Күршім ауданындағы көпір құрылысы қарқынды жүріп жатыр

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы бойынша және ШҚО әкімі Даниал Ахметовтың қолдауымен 2021 жылғы ақпанда "Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданындағы Бұқтырма су қоймасы арқылы көпір өткелінің құрылысы" объектісі басталған болатын.
Осы күні көпір құрылысы қарқынды түрде жүріп жатыр. Жоспарланған 2 жолақты автомобиль көпірінің ұзындығы 1316 метр, ені 12,2 метр болады. Көпір Күршім ауданы Құйған ауылының жанында салынуда.
Қазіргі уақытта айналма жолды, геодезиялық және электр желілерін төсеу жұмыстары аяқталды. Қазір басты нысанның құрылысына қажетті уақытша көпірдің қарқынды құрылысы жүріп жатыр.
Құрылыста вахталық әдіспен 130 адам еңбек етеді. Олардың көпшілігі жергілікті тұрғындар. Маусым айынан бастап қосымша 60-70 маман жұмысқа қабылданады. Сондай-ақ, жұмысшылар үшін 250 орындық қалашық, асхана мен монша салынған. Нысан жұмыс сапасын тексеру үшін қажетті құрылыс материалдарымен және зертханамен толық жабдықталған.
Бүгінде уақытша көпірдің судағы 212 метр жеріне диаметрі 1000 және 1450 см болатын арнайы темір тіреулер қағылып, үсті бетон конструкциямен жабылған. Негізгі көпір мен уақытша көпір құрылысы қатар жүргізілуді.
Қазақстан бойынша ең ұзын көпір саналатын бұл кешен де тәуелсіздік жемісінің айқын көрінісі. Ел болып ұйысып, жұрт болып жұмылып туған елге қызмет жасап, алға қойған жоспар-міндеттерді өз уақытында сапалы атқару ауданымыздың әр азаматының қасиетті борышы болмақ.