Катонқарағайда ауылдық туризмді дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде

ШҚО әкімі Даниал Ахметовтің төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің кезекті мәжілісінде туризм саласындағы мәселелер жан-жақты талқыланды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Катонқарағай ауданындағы экологиялық және ауылдық туризмді дамытудың үлкен перспективалары бар, онда жалпы ұзындығы 680 км болатын 14 туристік маршрут пен соқпақтар шоғырланған (оның ішінде атпен – 333, жаяу – 247, автокөлікпен – 100 шақырым).
Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша ауданда ауылдық туризмді дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл жөнінде Катонқарағай ауданының әкімі Ділдар Қалиқанның ақпаратында айтылды.
– Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, Берел ауылының 24 тұрғынына кәсіпкерлік негіздерін оқыту жүргізілді. 18 жеке кәсіпкер тіркелді, оның 15-і "Еңбек" бағдарламасы бойынша 583 мың теңгеден грант алды (жалпы сомасы – 8,7 млн.теңге). 1 жоба "БЖК – 2025" бағдарламасы бойынша 5 млн. теңге гранттың иегері атанды (ЖК Алтай pro Орлов в.). Бұдан бөлек, "Катонқарағай ауданының тұрақты дамуы" қоғамдық қоры әрбір кәсіпкерге 500,0 мың теңгеден (жалпы сомасы – 9 млн. теңге) гранттар берді. Аталған қаражатқа кәсіпкерлер ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жиһаздарды жаңартты, атпен серуендеуді ұйымдастыру үшін жылқылар сатып алды, – деді аудан әкімі.
Ауданда ағымдағы жылдың маусым айынан бастап, алғашқы туристерді қабылдау басталған. Үлкен Нарын ауылында туристік-ақпараттық орталық құру бойынша жоба іске асырылуда, ол өзіндік туристік хабқа – 10 тұрақты жұмыс орнын құра отырып, жергілікті туристік өнімдер туралы ақпарат беру жөніндегі сервистік қызметке айналмақ. Орталықтың ашылуы ағымдағы жылдың желтоқсан айына жоспарланып отыр.
Сонымен қатар 12 млрд. теңгеге 20 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жұмысы жалғасуда. Оның ішінде, жыл басынан бері Катонқарағай ауданының Өрел ауылында 1,5 млрд. теңгеге 150 төсек-орындық "Мұзтау" туристік кешені ашылған.