Өскеменде Ұлттық домбыра күні ұлықталды

Өскемендегі Сол жағалау кешенінде Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік шара өтті, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Мейрам шілденің бірінші жексенбісінде мерекеленеді. Бұл күні саябақтың келушілерін ұлттық киіммен қарсы алып, олардың назарына тамаша көрмелер мен концерттік бағдарлама ұсынылды. Ұлттық аспапты дайындау бойынша шеберлік сыныптарына қатысу мүмкіндігі де берілді.
Шараға арнайы қатысқан шаһар басшысы Жақсылық Омар мен облыс әкімінің орынбасары Азамат Мұхамедчинов алдымен киіз үйлердегі ұлттық бұйымдар көрмесін, этноауыл үлгісіндегі алаңда жас өнерпаздардың өнерін тамашалады. Сондай-ақ осы бақтағы сахнада «Байжігіт» ұлттық аспаптар оркестрінің, «An Sal Dar», «Жігер», “Altay" ансамбльдерінің мерекелік концертті ұйымдастырылды.
Өскемен әкімі іс-шара барысында мерекелік көңіл-күй үшін өнерпаздармен бірге күмбір күйден шашу шашты.
Мерекелік іс-шаралар қатары қаланың басқа да демалыс орындарында өткізілді. Қ. Қайсенов атындағы саябағынан бастау алған «Ертіс концерт» шығармашылық ұжымдары мен солистерінің концерті орталық Арбатта жалғасты. Кешке қарай сағат 18.00-де Ж. Жабаев атындағы саябақта қаланы ұлттық аспаптың күмбіріне бөлейтін тағы бір концерттік бағдарлама ұйымдастырылмақ.
- Бұл - бірнеше жылдан бері Ұлттық домбыра күні деп аталып, Қазақстанның барлық қалалары мен ауыл-аймақтарында тойланып кеткен мереке. Ұлттық құндылыққа, ұлттық өнерімізге деген құрмет – біздің азаматтық парызымыз. «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп қазақтың белгілі ақыны Қадыр Мырзалиев ағамыз жырлап кеткендей, домбыра - қазақтың жаны,қазақтың өзі. Домбыраны ұлықтау – бұл тек қос ішек, бір тиек, тоғыз пернелі аспапты ұлықтау деген сөз емес. Домбыраны ұлықтау – бұл ұлтты ұлықтау, оның әнін, жырын, күйін, дәстүрін, тарихын, тағдырын ұлықтау. Өйткені қазақтың әні мен күйінде, жырында бүкіл еліміздің тарихы, болмысы, кешегі өткен күні, бүгінгі дәуірі, болашағы бар деп түсіну қажет. Сондықтан домбыраның шанағынан шыққан әрбір шығарманы ұлықтап, қадірлеуіміз керек, - дейді Өскемен қалалық мәдениет бөлімінің басшысы Қалқаман Сарин.
Әрине, жүрегі қазақ деп соққан әрбір адамның өмірінде қара домбыра маңызға ие. Демек, өнер иелері мен өнер сүйер ел барда шанағынан күміс күй мен жыр төгілетін қасиетті аспаптың ғұмыры ұзақ болады.