KZ
Өскемен
+7°
переменная облачность жел 6 м/с, СБ
446.49 475.38 4.79

Бүгін - Наурыз мейрамы

22.03.2023, 09:00 252 Мадина Амангелдіқызы

Наурыз – жыл басы, Ұлыстың ұлы күні. Күн мен түннің теңелетін, жер арқасы кеңіп, күллі тіршілік әлемі қайта түлейтін Табиғат мерекесі.

Бұл мереке бірнеше мың жылдан бері аталып келеді. Парсыша «наурыз» бірінші айдың бірінші күні дегенді білдіреді. Күн мен түннің теңеліп, жан-дүниені тірілткен, шаруаның бір малы екеу болып, арқа-басы кеңіп, аққа аузы тиген, қытымыр қыстың ызғарынан құтылып, алдағы шуақты күндерден үміттендірген Наурыз мерекесі Тәуелсіз еліміздің зор ықыласпен тойланатын нағыз халықтық сипаттағы салтанатына айналды. Наурыз мейрамы аясында міндетті түрде атқарылатын рәсімдер баршылық. Мәселен, наурыз көже дайындалады, апаларымыз қысқы соғымның әбден сүрленген қадiрлi мүшелерiн осы күнi қазанға салады. Соғымға сойылған малдың басы немесе шекесі қосылып, қазы-қарта, жал-жая қазанға түседі. Ет сорпасына көже қайнатады. Оған тары, арпа, бидай, бұршақ, күріш сияқты жеті түрлі дән мен ақ қосады. Тұз бен суды қосқанда дәмнің саны тоғыз болуы тиіс. Түркі халқының ұғымында жеті мен тоғыз және қырық - аса киелі сандар. Сол себепті наурыз көже аса қасиетті тағам болып саналады. Оған қоса, ол - тоқшылық пен ырыс-құттың жоралғысы. Наурыз мерекесі жадыраған жазды қарсы алар көктемнің басы болғандықтан, оны қазақтар «Самарқанның көк тасы жібіген күн» деп те атайды. Бұл бүкіл табиғат ананың тоңы жібіп, жаны кіретін тіршілік басы дегенді білдіреді.

Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!



Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив