Өскеменде «Ұлы Даланың Ұлы тұлғалары» атты көрме ашылды

А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапханада 2022 жылғы мерейтойларға арналған «Ұлы Даланың Ұлы тұлғалары» атты интерактивті көрме ашылды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Салтанатты шараға мерей той иелері – Қазақстан Жазушылар Одағының ШҚ облыстық филиалының директоры Әлібек Қаңтарбаев, журналист, жазушы Шәкерхан Әзмұхамбетов пен ШҚО бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Геннадий Пуссеп және тағы да зиялы қауым өкілдері қатысты
Көрмені тамашалауға оқушылар мен студенттер, мемлекеттік қызметкерлер, қаланың педагогикалық және шығармашылық қоғам өкілдері келгенін айта кетуіміз керек. Олар өңірдің даңқын өрлеткен тұлғалардың өмірі мен шығырмашылығы туралы ауқымды мағлұмат алып, фото және бейнематериалдарды көрді.
– Ұлы Дала-көптеген көрнекті мемлекет қайраткерлерінің, белгілі ақындар мен жазушылардың, дарынды әртістер мен музыканттардың туған жері. Осы көрнекті адамдардың есімдерін білу, есте сақтау және құрметтеу – біздің парызымыз және қасиетті міндетіміз. Көрме жастардың үлкен қызығушылығын тудырып, қоғамдық резонанс тудыратынына сенімдімін, – дейді Қазақстан Жазушылар Одағының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Әлібек Қалиұлы.
– Ақпараттық мазмұнды, танымдық көрме оқырманға еліміздің тарихына алтынмен жазылған жарқын есімдердің саңлақтарын ұсынады. Бұл көрнекті тұлғалар өз халқына қызмет етудің үлгісін көрсетіп, болашақ ұрпақ үшін құнды өмірлік бағдарларды белгілейді, – дейді ҚР білім және ғылым министрлігінің «Білім саласының үздігі» төсбелгісі иегері, Күршім ауданының Құрметті азаматы Қатиза Сарипова.
Кітапхана қызметкерлерінің айтуынша, бүгін оқырмандардың көзайымына айналған көрме жыл аяғына дейін ашық тұрады.