Өскемен тұрғындары шошқа фермасын жабуды талап етіп жатыр

Өскемен маңындағы бірнеше ауылдың тұрғындары шошқа фермасын жабуды талап етіп жатыр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Степное, Ушанов ауылдары мен Лесхоз кентінің тұрғындары «қала шетіндегі шошқа фермасының кесірінен айнала ластанып, ауыз суға дейін лайланды», деп шағымданды.
Наразы тұрғындар қалалық билік өкілдерін, экологтар мен полиция қызметкерлерін шақырып кәсіпорынға жиналған.
«Кешірерсіздер, бірақ шошқаның несебі бүкіл Степнойға жайылып жатыр. Ойлап қараңыздаршы, осы қалыпты жағдай ма? Фермаға жақын орналасқан үйлер тіпті бау-бақша өсіре алмай отыр. Ештеңе өнбейді, өйткені топырақ әбден уланған. Құдықтың су сап-сары, иісі қолқаны қабады! Ішкен былай тұрсын, онымен жуынуға, тіпті кір жууға болмайды. Міне, сенбесеңіздер, сасып тұрады, – деді Степное ауылының тұрғыны Жанар Оспанова бес литрлік бөтелкенің қақпағын ашып жатып.
«Осы суды қалай ішеміз біз?!», деп шуласты қалғандары.
– Ферма беткейде орналасқандықтан, лай судың бәрі ағып келіп құдыққа құйылады. Бұл суды ішкен балалар күніге ауырып, ауруханада инфекция бөлімінде жатыр. Дәрігерлер тіпті қандай ауру екенін анықтай алмай дал. Жақында емханадан менің балам шықты. Дәрігерлер соқырішек деген... Әлі күнге дейін ауырады. Бізге де бір назар аударыңыздар! – дейді Елена Сотникова есімді тұрғын.
Тұрғындардың айтуынша, шошқа фермасы кәсіпкер Борис Митинге тиесілі. Бұрынғы депутат адамдардың сөзіне пысқырып та қарамайтын көрінеді. Қалалық және аудандық биліктің сөзін де құлаққа ілмейді екен. Тексерулерді елеп те жатқан жоқ, дейді шағымданушылар.