29 маман әлемнің жетекші клиникаларында білім алуда - ШҚО

ШҚО-да денсаулық сақтау жүйесін дамытуға биыл 38 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінеді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Аймағымызда медицинаны дамытудағы негізгі бағыт халықты денсаулық сақтау қызметтерімен кеңінен қамтуға, жүкті әйелдердің денсаулығын сақтауға, балалардың денсаулығын нығайтуға, сондай-ақ кадрлық әлеуетті күшейтуге қабылданды. Өңірде биылғы жылдың өзінде осы мақсаттарға бюджеттен 38,1 млрд.теңге қарастырылған.
Айта кету керек, өңірде 700 медициналық нысан жұмыс істейді. Облыстың мемлекеттік денсаулық сақтау жүйесінде 16 370 медицина қызметкері жұмыс істейді, оның ішінде 4 434 дәрігер және 11 936 орта медицина қызметкері.
Денсаулық сақтау басқармасының ақпараты бойынша, биыл медицина кадрларын оқыту және біліктілігін арттыру бағдарламасын іске асыруға облыстық бюджеттен онкогематология, гематология, кардиология, акушерия және гинекология сияқты басым бағыттар бойынша 840,2 млн.теңге бөлінді. Наурыз айынан бастап Израильдің, Германияның жетекші клиникаларында 29 медицина қызметкерін оқыту басталды.
Облыстың медициналық мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше көңіл бөлінді. Жалпы сипаттағы трансферттер шеңберінде 417 бірлік медициналық жабдықты сатып алуға 3,5 млн.теңгеден астам сомаға қаражат бөлінді. Сондай-ақ, 36 денсаулық сақтау нысанын күрделі жөндеуге 1,5 млн.теңгеге жуық қаражат бөлінді.
Осы жетістіктердің барлығы медициналық техникамен жарақтандырудың және медицина кадрларын оқытудың кешенді бағдарламасын іске асырумен негізделген.