Үржардағы әуежай уақытша жабылады

19 сәуірден бастап Үржардағы әуежай ауқымды қалпына келтіру жұмыстары үшін жабылады. Бұл туралы аймақ басшысы Даниал Ахметов әлеуметтік желідегі өзінің парақшасында жариялады.
Енді туристер үшін теміржол және автобус рейстерінің саны артады. Ал құрылыс жұмыстары үш ауысымда, яғни, бір мезетте терминалда, басқа да ғимараттар мен басты нысан – ұшу-қону жолағында жүргізіледі.
- Бастапқыда әуе қатынасын үзбеу үшін уақытша қону жолағын салу ұсынылған, алайда оның құны 5,6 млрд. теңгені құрайды. Бұл көп қаражат. Тіпті, қазіргі қолданыстағы жолақты жөндеудің құны миллиард теңгеге арзан, - дейді Даниал Ахметов.
Сонымен қатар, Азаматтық авиация комитетінің төрағасы әуежай ғимаратын қайта жөндеуге көмек ретінде мамандар жіберетінін жеткізді.