KZ
Өскемен
+12°
ясно жел 7 м/с, С
446.49 475.38 4.79

Құрбан айт: Өскеменде киіз үйлер тігіліп, халыққа тегін тамақ таратылады

7.07.2022, 16:54 224

9 шілде күні Айт намазынан кейін «Халифа Алтай» мешітінің алдында үш киіз үй тігіліп, тегін бауырсақ таратылып, шай беріледі, деп хабарлайды Altaynews тілшісі. 
Одан бөлек, арқан тарту, қол күрес, гір тасын көтеру сынды спорт түрлерінен жарыс өтеді. Мешіт жанына сахна құрылып, қаланың шығармашылық ұжымдары мен этномәдени бірлестік өкілдері өнер көрсетпек. 

- Жамағат айт мерекесін тойлауды сағынып қалды. Биыл айт намазынан кейін бұқаралық іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. «Уақып» корпоративтік қорынан атынан киіз үй маңында халыққа тегін тамақ тарату қарастырылған. Жалпы қала кәсіпкерлері тарапынан түрлі қайырымдылық шаралары қолға алынып отыр, - дейді ҚМДБ Зекет және қайырымдылық қорының Өскемен аймағы бойынша өкілдігінің өкілі Берік Кәдірұлы.

Ислам дінінде қастерлі екі мереке болса, соның бірегейі және ұлығы – Құрбан айт. Мешіт қызметкерінің айтуынша, барша мұсылман жамағатына ортақ мерекенің маңызы ерекше. 3 күнге созылған бұл айтта мұсылмандар бір бірімен жақындасып, жанжалдасқандар татуласып, мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, мейірім мен ізгілік насихатталады.

- Айт мерекесінде, ең алдымен, отбасын, жақындарын қуантудан бастау керек. Яғни, сыйлық алып, ағайын-туыстарман дидарласып, айтшылау керек. Жалпы қазір халық айтшылаудан, араласудан қалды. Айттың мәні тек қана құрбан шалып, Аллаға ғана құлшылық ету ғана емес, ағайынның арасын қосу. "Құрбан" сөзі араб тілінде "жақындау" дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу, - деді Берік Кәдірұлы. 

Өскемен қаласы бойынша мерекелік бағдарламада:

1.   6-12 шілде - Өскеменнің барлық мешіттерінде қайырымдылық шаралар;

2.   9 шілде сағ. 07.00 – Өскемен тұрғындары үшін Айт намазы;

3.   9 шілде сағ. 08.00-ден 11 шілде сағ. 20.30-ға дейін – Құрбан шалу (Нұрлы көш аужылының аумағы);

4.   9 шілде сағ. 07.30-да – «Халифа Алтай» мешіті жанында Құрбан айтқа арналған мерекелік іс-шаралар кешені (Киіз үй тігіліп, дастархан жайылады, спорттық ойындар өткізіледі);

5.   9 шілде – Аз қамтылған азаматтарға арналған қайырылымдылық акциясы өтеді. 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив