KZ
Өскемен
+8°
облачно с прояснениями жел 8 м/с, СБ
444.32 473.33 4.76

Шығыстағы ең ірі құрылыс қашан аяқталады?

26.05.2023, 18:10 721 Оразай Жеңісұлы

Бұқтырма су қоймасынан өтетін көпірдің құрылысы басталғалы да екі жылдан асты.

Президент пәрменімен салынып жатқан төрт ауданды байланыстыратын нысанның стратегиялық және әлеуметтік маңызы зор. Әрі бұл еліміздегі ең ұзын көпір болмақ. Altaynews тілшісі құрылыс басына барып, жұмыс барысын бақылап көрді.

Нысан Бұқтырма арнасының ең тар тұсында салынып жатыр. Бұл – Құйған ауылының маңы. Соның өзінде көпірдің ұзындығы 1,3 шақырымнан асады, ал ені 12 метрге жуықтайды. Көпірдің орта шенінде ірі су көліктеріне арналған екі өткел болады. Бұл тұста көпірдің биіктігі 18 метрге жетеді деп жоспарланып отыр. Сонда ені жетпіс бес метрге жуық кемелер еркін қатынай алатын көрінеді. Көпір құрылысы аяқталған соң жол жұмыстары басталмақ. Оң жағалаудағы 1,3 шақырым, сол жағалаудағы 17,2 шақырым қара жолға асфальт төселеді деп жобаланған.

Дәл қазір құрылыс Құйған жақтағы жағалауда қызып жатыр. 13 көпір тағаны тартылды, енді 8-і бар. Әрбір тірек-тағанның ұзындығы 40 метрден асады.

Құрылысшылар тірек-тағанды орнатып болған соң арматурамен айналдыра «тоқиды». Содан кейін ғана бетон құйып бекітеді.

Мұнда екі бірдей бетон зауыты жұмыс істеп тұр. Бірі мың, екіншісі мың жарым текше метр бетон шығаратын қуатқа ие. Қазір жұмыс ауқымына байланысты бір ауысымда 410 текше метр бетон дайындалатын көрінеді. Материалдың беріктігі әуелі зертханада сыналатынын айта кеткен жөн.

Зертхана мамандары дайындалып жатқан бетонның бір бөлшегін алып суға салып қояды. Жеті тәулік өткен соң электронды құрылғыда сынап көреді (суретте).

– Құрылғы барлық деректі есепке алады. Сынаққа алынған өнімнің беріктігі 70 пайыздан асатын болса, нормативке сай деп танылып, бетон құрылысқа жөнелтіледі, – дейді зертхана басшысы Галина Филипова.

Техникалық бақылаушы Асқар Серікұлының айтуынша, көпір тіректерін орнату – құрылыстың негізгі бөлігі. Бұдан кейінгі жұмыстар әлдеқайда мардымды болады, дейді.

Құрылыс алаңында тірек-тағандармен қатар көпірдің белтемірі дайындалып жатыр. Сом темір тақталар бір-біріне болтпен бекітіледі. Содан кейін белтемірдің беріктігін арттыру үшін дәнекерлеушілер жұмысқа кіріседі. Дәнекерлеу жұмыстары «көшпелі жабық кәбинкелерде» жасалады. Ық кәбинке жұмыстың сапасын арттыруға ықпал етеді, дейді техникалық бақылаушылар.

Құрылысты «Облысшығысжол» ЖШС жүргізіп жатқаны белгілі. Құрылыс алаңында 142 тұрақты, 67 жалдамалы жұмысшы екі ауысымда еңбек етеді. Оң жағалауда вахталық кент жабдықталған. Бұған 250 орындық жатақхана, 150 орындық асхана мен монша кіреді. Қыс мезгілінде жұмыс істеуге де жағдай қолайлы деп отыр мамандар.

Жұмысшылардың арасында жергілікті тұрғындар да, алыс-жақын аймақтардан келгендер де бар. Компания басшылығы әсіресе бұрғылау машиналарының машинистері мен алып крандардың жүргізушілерін арнайы алдырған көрінеді.

Мамандар құрылыс жұмыстары осы қарқыннан танбаса, 2024 жылдың соңына қарай аяқталады деп бағамдап отыр. Көпір халық игілігіне берілген соң техникалық көпірді демонтаждау жұмысы тұр. Бұл шаруаның өзі бір жылға жуық уақытқа созылатын көрінеді, алайда көлік қозғалысына еш кедергі келтірмейді.

 

 

 

 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив