзіміз тексеріп, қауіпті жағдайын көрдік. Ендігі кезеңде коммуналдық шаруашылық шұғыл түрде уақытша көпір салуды қолға алса, ал полиция қызметкерлері үлкен тонналы жүк көліктерін өткізу бойынша жұмыстарды қолға алса, адамдардың қауіпсіздігі үшін атсалысқан болар еді, - дейді белсенді азаматтар. 

Кұршім. Апаттық жағдайдағы көпір

Десе де, аудан басшылығы олардың үнін естіп, көпірдің жағдайына қатысты бірқатар шаралар қабылдап жатқанын айтады. Қазір мұнда жол қауіпсіздігі бойынша полиция қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік етуде және салмағы 15 тоннадан асатын көліктердің ол жерден өтуіне тыйым салынған.

-  Көпірдің бір жағы тұғырынан тайып кеткен. Визуалды жағдайы бойынша акт жасалды. Тіпті, үлкен жүк тасымалдаумен айналысатын кәсіпкерлер де келіп көрді. Қазір көпірдің бір жағын жаптық. Өзімізде маман жоқ, сол себепті қаладан сарапшы мамандарды арнайы шақырттық. Олар бір-екі күнде көпірдің жағдайын қарап, ары қарай жаңадан көпір салу немесе жөндеу бойынша шешім шығарады. Сол шешім негізінде әрекет етеміз. Егер жаңадан көпір салу керек болса, уақытша айналма жол жасаймыз, - деп жауап берді Күршім ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Шораяқов. 

 


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив