Өскемен
-18°
туман ветер 2 м/с, СЗ
468.98 493.74 7.59

ШҚО-ның үздік тауар өндірушілері кімдер?

8.07.2022, 16:26 1 0 Мадина Амангелдіқызы

Өскеменде өткен «Қазақстанның үздік тауары» конкурс-көрмесінің өңірлік кезеңіне Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарынан 70-тен астам тауар өндіруші қатысты.

WhatsApp Image 2022-07-08 at 12.11.15.jpeg

Тауар өндірушілер арасында дәстүрлі түрде өткізілетін «Қазақстанның үздік тауары» конкурс-көрмесінің республикалық деңгейдегі ұйымдастырушысы Қазақстан Республикасының «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы болып келеді. Ал жергілікті жерде аталмыш конкурстың ұйымдастырушысы өңірлік Кәсіпкерлер палатасы болса, оған қаржылай қолдауды облыс әкімдігі көрсетеді.

WhatsApp Image 2022-07-08 at 12.11.12.jpeg

Жалпы, бұл шараның басты мақсаты жергілікті жерлердегі тауар өндірушілерді қолдау, оларды өз өнімдері мен көрсететін қызметтерінің сапасын жақсартуға ынталандыру, отандық брэндтерді шығаруға итермелеу арқылы еліміздегі өндірістің дамуына серпіліс беру болып табылады. Конкурсқа ел аумағында өнеркәсіптік, азық-түлік, өндірістік-техникалық бағытта өнім өндіретін әрі тауар өндіруде үнемі жоғары стандарттар мен сапа ұстап отыратын, оны одан ары дамытуға мүмкіндік жасайтын кәсіпорындар қатысып, көпшілік назарына өз өнімдерін ұсынды. Жалпы, Шығыстың кәсіпкерлері аталған конкурстың әр кезеңдерінен сүрінбей өтіп, өз тауарларын қай кезде болмасын жақсы жағынан таныта білетіні хақ. Мұның бір дәлелі, әр жылдары өткен «Қазақстанның үздік тауары» конкурсының республикалық деңгейінде Шығыс Қазақстанның алты кәсіпорнының жеңімпаз атануы.

Бұл жолғы конкурсқа да қатысуға ниет білдірушілер қатары аз болған жоқ. Атап айтсақ, Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарының жетпістен астам тауар өндірушісі өз тауарларын көрмеге қойды. Конкурсқа қатысушылар «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар», «Халыққа арналған үздік тауар» және «Үздік азық-түлік тауары» сынды үш номинация бойынша сынға түсті. Әр номинация бойынша үш жеңімпаздан анықталған соң, олар онлайн дауыс беруге қатысады. Келесі кезекте оларды арнайы комиссия қарап, еліміздің үздік тоғыздығы қатарына қосып немесе қоспауды шешетін болады.


– Біздің бұл конкурсты өткізіп келе жатқанымызға 14 жылдың жүзі болды. Өкінішке қарай әлемді жайлаған коронавирустық пандемия бірқатар өзгерістер енгізгені белгілі. Бірақ осыған қарамастан біздің кәсіпкерлеріміз сапалы тауар шығарып, оны халықтың тұтынуына беруін тоқтатқан жоқ. Біздің жеңімпаздарымыздың бизнес саласында өзіндік орны бар кәсіпорындар болатынына нық сенімдімін. Өңіріміз қай кезде болмасын ел дамуының драйвері болып келе жатқаны барлығымызға белгілі. Өңірдегі Казцинк, ҮМЗ, ТМК, Ақтоғай кен-байыту комбинаты, Бақыршық кен орны мен басқа да ірі кәсіпорындар өздерінің өндіріс көлемін жыл санап арттырып келеді, - деді Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Шәкәрім Бұқтұғұтов.


Оның айтуынша, өткен жылы Шығыс Қазақстанның шағын және орта бизнесінің үлесі еліміз бойынша жалпы көрсеткіштің 20 пайызын құраған. Бес жыл бұрын өңіріміздің аталмыш көрсеткіште алтыдан бірін ғана иеленгенін алға тартқан ол, облыстың әр үшінші тұрғынының осы іске белсенді түрде өз үлесін қосып жатқанын атап өтті.


– Жалпы, еліміздегі орта және шағын бизнестің дамуына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тұрақты назар бөлуі өзінің жағымды әсерін тигізіп отырғаны рас. Сондай-ақ, бұл бағытта ел Үкіметі де жақсы жұмыс істеуде. Оның бір дәлелі, Үкімет басындағыларды жуықта аталмыш саланы дамытуға қосымша 400 миллиард теңгеден астам қосымша қаражат бөлуі, - деп қосты Шәкәрім Бұқтұғұтов.


Конкурс-көрменің ашылу салтанаты жылдағыдай қызыл лента қиюдан басталды. Бұл жолы шараның ашылуында қызыл лентаны осыдан бірнеше жыл бұрын тауарлары үздік деп танылып, конкурстың республикалық деңгейінде жеңімпаз атанған «Эмиль» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атқарушы директоры Кристина Ващук қиды.


– 2017 жылы біздің кәсіпорнымыз «Қазақстанның үздік тауары» конкурсының «Үздік азық-түлік тауары» номинациясында үздік деп танылып, жеңімпаз атанған болатынбыз. Аталмыш конкурста орын алу, бұл тауар сапасының шынымен де үздік әрі бізге деген сенім екенін білеміз. Қандай болмасын өндіруші үшін бұл өз тауарын қалың көпшілікке танымал етудің ең жақсы мүмкіндігі. Сондықтан, аталған конкурсқа қатысудың маңызы өте зор, - деді Кристина Ващук.


Жәрмеңке форматында өткен көрмеде келушілер оны тамашалап қана қоймай, сонымен қатар өздеріне ұнаған тауарларды сатып алуға да мүмкіндік алды. Оған қоса, бұл жерде кәсіпкерлер жаңа іскерлік қарым-қатынастар орнатып, өздеріне болашақ бизнес әріптестер мен тұтынушылар тапты.

Конкурс нәтижесінде көрермендер назары сыйлығы «А7» жеке кәсіпкерлігіне бұйырса, Мельникова Н. В. «Sweet home» жеке кәсіпкерлігі «Белсенді қатысқаны үшін» дипломын алды.

Ал «Қазақстанның үздік тауары 2022» өңірлік конкурсының дәстүрлі түрде берілетін «Өндірістік бағыттағы үздік тауар» номинациясын «SP Jet», «MSK Group kz» және «Казэлектромаш» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері иеленсе, «Халыққа арналған үздік тауар» номинациясы бойынша «Керемет» жеке кәсіпкерлігі мен «Терра Вита» кәсіпорны және «Роза» киіз басу комбинаты үздік деп танылды. Ал «Үздік азық-түлік тауары» номинациясы осы салада ерекше көзге түсіп жүрген «Arnna Minerals», «Багратион Ұлан» және «Бұқтырма уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы» кәсіпорындарына бұйырды.

Алдағы уақытта аталмыш ұйымдар республикалық деңгейде өтетін конкурста Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарының атынан сынға түсетін болады.

WhatsApp Image 2022-07-08 at 12.11.14.jpeg

Біздің Instagram-ға жазылыңыз

Жаңалықтарды жылдамырақ көріңіз

Жазылу

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив