KZ
Өскемен
+9°
ясно жел 5 м/с, СБ
443.85 474.3 4.8

Өскемен ЖЭО қызметкері жұмыс барысында аяғынан айырылды

3.05.2023, 17:35 849 Ләззат Қанатқызы

Осыдан шамамен 2 ай бұрын, яғни 9 наурыз күні облыс орталығындағы «Өскемен ЖЭО» ЖШС-де вагондар соқтығысып, салдарынан вагон құрастырушы Ержан Сапарғалиев ауыр жарақат алған. Бір жақ аяғынан айырылып, 1 ай бойы аурухана төсегіне таңылған ЖЭО қызметкері қазір үйіне шығарылды. Өздігінен күнделiктi жараның ем-домын жасай алмағандықтан, жолдасы да жұмысынан шығып, күтім көрсетіп отыр екен.

Отбасын асырау үшін өз тіршілігін жасап жүрген апталдай азамат «бүгінгі күні жүріп-тұруым түгілі, қозғалуымның өзі бір адамға байланысты болып қалды», – деп налиды. Ал жұмыс бабында ауыр жарақат алған қарапайым қызметкерге кәсіпорын тарапынан әлі күнге дейін айтарлықтай қолдау көрсетілмеген көрінеді. Altaynews.kz сайтының тілшісі мәселенің мән-жайын анықтау үшін зардап шегуші тараппен және кәсіпорын басшылығымен тілдескен болатын.

– Ол жерде жұмыс істегеніме 4 жылға жуық уақыт болды. 9 наурыз күні сағат 15.00 шамасында өз жолымда тұрғанмын, қас пен көздің арасында вагон бұрылып кетіп, екіншісіне барып соқтығысты. Тез болып кеткені сонша, өзім де түсінбей қалдым. Қатты дыбыс шықты, есімді жинап қарасам, аяғымнан қан атқылап, екінші аяғымның жанымда жатқанын көрдім. Бірден аяғымды буып, рацияға шығып, көмек сұрап үлгердім, ары қарай есімде жоқ, – дейді Ержан Слямғалиұлы.

«Өскемен ЖЭО» ЖШС жазатайым жағдай актiсі бойынша 80% қызметкердің кінәсі, ал кәсіпорын тек 20% ғана кінәлі деп шығарып берген. Десе де бір-ақ сәтте аяғынан айырылған азамат бұл шешіммен мүлде келіспейтінін айтып отыр. Сонымен қатар Ержан Сапарғалиев осы уақытқа дейін жұмысынан тек мақтау естейтін қызметкерлердің бірі болғанын еске алады. Алайда жазатайым актісінде қарапайым қызметкердің осы уақытқа дейін де бірнеше рет қауіпсіздік ережесін бұзғаны туралы жазылыпты.

– Үйге шыққан күннің ертесінде кәсіпорын басшылығынан адамдар келді. Ауруханада 1 ай жатқанда ешқайсын көрген жоқпыз. 80% кінәлі деп отыр, онымен де келіспейміз. Жұмысқа кіргеніне 1-2 ай болған адам емес қой. Жұмыс ережесі өрескел бұзылған болса, бейнебақылау камералары арқылы бақылап отырған адамдар неге ескерту бермеген? Басшылық қайда қараған? 4 жыл бойы ережені бұзып келе жатыр ма сонда? Онда неге бірде-бір ескерту беріп немесе жұмыстан шығармаған? – деп налиды жұбайы Әсем.

Ал аталған кәсіпорындағы Қауіпсіздік және еңбекті қорғау бөлімінің жетекшісі Медет Мұзапаров жұмысшының өрескел қателік жібергені бейнебақылау камераларына жазылғанын айтады.

– Жазатайым оқиғаны тексеру үшін арнайы комиссия құрылған. Жазатайым жағдай актiсі бойынша қызметкер 80%-ға, ал кәсіпорын тарапы тек 20% ғана кінәлі. Камералардан байқағанымыздай, маневр жасау барысында жұмысшы өрескел қателіктер жіберген. Сондықтан да осындай шешім қабылданып отыр. Ол кісіге қазір 2,5 миллион теңге қаржылай көмек берілді, ұжымдық келісімшарт бойынша тағы төлемдер жасалады, – деді ол.

Десе де, комиссия төрағасы да бұл шешімге келіспегендіктен өзінің ерекше пікірін жазыпты.

– Мен комиссия төрағасы болғандықтан ерекше пікірімді жазып, келіспейтінімді жеткіздім. Менің шешімім бойынша, жұмыс берушінің кінәсі 70%, ал жұмысшының кінәсі 30% деп шештім. Себебі, ҚР Еңбек кодексінің 23-бабына сәйкес, жұмыс берушінің негізгі мақсаты – ішкі қауіпсіздік жасап, қадағалау. Сондықтан 70% жұмыс берушінің кінәсі деген пікірдемін, – дейді мемлекеттік еңбек инспекторы Талғат Орынбеков.

Кәсіпорын басшылығы үйге келгенімен, ешқандай көмек көрсетпегендіктен зардап шегуші тарап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне, ШҚО прокурорына және ШҚО «Аманат» партиясының төрағасына бейнеүндеу жолдауға мәжбүр болған. Осыдан кейін ғана кәсіпорын 2 мамыр күні 2,5 миллион теңге қаржы аударған көрінеді.

– Осы уақытқа дейін еш көмек көрсетпей, 2 ай өткен соң, кеше ғана 2,5 миллион қаржы аударып жіберіпті. Бұл жерде адамгершілік қайда сонда? Басында материалдық көмек сұрап, ем-дом, оңалту, протезге дейінгі және кейінгі жұмыстар үшін нақты 20 миллион сұрағаным рас. Бірақ ол кезде қателесіппін. Себебі жарақатты өндірісте алғандықтан үкімет тарапынан ешқандай квота берілмейтінін айтты. Яғни, заң бойынша өндіріс орны өндіріп беруі керек екен. Ал біз 8 миллионға протез орнатсақ, оны әр 3 жыл сайын ауыстырып отыру керек. Маған дәл қазір ешқандай ақша керек емес. Тек 3 жыл сайын ауыстыруы мен протездің жөндеу жұмыстарын өз мойындарына алса, – деген талап қойып отыр жәбірленуші тарап.

Сондай-ақ Әсем Азылханова жолдасының жарақат алғаннан кейін ауруханаға да жалғыз жеткізілгенін айтты. Өзі де бұл оқыс оқиға туралы кәсіпорындағылардан емес, басқа біреуден естіп білген.

– Ауруханада жатқанда ешкім келмеді деген факт шындыққа жанаспайды. Біз ертеңінде бардық. Ауыр жарақат алғандықтан бізді ішке кіргізбеді, сондықтан тек бас дәрігерге жолығып кеттік. Артынан да туыстары арқылы байланысқа шығып отырдық. Ал жедел жәрдеммен жалғыз жеткізілгені рас. Себебі оқиға ортасында жүргендіктен біз байқамай қалдық, – дейді Қауіпсіздік және еңбекті қорғау бөлімінің жетекшісі Медет Мұзапаров.

Қазіргі уақытта мәселенің ақ-қарасын ажырату үшін жауапты органдар жұмыс істеп жатыр. Аталған жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалған. Осы орайда айта кету керек, ҚР Азаматтық кодексінің 944-бабы бойынша, оқиға өндіріспен байланысты болған жағдайда кәсіпорын протездің шығынын өз мойнына алуға міндетті.

– Кеше бізге жәбірленуші тараптан арыз келіп түсті. Сол арыз бойынша ШҚО бас мемлекеттік инспекторының қорытындысы шығарылады. Ол тергеп-тексеру жұмыстары мен қолда бар материалдарды және жәбірленушінің хатында көрсетілген дәлелдерді қарап, 15 жұмыс күн ішінде шығарылады. ҚР Еңбек кодексінің 133-бабына сәйкес, жәбірленуші мүгедектігі немесе еңбекке жарамсыздығы туралы қорытынды алғаннан кейін ақы төленетін болады. Мүгедектік алғаннан кейін медициналық әлеуметтік сараптаманың қортындысымен ортопедиялық орталыққа барып, қажетті протезді таңдайды. Сосын жұмыс беруші ҚР Азаматтық кодекстің 944-бабы бойынша протезін төлеп беруге міндетті, – деп түсіндірді ШҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бақытбек Қизатов.

Айта кету керек, жыл басынан бері өңірде 24 адам өнідірстік жарақат алған. Оның ішінде 13-і ауыр жарақат алса, 1 адам көз жұмған.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив