KZ
Өскемен
+27°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, В
440.9 475.95 4.82

Дала күнінде дақыл өсіру тәсілдері талқыланды - ШҚО

30.07.2022, 07:54 127

Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығында дәстүрлі түрде аталып өткен Дала күнінде бұл жолы күздік және жаздық астық дақылдарының жаңа сорттарын өсіру тәсілдері паш етілді.

Бұл жолғы Дала күнінде бірнеше ондаған ауыл шаруашылығы құрылымдары мен тұқым өсірумен және оны жеткізумен айналысатын түрлі фирмалардың өкілдері басқосты. Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы базасында өткен шарада келген қонақтарға кәсіпорынның Краснодар қаласындағы П.П. Лукьяненко атындағы ғылыми-зерттеу институтының мамандарымен бірлесе сұрыптап шығарған бидай сорттары, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникалары мен құрылғылары көрсетілді. Жалпы, Солнечное кентінде орналасқан аталмыш шаруашылық бірінші кезекте ғылымға ерекше мән беретін өңірдегі бірегей шаруашылықтардың бірі болып келеді. Мұнда күздік және жаздық ауыл шаруашылығы дақылдарының шетелдік сорттары өсіріліп, салаға заманауи технологиялар үздіксіз енгізіліп отырады. Осының арқасында Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы бүгінде еліміздегі тұқым өсіретін ең ірі кәсіпорын болып саналады. Яғни, мұнда жылына 11 мың тоннаға дейін тұқым өсіріледі. Оған қоса, бұл шаруашылық өндірілетін отандық май дақылдарының 12 пайызын құраса, әр сауын сиырдан сауылатын сүт мөлшері бойынша екінші, ал сауылатын жалпы сүт көлемі бойынша бесінші орынды иеленеді.

Өндіріске тең қана жоғары сапалы тұқымдық материалдар қолданылатындықтан шаруашылықтың қазірде тек еліміздің ғана емес, сондай-ақ ТМД елдерінің шаруашылықтарын элиталы тұқыммен қамтамасыз етіп отырған жайы бар.

– Біздегі селекциялау өндірісі бір сәтке де тоқтамайды, – дейді «Астана-Бизнес» агрохолдингінің бас директоры Фарид Абитаев. – Біздің гибридтеріміз өзі тектес шетелдік материалдардан кем түспейді. Бұл әсіресе ылғалы аз аймақтарда ерекше байқалуда. Оның үстіне біздің гибридтеріміздің бағасы шетелдік тұқымдарға қарағанда анағұрлым төмен. Жыл сайын күздік және жаздық дақылдардың кем дегенде екі жаңа сортын сұрыптап шығаруға тырысамыз.

Кәсіпкер сегіз жыл бұрын өңірімізге таныс емес соя дақылын бірінші болып еккен болатын. Бүгінде экспорттық әлеуеті жоғары бұл дақылдың мұнда әр гектарынан 38 центнерден түсім түсуде. Бұл егіс алқаптарын суармаған кездегі көрсеткіш.

Шара барысында астық, бұршақ және майлы дақылдар өсірілетін көрме алаңында шаруашылықтың ғылыми қызметкерлері келген қонақтармен заманауи жер өңдеу технологияларымен, ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдеудегі жетістіктерімен бөлісті. Бұдан бөлек, нақты жер өңдеуге арналған техникалар, мехнизатордың уақыты мен күшін үнемдеуге бағытталған америкалық өндірістегі гидравликалық автопилоттар көпшілік назарына ұсынылды.

Осылайша Ресейден, Өзбекстаннан және ел өңірлерінен келген ауыл шаруашылығы мамандары үшін аталмыш кездесудің пайдалы жақтары мол болды. Жармалық «Шалабай» шаруашылығының атқарушы директоры Олжас Ибрагимов шара барысында өз шаруашылықтары үшін баға жетпес тәжірибе жинақтап қайтқанын алға тартты.

– Біз Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығымен әріптестік орнатып келе жатқанымызға бірнеше жылдың жүзі болды. Бұл жерден түсімі жоғары тұқымдық материал аламыз. Осының арқасында шаруашылығымыз өз өңірімізде түсім мен сапаның жоғары көрсеткіштеріне қол жеткізіп келеді, – деп қосты Ақмола өңірінен келген «Камышенка» ЖШС-нің бас директоры Дүйсенбай Ілдебаев.

«Дала күні» өсірілген дақылдар мен техниканы көрсетумен ғана аяқталған жоқ. Сондай-ақ, көптеген шаруашылықтар астық және мал азықтық дақылдарды өсіруде ғылыми және технологиялық бағыттағы қолдаулар алу бойынша келісім-шарттар бекітуге мүмкіндік алды.

 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив