KZ
Өскемен
+18°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, З
448.56 478.03 4.79

Білімімен «Болашақты» бағындырған басшы

29.07.2022, 12:16 336

Қазір қазақ қыздары қайсарлығымен қатар білімімен де биікті бағындырып жүр. Әлдиін айта жүріп, әлемнің бірқатар тілін меңгергендері баршылық. Жаһандық технология тетігінің тілі мен қыбын тапқандары да жоқ емес. Отанға қызмет қыла жүріп, отбасын да бақытты ете біледі. Қысқасы, қазақ қыздарының қолынан бәрі келетінін дәлелдеп келеді. Осындай тілі жүйірік, ойы озық, білімді һәм білікті басшы қыздардың бірі – Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық универсиетінің ректоры Сәуле Жәдігерқызы.

Саналы ғұмырын ғылым мен білім жолына арнап келе жатақан Сәуле Рахметтулинаның білімі терең, еңбегі ерен. Ұлттық құндылық жолындағы ұстанымы айқын. Білімнің телегей теңізіне бағытталған жүйелі жоспары, игілікті ісі көп. Ол қашан да қасаң қағида, ескі танымға есесін жібермеуді мақсат еткен. Шыншылдықтың шыңынан көрінуді көздеп келеді. Сондықтан да: «Басшы болу біліміңе білім, тәжірибеңе тәжірибе қоспайды, басшы болу басыңдағы жауапкершілікті 3-4 есеге көбейтеді» дейді.

- Жұмыста жоғары сатыға көтерілу үшін қосымша білім алып тұру керек. Мәселен, қазір ағылшын тілін меңгеріп жатырмын. Сол тілдегі түрлі фильм, мультфильмдер көремін. Әйел болған соң, жұмыстан бөлек өзге қызығушылықтармен көңіліңді бәр сәтке болсын аулағың келеді. Дәмді тағам жасап, үй тірлігіне араласамын, әдеттегідей. Одан бөлек зумба билеймін. Зумба - көңілді көтеріп, энергияны толтыратын би. Рахаттанамын. Жұмыста әр түрлі жағдайлар болады. Зумба билегенде бүкіл негативті шығарып, жақсы нәрселерді ғана ойлаймын. Оның барлығын қай кезде істеймін? Қолым босаған уақытта. Көптеген әйелдер қолы босаса, өзін дамытумен емес, тұрмыстық жұмыстармен айналысады. Ол дұрыс емес деп ойлаймын. Адам өзіне де инвестиция салуы керек. Тек өзім ғана емес, университет ары қарай дамуы үшін, біздің қызметкерлер де шет елден келген әріптес, студенттермен бір деңгейде, бір толқында болып, еркін сөйлесіп, қарым-қатынас құрып, зерттеу жасап, ғылыми мақалаларды бірге жаза алуымыз үшін тілді жетік меңгеруіміз керек. Шетелдіктерге де «қазақтар осындай екен ғой» деп тануларына оңай болады, - деп бастады әңгемесін ректор. 

IMG_9801.jpg

Сол табандылығының арқасында Сәуле Жәдігерқызы биыл «Болашақ» бағдарламасының тағылымдама гранты бойынша Вашингтон университетінің грант иегері атанған. Осылайша жаңа оқу жылын өзге құрлықта қарсы алмақ. Ректордың айтуынша, бір ғана универсиеттің 11 қызметкері аталмыш бағдарламамен грантын ұтып алған.

Иә, жауапкершілікті арқалау үшін де үлкен батылдық, табандылық керек. Бастысы - жақындарыңның сені мен қолдауы. Ал бұл сенім мен төзім бала кезден бойда қалыптасады. Сәуле Жәдігерқызы Катонқарағай ауданында зиялылар отбасында дүниеге келген. Әкесі Қазыкенов Жәдігер Есімханұлы көп жыл мектеп директоры болып қызмет атқарған. Жай директор емес, кризис-менеджер. Шығыс Қазақстанда бірінші болып «Дарынды балаларға арналған лицей-интернатын» ашқан ерен тұлға.

-  Кеңес кезінде қай жерде мектеп салынбай жатыр, қай жерлерде оқу үлгерімі төмен, тағы да басқа мәселелер болса, сол жақта әкем жүретін. Қазір 12 жылдық білім беруді енді енгізіп жатыр ғой. Әкем сол 90-шы жылдары 12 жылдық мектеп ашуды бастап кеткен. Алғашқы түлектеріне келер жылы 30 жыл болады. Түлектер колледждің және мектептің де аттестатын алып шықты. Лицейден өте мықты мамандар шықты. Лицейдің ең бір ерекшелігі, жүйесі мынада – әр апта сайын университет ұстаздары қосымша білім ретінде мектепке барып сабақ беретін. Балалардың да оқу-ғылымға деген құштарлығы ерекше еді, - деп өткен шақты еске алады Сәуле Жәдігерқызы. 

IMG_9544.jpg

Мектеп бітіргеннен кейін Сәуле Рахметуллина Новосібір университетіне оқуға түсіп, онда «Механика, математика» мамандығын тәмамдайды. Кейін Өскеменге қайтып келіп, қаладағы оқу орындарында еңбек жолын бастайды. Қазір ректорлық етіп жүрген университетте IT саласында кандидаттық диссертация қорғап, экологиялық жағдайдағы ақпараттық технологиялар мәселесін, әсіресе, атмосферадағы мәселелерді қаузайды. Университетте аға оқытушы, математикалық және компьютерлік модельдеу кафедрасының меңгерушісі, стратегия жөніндегі проректор, ары қарай ректорлық қызметке тағайындалады.

- 15-20 жылдай уақытым таза білімге кетті. Босқа уақыт өткізіп, оқуға осыншама уақытты жұмсағаныма еш өкінген емеспін. Өзімді өзім дамыттым. Басшы болу деген айттым бітті деген емес, басшы болу деген алдымен жауапкершілік. Әлі де бос уақыт болса, жаңа курс, жаңа кітап, жаңа технологияларды, жаңа трендттерді оқу - әр уақытта қызығушылығымды тудырады. Себебі мына дүние қазір тез өзгеріп жатыр, - дейді университет ректоры.

IMG_9519.jpg

Кеңес кезінде ашылып, техникалық мамандардың даярлауда ұстахана болған Д. Серікбаев атындағы техникалық университетке басшылыққа келуі Сәуле Жәдігерқызының өмірінде ірі белестердің бірі еді. Ректор-әйел қазір инженерлік мамандықтардың деңгейін көтеріп, маңыздылығын көрсетіп жатыр. Ел президентінің «инженерлердің жаңа буынын дайындауымыз керек» деген сөзін естен шығармақ емес. Универсиетет бүгінде инженерлерді Washington Accord стандартына сай дайындауда. 

- Біздің оқу бағдарламаларда жалпы білім беру тәртібіндегі пәндер көп, яғни теория. Ал Washington Accord стандарты бойынша техникалық жағынан тәртіп болуы керек. Қазақ инженерлері көп болсын деп жұмыс істеп жатырмыз. Осылайша Университет халықаралық жағына қадам басып келеді. Оның үстіне студенттерді қабылдап, жұмыс қайнап жатыр. Ең қиыны - түлектерге университеттің әр жақты деңгейін көрсетіп, ақпарат беру. Мәселен, кейбір балалар тек қана грантқа түссек деп ойлайды. Оларға қандай маман болып шығатыны, ары қарай ол салада жұмыс істей ме, бәрібір. Қай бағытты таңдарын білмей келген түлектерге кәсіби көмек көрсетеміз. Негізінен тау-кен ісі мен ақпараттық технологияларға басымдылық береміз. Не таңдарын білмей тұрған балаларға ақпараттық технология мамандығын ұсынамыз. Себебі IT қазір кез келген салада бар, өлмейді, - деп қосты Сәуле Рахметуллина. 

IMG_9737.jpg

IT, инженерия демекші, Сәуле Жәдігерқызының екі бірдей баласы мен өмірлік жолдасы да осы салада. Жолдасы екеуі балаларының болашағын мектеп кезден айқындап берген. Қызы Айсұлу Қазақстан-Британ университетінде, одан ары Мюнхен университетінде IT саласында маман болып, қазір Ирландиядағы алпауыт Google компаниясында қызмет етіп жатыр. Ұлы Өскемендегі үздік мектепті бітіріп, Германияда Бохум-Рур университетінде «Машина жасау» мамандығы бойынша білім алып жатыр.

-  Ұлымыз да физика-математика жағынан жақсы, алайда тіл меңгеруде басымдылық беретін Өскемендегі 10-шы мектеп-гимназияға бердік. Мектеп қабырғасында жүріп, неміс және ағышын тілдерін жетік меңгеріп шықты. Себебі қазір әлемде көптеген компаниялардың техникалары Германиядан шығып жатыр. Осылайша балаларымыздың болашағын мектеп кезінде айқындап, оларды сол жолға бағыттадық. Қазір ұлым Германияда Рур-Бохум университетіне өз күшімен грантқа түсіп, білім алып жатыр. Оқуын бітірген соң Қазақстанға келіп, елге қызмет ететін шығар деп отырмыз. Машина жасау - өте қажетті мамандық. Бұл салада маман тапшы. Көптеген адамдар машина жасау деген машина құрастыру деп ойлайды. Ол кез келген аппаратты құрау, - дейді әуелі балаларының, содан соң елінің қамын жеген ана. 

IMG_9613.jpg

Қазір экология мәселесі елді елеңдетіп, халықтың уайымына айналды. Әсіресе Өскеменнің ауа сапасы...Сәуле Рахметуллина өз сөзінде «Атмосферадағы ауа сапасын мониторингілеу» бойынша ғылыми зерттеу жүргізгенін атап өткен еді. Десе де, ғалым да өзге де ғалымдар сияқты жаңа желдеткіш технологияларға көшпей, ештеңе өнбейтінін, оның үстіне халықтың кәсіпорын жабу талабы ешнәрсе шешпейтінін, қайта экономикамыз құлдырайтынын айтады.

- Бұл қаланың негізгі кәсіпорыны сол - зауыттар. Зауыттан түскен салыққа қаланың инфрақұрылымын, медицинасын дамытады. Кейбір адамдар түсінбейді. Егер бұл зауыттар жабылса, ел экономикасы тұрып қалады, жұмыссыздар көбейеді. Жалпы өмір сүру сапасы нашарлайды. Дегенмен кәсіпорындар технологияларын жаңартып, ақырындап өзгертуде. Экологиямыз тек кәсіпорындар мәселесімен шектелмейді. Өскеменде көлік саны қала тұрғындарының санынан көп. Егер экология мәселесі қатты алаңдатса, жаяу немесе велосипедпен жүруге тырысу керек. Қалада тұрғанда жұмысқа жаяу барып, жаяу келетінмін, қазір қала сыртында тұратындықтан, көлік жүргізуге тура келеді.

Экология әр адамның санасында. Бірте-бірте сол мәдениетке келеміз деп ойлаймын. Үшіншіден, көмір сапасына да өте қатты байланысты. Қыста да, жазда да ыстық суымызды кәсіпорындар жылытып отыр. Жылытып отырғаннан кейін отын-көмір жағып отыр. Көмір жанғаннан кейін ауа да ластанады, - дейді Сәуле Жәдігерқызы.

IMG_9899.jpg

Осылайша, ректор біреудің іс қылғанын не әкімдікті күтпей, әр тұрғын ауа сапасын, экологияны жақсартуды ойлап, көптеп жасыл желек отырғызып, күтіп баптаса дейді. Мәселен, ректордың гүлге, оның ішінде Орхидея өсімдігіне деген ықыласы ерекше. Тіпті университетте «Орхидариум» бөлмесін де ашқан.

Иә, Сәуле Жәдігерқызы жасандылықтан ада жандардың қатарынан екен. Әрбір іске ғылыми тұрғыдан баға беруді ұстанымына ұстын, тәжірибесіне таған еткен. Ол осындай болмысымен ортасына сәуле шашып тұратын сынды. Басқалардан білімі арқылы даралынып тұратынын аңғардық. Әсілі, Абай айтқан «толық адам» осындай қасиеттердің жиынтығына құралса керек-ті.

 

 

Сұхбаттасқан Назерке Сәлімбекқызы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив