KZ
Өскемен
+7°
переменная облачность жел 6 м/с, СБ
446.49 475.38 4.79

Көктемгі су тасқынына қарсы жұмыстарға 2,6 миллиард теңге бөлінді - ШҚО

11.03.2022, 18:08 188

3 наурыздан бастап облыстың 7 ауданында Бұқтырма, Ертіс, Күршім, Уба өзендерінде мұзды жару бойынша профилактикалық жарылыс жұмыстары басталды. 

Облыстың көктемгі су тасқынына дайындығы жайлы толығырақ ӨКҚ-де өткен баспасөз конференциясында ШҚО ТЖД ТЖ алдын алу басқармасының бастығы Алексей Штыкел, "Қазгидромет" РМК филиалының директоры Адель Ахметовтың, облыс әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы бөлімінің басшысы Еркен Сәрсембинов айтып берді. 

Кездесудің басты мәселесі су тасқыны қаупі бар кезең және оған дайындық қалай жүріп жатыр? Осы сауалдарға жауап қатты. 

«Су тасқыны біздің облыс үшін күтілетін құбылыс және іс жүзінде барлық аумақта, әсіресе таулы аудандардың өзендерінде байқалады. Облыс аумағы бойынша 800-ге жуық өзен ағып өтеді, олардың жалпы ұзындығы 10 мың шақырымнан асады. Көп жылдық синоптикалық болжам бойынша облыс өзендеріндегі су тасқыны наурыздың екінші онкүндігінде басталып, маусымның екінші онкүндігінің ортасына дейін созылады» деді ШҚО ТЖД алдын алу басқармасының бастығы Алексей Штыкел мырза.


Бүгінде облыс аумағында жауапты мамандар жоғары дайындық кестесі бойынша жұмыс істеуде. Әкімдіктерде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды, су тасқыны қаупі бар жерлерге мониторинг жүргізілді. Іс-қимылдардың барлығы дерлік егжей-тегжейлі жоспарланып,  су тасқынына қарсы іс-шаралар облыс бойынша көлемді түрде іске асуда. 

Ақпан айының бірінші жұлдызынан бастап өңірімізде су тасқыны болу қаупі бар аймақтарда жоғары санаттағы мамандар тәулік бойы кезекшілік жүргізіп, сараптама жүргізуде. 

«Кезек күттірмейтін шығындар мен төтенше жағдайларды жоюға арналған бюджеттерде қажетті қаражат қарастырылған, барлығы 2,6 миллиард, оның ішінде 1.2 милиард облыстық резервте. 304 мың текше метр қар шығарылды, автомобиль және темір жолдардағы су өткізу құрылыстары, сондай-ақ көпірлер, арықтар мен каналдар тазартылды. 104 мың дана қаптар, 6,7 мың тонна инертті материалдар, ЖЖМ-690 тонна дайындалды» дейді облыс әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы бөлімінің басшысы Еркен Сәрсембинов.

Жалпы облыс бойынша 108 елді мекенді су басу қаупі бар. Су тасқынын болдырмау үшін 3-ші наурыздан бастап облыстың 7 ауданында Бұқтырма, Ертіс, Күршім, Уба өзендерінде мұзды жару бойынша профилактикалық жарылыс жұмыстары басталды. Су басуын болдырмау үшін жағалауды бекіту және түбін тереңдету, бөгеттерді жөндеу, арнаны реттеу және басқа да алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив