Өскемен
-24°
плотный туман ветер 2 м/с, С
468.9 485.64 7.7

Қойтастағы өзекті мәселелер шешілетін болды – Күршім ауданы

3.08.2022, 12:07 4 0 Мадина Амангелдіқызы

Күршім ауданы, Абай ауылдық округіне қарасты Қойтас елді мекенінің тұрғындары жайылымдық жеріміз тарылды, ауылда байланыс жоқ, ауылдық клуб үйі, қатымхана мен ауыз су мәселесін кім шешіп береді деп әлеуметтік желіде мәселе көтерген болатын.

 

Қойтастағы қою күдік...

Сайттар мен облыстық, республикалық баспасөз беттерінде де тұрғындардың осы жанайқайы жалпақ жұртқа жария болған-ды. Президентіміздің халықтың әлеуметтік жағдайын шешу кезек күттірмейтін мәселе деп қадап айтқаны тағы бар. Еститін үкімет, сарабдал саясат, бар-барлығы ел шетінде бұйығы күн кешіп жатқан қойтастықтардың осы талап-тілектерін ескеріп, 18 шілде күні мәлім ауылға тағы жол тартты. Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Әзімбаев бастаған(аудан әкімі Дулат Қажанов кезекті еңбек демалысында болған) тиісті сала басшылары аталған ауылдың тұрғындарымен кездесу өткізіп, жыр болған жер мәселесінің астарына үңіліп көрді. Күні бұрын хабарланған кездесуге жиналған тұрғындардың қарасы аз болса да, негізгі шаруа – қоршауда қалған мал жаятын аумақты босатып беруді сұрады. Содан кейін интернет пен байланыс, ауыз су мен клуб үйі, қатымхана мәселесін біржақты ету айтылды. Негізінен Абай ауылдық округі бойынша Бурабай, Қойтас, Теректібұлақ ауылдары тұрғындарымен сәуір - маусым айларында аудан әкімі Дулат Қажановтың, аудан әкімінің орынбасары Қайрат Әзімбаев, жер қатынастары бөлімінің басшысы Ерасыл Ашимов, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Қуанған Қарағызов және ауылдық округ әкімі Талғат Бақтияровтың қатысуымен бірнеше рет жиналыстар өткізілген. Аталған сала басшылары бұл жиынға да қатысып отыр. 

WhatsApp Image 2022-07-27 at 17.06.48 (1).jpeg

Кездесу барысында ауыл тұрғындары Айгүл Нұрахметова, Күлән Наурызбаева, Гүлсім Сағидолдина, Ермұхамбет Наурызбаев, Болат Қабілмажинов, Беглан Ареков сөз алып, өткір мәселелерді тілге тиек етті. Сұрақ пен сауалға қанық мамандар өз құзіреті шегінде жауаптарын беріп, себептерін жіліктеп көрді. Сонымен былай...

         Жер мәселесі былтыр басталған. О баста ауыл тұрғындарынан «Маңайымызды қоршап жатыр, ауылды жердің мал жаятын аумағы тарылды» деген арыз-шағым түскен. Тұрғындар бұл мәселені облыстық, республикалық деңгейде көтеріп, биыл журналистерді шақырды. Аудандық жер бөлімінің басшысы Ерасыл Ашимовтың айтуынша, «Визол» ЖШС-не қарасты «Ордабасы-Восток» ЖШС 2017 жылы аталған жер учаскесін 49 жылға жалға алған. Ол аумақ егістік жер учаскесіне жататын болғандықтан мақсатты түрде пайдалану қажет. Биыл аталған жерге Арғынбек Қабдуллин деген жергілікті кәсіпкер (сол окургтың тұрғыны) көпжылдық шөп(жоңышқа) егіп, сыртын қоршап қойған. Осыдан келіп ауылды жердің жайылымдығы азайды деген мәселе қайта күшіне мінген. Сұрақтар туындай бастаған. Елді мекеннің жалпы жер қоры 1492 га. Аталған мәселені шешу үшін былтыр арнайы комиссия құрылып, нәтижесінде елдімекеннің жайылымдық жеріне мемлекет тарапынан 3500 га жер (жайылымдық) тағы қосып берілген. Алайда ауыл тұрғындары бұл жер бұрынғы (қоршалған) жерден нашар деп көңілдері толмай отыр. Егер, егістік жер мақсатты пайдаланылмай бос жатса, оны мемлекет қайтарып алуға құқылы. Оны жақсы білетін кәсіпкер де жерді өңдеуге мүдделі. Ал, оған ауыл тұрғындары қарсы. Осыдан келіп ары тарт та, бері тарт келіспеушіліктер орын алған. Сала мамандарының айтуынша жер құнарына қарай егістік немесе жайылымдық деп бөлінеді. Аталған учаскенің егістік жер деген статусы бар. Яғни, егістік деп танылса, міндетті түрде игерілуі тиіс, әйтпегенде ревизия жасалып, мемлекет меншігіне қайтарылады.

WhatsApp Image 2022-07-27 at 17.06.50 (2).jpeg

Ауыл тұрғыны Күлән Наурызбаева:

- Бұрынғы егістік алқаптарын игеру дұрыс емес деп ойлаймын. Ол жерден ешқандай өнім алынбайды. Себебі су жоқ. Жер бөлінісіне ауыл тұрғындары неге қатыспайды. Біздің жайылымға нашар жерді бердіңдер - десе, тағы бір ауыл тұрғыны Г. Сағидолдина «кәсіпкер өз қоршауын алып тастап, мал жайылуға жағдай жасасын, егістігін өз жағына неге екпейді біздің ауылда несі бар» деген өкпесін жеткізді.

Бұл сұрақтарға аталған округ әкімі Талғат Бақтияров жауап берді:

-  «Ұлан» шаруа қожалығының иесі Арғынбек Қабдуллин округімізде тіркелген кәсіпкер. Ал, кәсіпкердің жұмыс істеуіне жағдай жасап, заң аясында сұраған жер телімін беруге міндеттімін. Егістікке су шығару мәселесін кәсіпкер өзі шешеді. Болашақта 1050га жерді игеріп, сүт-тауарлы ферма құруды жоспарлап отыр. Сіздерге жайылым жер ретінде мемлекеттік жер қорынан қосымша 3500 га жер бөлініп берілді. Жер бөлінісі кезінде ауыл тұрғындары қатысып, осының бәрі біздің жер бола ма деп қуанған едіңіздер. Ауылдың мал басы есептеулі, сол үшін сіздерге жеткілікті жайылымдық жер беріп отырмыз. Сырттан ешкім кіріп отырған жоқ, ол кәсіпкер де біздің жерлесіміз, - деп, түсіндеріп өтті ол.

Ауыл тұрғыны Ермұхамбет Наурызбаев:

- «Ауылға тиісті жердің бәрі егістікпен шектеледі. Бұл жерде ауыл тұрғындарының мүддесі де ескерілуі керек. Жыл өткен сайын мал жаятын аумағымыз тарылып барады. Күші бар, техникасы бар адам басқа жерден де жұмыс істеуіне болады ғой. Негізгі жер иесі, кәсіпкер Эдуард Ким бізге ешқандай қысым жасаған жоқ. Малдарыңды жая беріңдер деген. Ал, мына жалға алушы Арғынбек Қабдуллин жердің бәрін қоршап тастады. Тағы бір сұрағым, «Визол» ЖШС-нің берген көмір, қант пен ұны қайда кетіп жатыр?» - деген сауал жолдады.

Өз кезегінде округ әкімі Талғат Бақтияров:

- Сіздерден осыны жиналыс сайын естимін, дұрыс. Бірақ, жер мақсатты түрде пайдаланылуы керек. Кәсіпкер жермен жұмыс істеп, округ қазынасына салық төлуі тиіс. Мемлекеттік тапсырма солай. Ал алтын өндірумен айналысатын «Визол» ЖШС округімізге жылда көмірмен көмектеседі. 2020-жылы бір-ақ рет ұн мен қант таратқан. Ол кезде мен әкім болған жоқпын. Оның тізімін аудандық әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жасап, сол бойынша үлестірілген. Алған адамдардың қолы қойылған тізімдігі бар. Берген көмірді жылда округ ішінде жағдайы төмен отбасыларға өзіміз бөліп, таратамыз. Барлығы құжат түрінде сақтаулы тұр, мүмкін сіз ол көмекті алмаған шығарсыз. Көмек жөнінде арыз-шағымдарыңыз болса өзім жеке қабылдайын - деп ауыл тұрғындарын диалогқа шақырды.

 WhatsApp Image 2022-07-27 at 17.06.50.jpeg

Абай ауылдық округіне қарасты Бурабай, Қойтас, Теректібұлақ ауылдарының тұрғындарына «Визол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 4 жыл көлемінде көмірмен көмектесіп келген. Көмек алушылар, көп балалы отбасылар, аз қамтылған отбасылар, мүгедектер мен жалғыз басты зейнеткерлер. Нақтылай түссек, 2017-жылы 48 тонна 16 отбасына, 2019-жылы 40 тонна көмір 25 отбасына бөлініп берілген. 2020 жылы әр ауылға 100 тоннадан бөлініп, 88 отбасына таратылған және де осы жылы «Визол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атынан аз қамтылған отбасыларға, көп балалы отбасылар мен мүгедек бала бағып отырған отбасыларға аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің берген тізімі бойынша 23 отбасыға 1 қап (50 кг) ұн және 1 қап (50 кг) қанттан   таратып берілген. Осылайша, 2020- жылы көмек алатын ауыл тұрғындарына барлығы – 1150 кг ұн және 1150 кг қантпен жәрдемдескен. 2021 жылы 48 тонна көмір беріліп, 40 отбасы көмек алғанын округ әкімі Талғат Бақтияров БАҚ өкілдеріне жазбаша жауабында көрсеткен болатын.

 

Тараптар сөйлеп, түйін тарқатыла бастаған соң, сұрақтар дүниауи бағытқа ойысып қатымхана, клуб үйі, көше жарығы, ауыз су, интернет және байланысқа кезек келді. Бәрі де керек дүние. Керек болғанда қандай. Алдына бірнеше жыл болған, соңы сүрлене бастаған тақырыптар. Бұл жерде жалпы Қазақстанға, оның ішінде ауылдық жерлерге қатысты «кезең-кезеңімен» деген аспект салтанат құрады. Мәселен, интернет һәм байланыс 2024-жылы келмек. Жол мәселесі де жоспарда тұр. Айта беретін ауыз су, жыр болған көше жарығы бәрі-бәрі назарда. Мәселе майшаммен қаралып, нақты жоспарлар жасалған. Кезеңдерін күтіп тұр сол...

 

 Интернет һәм ұялы байланыс

«Күршім ауданы ауылдарын интернет және ұялы байланыспен қамтамасыз ету бойынша аудандық мәслихат депутаттарының 30 наурызда жіберген депутаттық сауалына Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінен жауап келген. Онда «Востоктелеком» ЖШС-нің жоспары бойынша 2024-жылға дейін Қойтас ауылына ұялы байланыспен бірге интернет байланысы да орнатылатыны айтылған. Бір жарым жылдан кейін ауылтұрғындары осы қажеттіліктердің игілігін көреді деген сөз» деп, аудандық мәслихат хатшысы Мамырбек Қалелов түсіндіріп өтті.


Клуб үйі мен қатымхана

Кездесуге келген аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің өкілі А. Чепенова клуб ғимаратын жөндеуге жобалық-сметалық құжаттары жасалғанын,ағымдағы жылы үнемделген қаржы есебінен жөндеу жұмыстары басталатынын хабарлады. Сондай-ақ, тұрғындардан клуб меңгерушісі орны бос тұрғанын, оған жұмысқа араларыңыздан адам ұсыныңыздар деп маман тапшылығын да ескертті.

Жалпы Күршім ауданы бойынша 26 мәдениет үйі бар. Шекаралық аудандарды дамытудың 2020-2024 жылдарға арналған кешенді жоспары негізінде бүгінге дейін 10 клуб үйі күрделі және ағымдағы жөндеуден өткен. Биыл он бірінші болып Теректібұлақ ауылының клуб үйі жөнделеді, мердігер анықталған. Боран, Қойтас ауылдарының клуб үйін жөндеуге жобалық-сметалық құжаттары өткізілген, үнемделген ақшаға күзге қарай жөндеу жұмыстары басталмақ. Қалған елді мекендердегі клуб үйлері де осы ретпен заман талабына сай жаңарып, пайдалануға берілетін болады.   

Айта кетсек, айналасы екі жылдың ішінде аудандағы клубтардың жартысына жуығы жөндеуден өтіп, ел қажетіне жараған.

Қатымхана үшін бос тұрған ескі мектеп ғимаратын жеке кәсіпкерге беру заңдылығы түсіндірілді. Ескі мектептің заңды құжаттарын қалпына келтіріп, облыстық коммуналдық меншіктен, аудандық коммуналдық меншікке алу керектігі, содан кейін ғана жекешелендіруге жатқызуға болатыны айтылды. Ауыл жұртшылығы қатымхананы өз күштерімен жөндеп алатындарын, ол үшін қаражат жинап жатқандарын жеткізді.


