Қант тапшылығы болмаса, неге қантты шекті мөлшерде сатып алып жүрміз?

Кейінгі күндері қант бағасы шарықтап, халықты әбден әбігерге салды. Шекерді тіпті дүкен сөрелерінен таппай қалдық десек артық айтқандық емес. Осыған дейін тұрғындар қантты базардан мөшектеп әкетіп жатса, қазіргі жағдай мүлдем басқаша. Бір-екі келі қантыңызды аласыз да үйіңізге қарай тартасыз. Себебі дүкендерде тауар көп мөлшерде берілмейді. Неге? Осы сауалға жауап іздеген біз, жауапты мамандармен тілдестік.
Күнделікті шайымыздың дәмін келтіріп жүрген қанттың бағасы қазір әртүрлі. Бір ауданның тұрғындары 400-ден алып жатса, енді біреулер бір келі үшін 550 теңгесін жұмсайды-мыс. Ал бағаны тұрақтандыру орталықтарында қанттың бір келісі – 368 теңге. Ресми сайтта да дәл осы баға көрсетілген. Аталмыш нүктелерде азық-түлік пен көкөністердің бағасы әлдеқайда арзан. Содан кейін бе, кім білсін, шағын дүңгіршектерге ұзын-сонар кезек. Зарыққан халық сағаттап күтеді, аздаған уақыттан соң қант та бітеді.
- Қазір қанттың бағасы әр қалай. Баға тұрақтандыру қорларында ғана баға төмен. Осы үшін амал жоқ сағаттап далада тұрамыз. Онсыз да азық-түлік бағасы күн сайын қымбаттап барады. Бәрінің тиімді орыннан сауда жасағысы келеді, - дейді тұрғын Сағатбаева Арайлым.
Ресми дерекке сенсек, қордағы қант 326,1 тонна. Оның ішінде «Ертіс» ӘКК АҚ-ға және ӘКК-ге 136 тонна қант жеткізіледі деп күтілуде.
Облыстық кәсіпкерлік бөлімінің мамандары болса, қант тапшылығының қазір де жоқ екенін алға тартып отыр. Айтуларынша, облысымызда қант өндірілмегендіктен, өнімді республиканың оңтүстігінен және шекаралас мемлекеттерден кәсіпкерлер жеткізіп береді. Осы орайда егер қант тапшылығы болмаса, неге қантты шекті мөлшерде сатып алып жүрміз деген сауал туады.
- Халық арасындағы дүрлігуге байланысты көтерме жеткізушілердегі қант қоры қысқа мерзімде сатылды. Қантты біркелкі сату мақсатында, бір тұрғынға бір келі қант белгіленген, - дейді облыстық кәсіпкерлік жіне индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ернар Мустафин.
Қант бағасына қарасақ, әжеміздің тосабын биыл жемейтін түріміз бар. Әлде үйімізде бос жатқан банкілерге әзірден ақша жинап бастау керек пе? Сіз қалай ойлайсыз?