Өскеменде тұрғындардың өмірі мен мүліктеріне ешқандай қауіп жоқ - әкім
10.01.2022 | 12.47
0
206
Өскемен әкімі Жақсылық Омар қаладағы қазіргі жағдайы бойынша ақпарат берді. Шаһар басшысының айтуынша, жағдай тұрақты және азаматтардың өмірі мен мүліктеріне ешқандай қауіп жоқ, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Қала аумағында тәртіпсіздік себептерін зерттеу және кінәлілерді жауапкершілікке тарту бойынша Құқық қорғау органдары іс-шараларды жалғастыруда.
- Лаңкестердің жолын кесіп, тұрғындардың қауіпсіздігін сақтағаны және зиянкестік жасаудың алдын алғандары үшін құқық қорғау органдары мен қарулы күш қызметкерлеріне қала халқының атынан алғыс айтамын. Олардың жедел қимылының нәтижесінде еліміздің басқа өңірлеріне қарағанда Өскемен қаласында қылмыстық әрекеттерінің кесірінен келген шығын әлдеқайда аз болғандығын атап айтқым келеді, - дейді Жақсылық Омар.
Қалалық әкімшілік тарапынан қаланың тұрақты тыныс-тіршілігін сақтау шаралары қабылданған екен. Барлық коммуналдық кәсіпорындар қалыпты жұмыс істеуде, жылу, су және электрмен қамтамасыз ету қалыпты жағдайда қызмет көрсетуде. Қоғамдық көлік қатынасы, көшелерді қардан тазарту, қоқыс жинау және тазалық жұмыстары тұрақты жұмыс атқарып жатыр.
- Өз тарапымнан қаламыздың барлық азаматтарына осындай қиын-қыстау кезеңде ақыл мен парасат, азаматтық ұстамдылық танытқандары үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Бүлікшілер мен ел арасына іріткі салушылардың жоспары жүзеге аспады, біздің бірлігіміздің арқасында жағымсыз жағдайлар орын алған жоқ. Әсіресе, қаламыздың коммуналдық мекемелерінің қызметкерлері мен жедел қызмет мамандарына ерекше алғысымды білдіремін, өйткені олар осы кезеңде халыққа жағдай жасап, өз жұмыстарын бір сәтке де тоқтатпай, жұмыла еңбек етті! Осы бір күрделі кезеңде біздің қаламызда күш көрсету және лаңкестік әрекеттерге жол берілген жоқ, - деді әкім.
Комментарии (0)