Көше жарығы

«Қойтастың көшелері қашан жарқырайды? Қашанғы қараңғыда қарманамыз?» дейді ауыл қариясы. Сұрақ өте орынды. ХХІ-ғасырда көше жарықсыз болуы ауыл әкіміне сын. Қиыннан қиыстырып, ебін тауып көшелерін жарқыратып отырған ауылдар баршылық.

Бүгінде Қойтас ауылында екі көшеге жарық орнатылған. Өкінішке орай қалғаны түнеріп тұр. Округ әкімінің айтуынша, 2023 жылға қалған 3 көшеге жарық шамдарын орнатуға, шағын футбол алаңын салуға тапсырыс берілген. Сондай-ақ биыл Қойтас ауылының Көктөбе көшесінің жолдарын жөндеуге 9,9 млн. теңге, мал қоршауларын және өткелек(раскол) салу үшін 6,3 млн. теңге қаражат бөлінген, қазіргі уақытта құжаттары реттелуде.


Арман болған ауыз су

«Ауыз су бойынша аудандық ТҮКШ бөліміне 2 блокты-модульдуік станция (БМС) орнату туралы ұсыныс берілген. Қойтас ауылындағы 2 колонканы 2014 жылы ауылға мектеп салынғанда сол кездегі аудан әкімі   мердігерден көмек сұрап құдық қаздырып, 2 колонка орнаттырып берген. Өкінішке орай, бір жылға жетпей сусорғысы(насос) істен шығыпты. Ауыстырылған су сорғының қуаты жетпей, тек мектепті ғана сумен қамтамасыз еткен. Колонкаларға су бармай қалған. Дәл қазір бұл 2 колонка ешқандай бағдарламаға кірмейді және ешкімнің теңгерімінде жоқ», - деп ауыл әкімі өз уәжін айтты.

- «Ауылда Ауыз су мәселесі өзекті екені рас. Ескі құдықтар әкімдіктің теңгерімінде емес. Әлі тиянақты зерттеуді қажет етеді. Биыл жобалық-сметалық құжаттарына ақша бөлуге өтінім берілген. Құжаттары реттеліп, қаржысы шешілген соң келесі жылдан бастап ауыз су тарту қолға алынатын болады. Елді мекенде құдық қазылып, блокты-модульдік станциямен тазартылған суды колонкалар арқылы жеткізу жобасы бұрыннан қарастырылған. Ауданда ауыз су мәселесі біртіндеп шешіліп келеді» - делінген аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы Мақсат Акрамовтың журналистік сауалымызға берілген жазбаша жауабында.

Хош. Осылайша жиында аталған проблемалық сұрақтардың нақты жауаптары беріліп, шешілу жолдары мен уақыттары тәптіштелді. Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Әзімбаев кездесуді аяқтай келе, ауыл маңындағы жерді қоршап алған шаруа қожалығына қатысты комиссия құрылып, заңдылығы тексерілетінін, бұзушылықтар орын алған жағдайда шара қолданылатынын айтты.

Мақала жазылып жатқанда аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Қуанған Қарағызовтан даулы жерге қатысты қосымша түсініктеме беруін сұраған едік.

«Қойтас ауылында барлығы 1279 бас ірі қара, 1851 бас қой-ешкі, 476 бас жылқы малы бар. Округ әкімінің мәліметінше екі табын сиыр, екі табын қой-ешкі және жылқы малы жайлауға шығып, ауылда малдың үштен бірі қалған. Қойтаста дәл қазір 5000га елдімекенге тиісті жері бар. Зоотехникалық есеп бойынша ауыл малына бұл жер көлемі жеткілікті болып табылады. Кәсіпкер Қабдуллин Арғынбек аталған жерді егістік ретінде жалға алып пайдаланып отыр. Ол жерді басқа біреу алса да игерілуін талап етеміз. Екінші жағынан сүт-тауарлы ферма ашатын жоспары бар. Оған жем-шөп қоры қажет болады. Ферма ашылса жергілікті адамдар жұмыспен қамтылады» деген жауап алдық. Әрине, жергілікті тұрғындардың төрт түлікпен ғана жан сақтап отырғаны шындық. Үкіметке алақан жаймайтын ауылда қосымша сүт-тауарлы фермалар ашылып жатса нұр үстіне нұр емес пе?! Әлгі, елу елдің қатарына қосылу деген тағы бар...

                                                                                        

                                                                                                                                                                                                                        Ернар ҚАБЕНҰЛЫ

 

Біздің Instagram-ға жазылыңыз

Жаңалықтарды жылдамырақ көріңіз

Жазылу

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив