Өскемен
-18°
небольшая облачность ветер 2 м/с, СВ
472.14 498.39 7.65

Шығыста "Ybyrai mektebi" ашылды

20.09.2022, 17:41 1 0 Оразай Жеңісұлы

Шығыс Қазақстан облысындағы Самар ауданының Құлынжон ауылында «Ybyrai mektebi» ашылды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Нақтырақ айтсақ, шағын ауыл мектебінде жіксіз оқытудың пилоттық моделі іске қосылды. Бұл дегеніміз қазақстандық білім беру бағдарламасына финдік және сингапурлық тәжірибелер енгізілді деген сөз.

– «Ybyrai mektebi тұжырымдамасында біз 0-6 сыныптарды бастауыш мектеп деп қарастырамыз. Балаға ең маңыздысы дағдыны игеру, бұл – үйрену қабілеті. Ол үшін логиканы (дұрыс ойлау қабілеті), риториканы (дұрыс сөйлеу қабілеті), грамматиканы (дұрыс жаза білу) және өнертапқыштық мәселелерді шешу теориясын жетілдіруге мән береміз. Жоғары сыныпты аяқтаған әрбір оқушы болашақта өзінің кім болатынын нақты түсінуі қажет. Галлап сынағы арқылы олар 9-10 сыныптарда өз қабілеттері бойынша толық талдау жасай алатын болады, – дейді мектеп директоры Аралбек Берікұлы.

290344de-5738-47e6-bf47-eb90eefd86ed.jpg

Тың үрдіске көшкен мектеп ұжымы ата-аналармен тығыз байланыс орнатуды көздейді. Оларды ұстаздар тіпті оқу процесіне де тартады. Осы мақсатта білім мекемесінің жанынан заманауи кітапханасы, кинотеатры, хореографиялық залы, қолданбалы өнер, музыка кабинеттері, балалар және ересектер ойын алаңдары, планетарийі бар комьюнити орталығы ашылды.

– Егер ауылды әлемге «шығара алмасақ», әлемді ауылға әкеле аламыз, – дейді директор.

Мектептің бір қанаты – комьюнити орталығы болса, екінші қанаты – бөбекжайы бар балабақша. Үш нысан қатар тұр. Мұның да өзіндік мәні бар.

– Кішкентай бүлдіршіндер балабақшадағы ортаға бірден үйренісіп кете алмайды. Оларға анадан біраз уақытқа ажырау да оңайға соқпайтыны белгілі. Сондықтан бұл балабақшада ата-аналар біршама уақыт бойы баламен бірге уақыт өткізе алады. Өйткені бала стресс жағдайында болса, ештеңе үйрене алмайды. Яғни білімнің негізі дұрыс қаланбайды, – деп түсіндірді мамандар.

Жоғарыда айтқанымыздай үш нысан бірге «Ybyrai mektebi» кешенін құрап тұр.

– Әдетте балалар балабақшадан мектепке ауысқанда жаңа ортаға тап болады. Бастауышты аяқтаған соң, тағы да жаңа ұстаздарға жолығады. Оған да үйренісу керек. Мұның бәрі баланың бірден алаңсыз білім алуына кері ықпалын тигізеді. Ал «Ybyrai mektebi» кешеніндегі әрбір тәлім алушы әрбір ұстазбен күнделікті жүздесетіндіктен, жаңа ортаға бейімделу тұрғысында қиындыққа тап болмайды. Біз ұсынған модель жіксіз оқу процесін, балалардың бала бақшадан бастауыш мектепке дейін стрессіз өтуін және одан әрі оқытудың бірыңғай тәсілін қамтиды. Кешеннің жұмысы үш жақтың – баланың, мұғалімнің және ата-ананың қатысуына бағытталған, – деп түсіндірді мектеп директоры Аралбек Берікұлы.

52dc1c5a-810b-4168-89f2-680484566b8f.jpg

Айта кетуіміз керек, ауыл мектебінің оқыту моделі ғана өзгерген жоқ, сыртқы келбеті де жаңарды. Яғни нысанға күрделі жөндеу жүргізілді. «Ybyrai mektebi» жобасы мен жөндеу жұмыстары Құлынжон мектебінің түлегі Айдын Рахымбаевтың бастамасымен, «Aidyn & Anar Rakhimbayev Foundation» қорының қаражылай қолдауымен жүзеге асырылды. Жобаға салынған инвестиция көлемі шамамен 2 миллион доллар болады.

Осылайша республика көлемінде баламасы жоқ «Ybyrai mektebi» шығыстағы шағын ауылда ашылды. Енді ауқымды жетістіктерді құлынжондық құлыншақтардан күтеміз.

Біздің Instagram-ға жазылыңыз

Жаңалықтарды жылдамырақ көріңіз

Жазылу

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив