KZ
Өскемен
+12°
пасмурно жел 7 м/с, ОБ
448.15 483.46 4.86

Өскемен іргесіндегі шошқа фермасы: Пәрмен бар да, дәрмен жоқ

6.04.2022, 12:22 158

Өскеменнің іргесіндегі Лесхоз, Шмелев Лог және Степное ауылдарының тұрғындары сол аумаққа жақын орналасқан шошқа фермасының қоршаған ортаны ластап жатқанын айтып, құзырлы органдарды мәселеге назар аударту үшін арнайы жиналған.

Кәсіпкер Борис Митин иелік ететін шошқа фермасынан шығып жатқан лай су Степное ауылы арқылы өтетін бұлаққа тікелей құйылып, сол маңдағы карьер арқылы Үлбі өзенінің басына дейін жетеді екен. Тұрғындар бау-бақша егуді қойып, кәдімгі суды іше алмай отыр. Тіпті, белгісіз инфекциялық аурулармен ауруханадан бірақ шыққандар да бар. Қала тұрғындары кәсіпорынды жан-жақты тексеріп, заң бұзушыны ауа, топырақ, су тазалығына қол сұқпауын міндеттеп отыр.

Бұл жиын - алғашқысы емес. Тұрғындар 2018 жылдан бері Экология департаментіне шағымданумен келеді. Алайда департамент әлі шара қабылдамаған.

- 2018 жылы шаруа қожалығына қатысты тексеру жүргізілген. Мамандар шығындылардың тазартылмағанын, лас су жер асты суларына еніп жатқанын анықтаған болатын. Алайда талаптың неліктен орындалмай жатқанын білейік десек, шаруа қожалығының қожайыны инспекторлардан қашып, кедергі келтіруде. Сонымен қатар, 2 жылдан бері шағын және микро бизнеске қатысты тексерулерге мораторий енгізілген. Сол саясатты кәсіпкер өзіне белсенді пайдаланып жүр, - дейді облыстық экология департаментінің маманы Ольга Ельчинская.

Енді департамент жоспардан тыс тексеру жүргізу үшін Экология министрлігінің бұйрығын күтіп отыр. Әйткен күнде, мораторий бойынша тек 2023 жылдан бастап қана тексере алады. Қысқасын айтқанда, департаментте пәрмен бар да, дәрмен жоқ.

- Мұндай кәсіпкерлік субъектілері үшін тексеру министрліктің бұйрығы шыққаннан кейін басталады. Соны күтіп отырмыз. Дегенмен біз, ең алдымен, субъекті жазалау емес, қоршаған ортаны ретке келтіру мақсатын көздеп отырмыз. Өйткені жануардың зәрі еріген қар суымен бірге бұлаққа, одан әрі ол арқылы Үлбіге кетіп жатыр, - деп қосты Ольга Ельчинская.

Ал облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ауызсу сапасын ластанды деп отырған судан тиісті сынама алып, тексеріп жатыр.

- Тексеру жұмысы әлі жүріп жатыр. Нәтижесі әзірге белгісіз. Тұрғындардан су сапасы мен аурушаңдыққа қатысты шағым келіп түскен жоқ, - деп хабарлады ШҚО Санитариялық эпидемиологиялық бақылау департаментінде.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив