Өскемен
-19°
пасмурно ветер 1,3 м/с, В
472.17 495.5 7.57

KAZ Minerals жас мамандарды жұмысқа тартып жатыр

21.09.2022, 11:54 23 0 Мадина Амангелдіқызы

Биыл KAZ Minerals Тобы жоғары оқу орындары мен колледждерде инженерлік-техникалық мамандықтар бойынша соңғы курстарда білім алып жатқан 230-ға жуық студентті тағылымдамадан өткізбек. 

Компанияның хабарлауынша, жас мамандардың ақылы тағылымдамасы жұмыс мамандықтары үшін бір жылдық, ал инженерлік мамандықтар үшін екі жылдық іс-тәжірибелік оқытуды көздейтін көрінеді. Алғашқы екі айда тағылымдамадан өтушілер қауіпсіздік техникасы бойынша оқытудан және өндірістік тәжірибеден өткізіледі. Сонымен қатар тағылымдамадан өткен бүкіл кезеңде әр студенттің жанына тәлімгер бекітілмек.


– «Тағылымгер» бағдарламасы – бұл біздің компанияның тау-кен металлургия өнеркәсібі саласында мамандардың жаңа буынын даярлап шығаруға құйған инвестициясы болып саналады. Бүгінгі таңда бұл – дарынды жастарды іздеу мен іріктеудің ең тиімді құралдарының бірі. Тағылымдамалар болашақ маманның жұмысын нақты жағдайда көріп, оның әлеуетін бағалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ тағылымгер осыған дейін үйреншікті болып қалыптасып қалған үрдістерге жаңа дем береді, –  дейді «KAZ Minerals Aktogay» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкерлермен жұмыс жөніндегі басқармасының басшысы Ботагөз Нұрышева.


Оның айтуынша, тағылымдамаға үміткерлер тестілеуден өтіп, компания өкілімен сұхбаттасуы тиіс екен. Негізінен тағылымдамадан өтушілер вахталық әдіспен жұмыс істейтін Абай облысындағы Ақтоғай және Павлодар облысындағы Бозшакөл кен орындарына жұмысқа қабылданады. Сондай-ақ олар компания қызметкерлері сияқты жағдайларда оқып, жұмыс істеп, тұра алатын көрінеді. Ал қабылдау ресми жұмысқа орналасу рәсімдері арқылы жүргізіледі.

«Тағылымгер» бағдарламасы KAZ Minerals Тобында 2018 жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде жоғары оқу орындары мен колледждердің 460 түлегі тағылымдамадан өтіп, үздік деп танылған 280 тағылымгер компания кәсіпорындарына тұрақты негізде жұмысқа орналасқан. 

Семей қаласындағы геологиялық барлау колледжінің биылғы жылғы түлегі Сұлтан Серікбеков бүгінде аталмыш бағдарлама арқылы KAZ Minerals компаниясына орналасып, тағылымдамадан өтуде. Ақтоғай тау-кен байыту комбинатында кіші инженер-геотехник ретінде жұмысын жалғастырып жатқан ол өз қызметінің жауапкершілікті қажет ететін жұмыс екенін айтады.


WhatsApp Image 2022-09-21 at 11.18.16 (1).jpeg


– Менің мамандығым тау жыныстарының тұрақтылығын бақылайтын мамандық болып саналады. Өздеріңіз білетіндей, біздің карьер ашық типтегі карьерлер қатарына жатады. Біз геотехниктер ретінде осында жұмыс істейтін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Биыл Семей қаласындағы геологиялық барлау колледжін тәмамдаған соң алтыншы шілдеден бастап осында тағылымгер ретінде жұмысқа орналастым. Дәл қазіргі уақытта екінші ауысымымды өткеріп жатырмын. Осы жұмыспен қатар Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде тау-кен ісі мамандығы бойынша жоғары білім алуымды да жалғастырудамын, – дейді Сұлтан Серікбеков. 


Аталмыш бағдарламаның бірінші кезекте кадрлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталғанын айтқан ол белгіленген бір немесе екі жыл мерзімде жас маманның белгілі бір дәрежеде тәжірибе жинақтап, толыққанды кадр болып шығатынын алға тартты. Мұнда жұмыспен қатар тәжірибе жинауға мүмкіндік жасалған. Жас кадрларға жергілікті мамандармен қатар шетелдік мамандардың да өз тәжірибелерін үйрету алгоритмі жолға қойылған. Осылайша, ол жас мамандарға кәсіби дамумен қатар, жеке тұлғалық даму бағытында да, лауазымдық өсуде де өзіндік мүмкіндіктерді ұсынып отырған KAZ Minerals компаниясындағы жұмысын одан ары жалғастыруға ниетті.



Біздің Instagram-ға жазылыңыз

Жаңалықтарды жылдамырақ көріңіз

Жазылу

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив