Сарыбелдегі жағажайды үлкен демалыс орнына айналдыруға болады – ШҚО әкімі

ШҚО әкімі Даниал Ахметовтің төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің кезекті мәжілісінде туризм саласындағы мәселелер жан-жақты талқыланды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Жиын барысында күн тәртібіндегі өзекті тақырыпқа қатысты жазғы және қысқы маусымдардағы туристік орындары мол Алтай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Сергей Охременко, Риддер қаласы әкімінің міндетін атқарушы Дархан Қосантаев өз аумақтарында туризмді дамыту бағытында атқарылған жұмыстарының ақпаратын жиналғандар назарына ұсынды. Олардың сөзінше, барлық бағыттар бойынша жұмыс жалғасуда және тұрақты бақылауда.
– Шығыс Қазақстанда туризм саласын дамытуда дұрыс жұмыс атқарылып жатыр. Алайда әлі де дамыта түсу қажет. Оған мүмкіндік мол. Мысалы, Катонқарағай ауданында 15 кәсіпкер грант алды дедік. Олардың ауданға қандай, қанша пайда әкелгенін есептеген адам бар ма? Егер тағы талаптанушылар болса, олардың санын отызға дейін жеткізуге болады. Берел қорғанына туристер тартуды, Катонқарағай ауылындағы жартылай бос тұрған аурухананы Шығыс медицинасымен емдейтін орталыққа айналдыруды дұрыстап әрі тездетіп ойластыру керек. Сондай-ақ Самар ауданының Сарыбел ауылының жанындағы құмды жағажайды да үлкен демалыс орнына айналдыруға болады. Ол жердегі құрылыстарды бейберекет салғыза бермей, бір типтес, көрікті демалыс үйлерін салдыруды бақылау қажет. Алдағы уақытта ол жерден жер учаскесін беру жағын да бақылап, неғұрлым әлеуетті, қолынан іс келетін кәсіпкерлерге ұсыну қажет. Марқакөлдің, Риддердің, Алтай ауданының көрікті орындары туризмді дамытуға өзі-ақ сұранып тұр. Міне, осының бәрі тиісті басқарманың аталған аудандар мен қала әкімдерінің алда бірлесіп атқаратын жұмысы. Туризмді дамыту үнемі бақылауда болатын маңызды сала, – деді әкімдік мәжілісін қорытындылаған облыс әкімі Даниал Ахметов.
Сонымен қатар оқыңыз